Жаңалықтар

Қыз – БОЛАШАҚ АНА

Қыз – БОЛАШАҚ АНА

Қазақ «Қызға қырық үйден тыйым», «Қызым үйде, қылығы түзде» деп, олардың жүріс-тұрысына, ұлттық тәрбиеден алшақтамауына айрықша мән берген. Дегенмен гендерлік саясат, әйел теңдігі нәзікжандыларды қолдауға арналғанымен, кейбір тұсы біздің дәстүрлі өмір салтымызға біртіндеп болса да кері әсерін тигізуде. Бір мысал ретінде уақытында асыл жар атанып, ұрпақ көбейтеді деген қыз балалардың қызмет қуып жүріп уақыт өткізуі, тағы бірінің жігітке қояр талабының таудай болуының салдарынан ата-анасының қасында отырып қартаюын айтсақ болады. Жалпы әлемдегі әрбір мемлекет өзінің Конституциясына сәйкес, сыртқы және ішкі саясатпен айналысатыны белгілі. Атауы айтып отырғандай, сыртқы саясат – шет мемлекеттермен жүргізілетін қарым-қатынас, ал ішкі саясат – мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, жаһандану процесiнен қалмай, алға қарай даму үшін қажетті тетіктердің бірі. Біз сөз еткелі отырған тақырып, соңғы жылдары ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғымның қоғамда қарқынды жүзеге асырылуы. 2000 жылғы қыркүйекте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитінде әлемдік көшбасшы елдердің лидерлepi «БҰҰ Мыңжылдық декларациясын» қабылдады. Декларацияның сегiз мақсатының бiрi – гендерлiк теңдiктi қолдау. Дұрыс, гендерлік теңдікті қолдау аса қажетті мәселе. Десе де біз қазаққа, ұлтқа, мемлекеттілігімізге жат өзге елдердің қаңсығын таңсық көрмей, гендерлік теңдік мәселесіне келгенде ұлттық тәрбиеден ажырамай, ата-бабамыз өсиет еткен есті сөздерді қаперден шығармауымыз керек. «Gender» сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда «жыныс» (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi. Ал гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет. Еліміз тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамыту мақсатында үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Біздің елімізде гендерлік саясаттың міндеттеріне – билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы; экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бабымен көтерілу; отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру; жыныс белгілері бойынша күштеу бостандығы жатады. Қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Былтырғы қаңтар айындағы мәлімет бойынша, елімізде 9,84 миллион әйел бар екені анықталған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Яғни елдегі әйелдер саны республикадағы жалпы халық санының 51,4 пайызын құрап отыр. Сондықтан гендерлік теңдікке қатысты көптеген мәселенің белең алуы заңдылық. Себебі қоғам үздіксіз даму процесіне түскелі бері ерлер мен әйелдер үшін норма саналатын құқықтар һәм міндеттер, дәлірек айтсақ, гендерлік рөлдер біраз түрленіп, өзгеше бағыт ала бастады. Осы саясаттың сырын түсінбей, әйел деген азат деп ұрандатып жүрген бойжеткендердің саны да жылдан-жылға артуда. Бүгінде түндігі желбіремей, оң жақта отырып қалған қыздардың саны бір жыл бұрынғы статистика бойынша 350 мыңға жетіп қалыпты. Яғни жыл сайын «кәрі қыздар армиясы» көбейіп барады. Мұны демографтарымыз қауіпті құбылысқа балап отыр. Заңды некеде тұрған ақжаулықтылардың төрттен бірін 16 мен 49 жас аралығындағылар құрайды екен. Мамандар соңғы жылдары отбасын құрған арулардың қатары 6 есеге дейін төмендеп кетті деп дабыл қағуда. Қазіргі жастардың 30-40 пайызы отау құруға құлықты емес. Себебі олар үшін бала табу емес, жан бағу бірінші кезекке шықты. Елімізде «кәрі қыздардың» санын көбейтіп жүрген, мансап қуып, отбасылық құндылықтарды екінші сатыға түсіріп тастаған қыздарымыз қаншама. Әуелі материалдық жағдайды ойлайтын олар тұрмыс құруға келгенде тізгінді тарта тұруды жөн көреді. Жастардың отау құруына ынталы еместігіне бірнеше мәселелер басты себеп. Жалақының аздығы, баспананың болмауы, материалдық жетіспеушілігі осындай мәселелерге кезіктіріп отыр. Қыздардың көпшілігі ілім қуып, жастық шағын сарп етсе, жігіттердің дені «материалдық жағдайымды түзеп алайын» деген ниетпен уақытын өткізіп алады екен. Оның үстіне қыздардың денінің кілең әйелдер ғана жұмыс істейтін ортада қызмет етуі өмірлік жолдас табуына кедергі келтіріп жатады. Қоғамда ұрпақ жалғастыруға қатысты етектен тартар тағы бір қауіпті құбылыс қылаң беруде. Нақты айтқанда, уақыт өткізіп барып шаңырақ көтерудің кесірі «кәрі қыздардың» көбеюімен ғана шектелмей, олардың дүниеге ұрпақ әкелу қабілетін де қиындата түсті. Дәрігерлер тұрмысқа кеш шыққан қыздардың үштен бірінің ұрпақсыз қалуы мүмкін екенін айтады. Яғни біз «кәрі қыздар» проблемасын да алдымен шешіп алуымыз қажет. Бірақ оның жолы қандай? Мәселенің төркіні осында жатыр. Біреулер «тоқал алу мәселесін түбегейлі шешу керек» дейді. Оған кеңестік идеологиямен құрсауланған бәйбішелер дес бере ме? «Егер екі-үш әйел алу туралы заң шықса, отбасы аталатын шағын мемлекеттердің «соғысы» басталып кетуі кәдік емес» деп қауіптенетіндер де бар. Сонымен, бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Сондай-ақ елімізде «кәрі қыздардың» көбеюі демографиямызға да үлкен соққы екені сөзсіз. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолы жеңгетайлық дейтіндер де табылады. Алайда екі жастың жаманын жасырып, жақсысын асырып, үйленуіне сеп болатын жеңгетайлардың да бүгінде аузы күйген. Оған себеп – жастардың мінезі. Өйткені бүгінгі жастардың психологиясы мүлдем бөлек. Эгоизм дертіне тұсалғандар өзінікін жөн санап, «менікі дұрыс, неге мен төмендеуім керек?» деген сияқты отбасын сақтап қалуды емес, өзінікін жөн деумен-ақ діңкелейді. Мұндайда «Бәледен машайық та қашыпты» дегендей, ертеңгі күні «сен тауып бергенсің» деген өкпе мен налаға қалудан тайсақтайтын жеңгелеріміз екі жасты табыстырудан айналып қашатын болған. Мамандардың айтуынша, «кәрі қыздардың» орташа жасы – 40 жас. «Көн етіктіні менсінбей, көк етіктіні іздеп жүргенде» уақытын өткізіп алатындардың дені жоғары білімділер. Ал «тақиялы періштелердің» саны да аз емес. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бүгінде «Әйел мен ердің теңдігі бірдей тұру керек» деген ұстанымға қатты беріліп кеткен қыз-келіншектеріміз біртін-біртін Батысқа еліктеп бара жатқандай көрінеді. Мұның тағы бір басты себебі болып отырғандар – психолог-коучтар. «Әйелдің басты мақсаты – нәзіктік, отбасын құру, ана бақытын, әйел бақытын сезіну» деп кеңес беретін, үлгі алуға тұратын психологтар аз. Кеше ғана отбасын құрып, отбасылық құндылықтар туралы ақыл айтып шыға келетіндерді айтпағанда, «әйелдер де ерлермен теңдей табыс табу керек» деп үгіт-насихат жүргізіп жүргендер де санаулы. Десек те психологтардың көмегіне жүгінуден бұрын өмірде көргені мен түйгені көп батыр аналарымыздан, асыл әжелерімізден кеңес сұрасақ, тегін мотивация болары анық. «Қыз деген ана, ана деп қана бағала, оны бағала» демекші, қыздың өмірдегі ең үлкен жетістігі – асыл жар, аяулы ана болу. Қазір осы бақытты бағалай алмайтын жастар көп. Қыздар өз бағытынан тайып кетпеуі керек. Ақшаның жетіспеушілігінен көп қыздар мансап қуып кетеді немесе олардың түзу жолдан тайқуы отбасылық тәрбиенің осалдығынан. Ол әр қыздың санасына байланысты. Отбасы мен мансапты қатар алып жүре алатын ақылды әйелдер де көп қазір. Әрине, ері қамқор, әйелі ақылды болған шаңырақ бақытты болады. «Менікі дұрыс» деп менмендікке салмай, өзара түсінісу керек. Кейде соқыр, кейде мылқау болып, тек жақсы кездерді есте қалдыру қажет. Әйел отбасында, ошағының қасында әдемі. Тағдыр әркімді әртүрлі сынайды. Ешкімге ешқашан еліктемеу қажет. Қыз кезінде еркін болсын, ерке болсын, бірақ әйел ерден қаймығу керек. Әрине, әйелдің жалғыз жүруіне тек мансап қууы ғана кінәлі емес екені анық. Бүгінде ажырасу белең алып тұрған шақта отбасын құрып, оны сақтау қиын. Әйелдің нәзіктігін ұмыттыратын ер азаматтардың да қарасы қаншама. Мансаптың соңында кететін әйелдердің басым бөлігі – ажырасқан әйелдер қауымы. Отбасыларын сақтай алмағаннан олардың психологиясында отбасылық өмірге деген нашар көзқарас пайда болады. Салдарынан артынан ерген құрбы, сіңлілеріне отбасын құруға асықпауға кеңес береді. Сондай-ақ материалдық жетіспеушіліктің құрбаны болмас үшін бірінші кезекте табысты болуға үйретеді. Тек отбасылық тұрғыдан емес, қыз баласының бала күннен жоқшылықта өсуі де осыған әкеліп соғады. «Қызды жоқшылық құртады» дегендей, жетіспеушілікте өскен қыз баласы өскенде бай-қуатты өмір сүру үшін табыс табудың соңына түсемін деп, басты мақсатын ұмыт қалдырады. Жалғыздықты ту еткен қыздардың басты мәселесі тек жетіспеушілік, болмаса мансаптың соңында кетуі емес, соның ішінде күнде естіп-көріп, тіпті естігенде елең етпейтіндей дәрежеге жеткен зорлық-зомбылықтың құрбандары да бар. Жоғарыда айтқан орамды ойларды қорытындылай келе, елімізде кәрі қыздардың көбеюі жігіттерге сын ба, әлде аруларымызға мін бе? Алдағы уақытта қазақтың әр қызы өз жарын кездестіріп, сәби сүйіп, бақытты өмір сүреді деген тілектеміз. Қазақтың әр қызы бақытқа лайықты, тек сол бақытты болашақ жарынан көре білсе екен. Айбар ТАЛАСБЕК