Өз отыңды өшірме
Өз отыңды өшірме
Гендерлік саясат десе ойымызға бірден әйел теңдігі туралы мәселе оралатыны белгілі. Жалпы гендерлік саясатқа қатысты әңгімені ер мен әйелдің арасындағы теңдікке қатысты қозғайтын болсақ, тумысынан нәзік болып жаратылған әйелдер қанша талпынса да еркекпен күш жағынан иық теңестіре алмайтыны белгілі. Еркектің әйел алдындағы Құдай берген бір артықшылығы осы. Бірақ еркектің өз күшіне сеніп әйелге үстемдік етуіне қай қоғамда болсын жол берілмейді. Ақылы, намысы бар еркек те әйелге әкіреңдеп, қоқан-лоқы көрсетпеуі қажет. Алайда, соңғы уақыттарда болашақ бақыты үшін шаңырақ көтергенімен, отбасылық өмірдің тауқыметіне шыдай алмай айырылысып кетіп жатқан жас жұбайлар аз емес. Қол ұстасқан жұптардың көңілі түрлі себептерге байланысты жараспай жатады. Жалпы қолданыстағы заң күйеуінің әйеліне, енесінің келініне күш көрсетуіне жол бермейді. Өйткені әлсіз әйел бүгінде заңмен күшейген. Мұндай отбасылық жанжал барысында еркек заң арқылы тәубесіне келмесе, жауапқа тартылады, неке де сот арқылы бұзылады. – Менің ойымша заң әйелдерді қорғау жағынан күшіне енген сайын қоғамда ажырасу көбейіп бара жатқан сияқты. «Баланы жастан, қатынды бастан» деген қағидамен өмір сүрген қазақтың бүгінгі ұрпағының бірі әйелін тәрбиелеуде әлсіздікке ұрынып жатса, кейбірі сотталып кетпес үшін қосағына бағынуда. Тағы бірі әйелі дегенін істеп-бағып, беттен алып, төске шапқаннан кейін, өз ошағын тастай қашуға мәжбүр. Негізі кейбір әйелдің есіруі, кейбір еркектің есерсоқтығы неден орын алады? Алдымен осыны анықтау қажет сияқты. Әйелдердің арасында да күйеуімен айырылысып кетіп, алимент есебінен қыдырып, көңіл көтеретіндер де бар. Күйеуінен көрген қорлыққа шыдай алмай айырылысып, басына түскен қиындыққа төзіп, күресіп жүрген жаны асыл ақжаулықтылар да жетерлік. Негізінде заң әйелдер жағына шыққалы және оларға барлық мүмкіндік жасалғалы бері кейбір нәзікжандылар еркектің табысына тәуелді болмауды, күйеуінің кір-қоңын жуып, асын дайындауды өзіне қор санап, айырылысуда. Әйелдің, еркектің отбасындағы өз міндеті бар. Соны әркім дұрыс орындаса, мұндай мәселе туындамас еді деп ойлаймын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Көпбай Әдек. Осы мәселе бойынша облыстық қиын жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығының заңгері Айдана Биғабыловамен тілдескенімізде, ол мекеменің 8 бағыт бойынша жұмыс істейтінін жеткізді. Заңгер мекемеге мамандардан көмек сұрап әртүрлі әйелдер келетінін, олармен бірінші кезекте психолог мамандар жұмыс жүргізетінін, ал өзі қазіргі атқарып отырған лауазымы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің мүддесін қорғайтынын сөз етті. – Дегенмен қоғамда әйелдер арасында сіз айтқан бейнедегі кейіпкерлер де кездесетіні рас. Бірақ орталықтың басты міндеті – отбасын сақтап қалу. Бірақ кейбір отбасы сынған шыны сияқты. Қалпына келтіру мүмкін емес. Ана – отбасының ұйытқысы. Ер адаммен қанша санассақ та, қанша жерден «теңдік бар, заң бар» дегенімізбен әйел адам бір саты емес, еркектен он саты төмен тұруы керек. Ерін құрметтеп басын төрге сүйрейтін де, намысын таптап, керісінше төрдегі басын көрге сүйрейтін де әйел. Қазіргі уақытта көмекке жүгінетін әйелдердің тең жартысы осы іспеттес қыз-келіншектер болғаны мені де өкіндіреді. «Жақсы әйелдің қолы ұзын, жаман әйелдің тілі ұзын» дейді дана халқымыз. Қазіргі кейбір қыз-келіншектердің тілі ащы. Өмірдің қиындығынан ашынған соң жүре қалыптасқан мінез бе, әлде ата-ананың бала тәрбиесінде жіберген қателіктерінің салдары ма?! Мен мұны тап басып айта алмаймын. Қазақ әйелінің кейпі көрікті, қылықты, ақылды, ұстамды болып бейнеленеді. Бұл қоғам. Әртүрлі адам бар. Бірақ бәрін тәрбиелеп, түзеу мүмкін емес. Сондықтан қанша әлемдік саясатқа еліктеп, ер мен әйелдің теңдігі деп ұрандатқанымызбен саналы ұрпақ өсіру үшін әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесіне баса мән беріп, қазақи болмысымызды, ұлттық құндылықтарымызды балаларымыздың бойына сіңіре білуі керек. Ұлттық тәрбиенің мәйегі бар жерде отбасы арасында жанжал мен ұрыс-керіс болмас еді, – дейді А.Биғабылова Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі Зухра Құлатаева әр еркек шын мәнінде нәзікжандыларға қыз, ана, әже деп қараса, ешқандай мәселе туындамайтынын айтады. – Кез келген қыз баланың өмірі әртүрлі кезеңдерден тұрады. Өмірге келгеннен кейінгі сәбилік шағы, балабақшаға бару, мектеп бітіру сәті, жасөспірімдік уақыт, ұзатылуы, жүктілік кезеңі, ана статусын иеленуі деп жалғаса береді. Әр кезеңнің өзінің жүктейтін жауапкершілігі де зор. Тұрмысқа шығып, әйел атанғаннан кейін қыз бала бақытын отбасынан табады. Ерін сыйлап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу – бақыттың кілті. Әйел осы мәселеде қателік жібермеуі керек. Әйелдің отбасындағы басты рөлі – отбасының берекесін келтіру, тыныштықтың шырақшысы болу. Әйел – отбасының негізі. Ол отбасылық өмірдің барлық аспектілерімен айналысады. Әйел үшін отбасы мен отбасылық қарым-қатынас маңызды. Жұмысы жақсы, табысы жақсы болса да, отбасында бәрі ойдағыдай жүрмесе де, әйел өзін бақытты сезінбейді. Оның міндеттеріне балаларды күту, үйдегі заттарды ретке келтіру, отбасында үйлесімді психологиялық жағдай жасау кіреді. Ал ер адам бұл шаруаны істемесе де қажет кезде әйеліне оған көмектесуі керек. Әйел күйеуінің қамқорлығын, құрметін сезінбесе, оған деген қарым-қатынасы уақыт өте келе өзгереді. Ер адам әйелге не салса, соны қайтарады, ең жақсы бағбанның гүлдері ғана ең әдемі болып өседі, – дейді Зухра Құлатаева. Сондай-ақ қордайлық маман әрбір әйел бақытты болуды армандайтынын, бірақ, өкінішке қарай күнделікті өмірде отбасында тыныштық әрқашан орнай бермейтінін меңзеді. – Статистикаға сүйенсек, зорлық-зомбылық фактілері әрбір алтыншы отбасында кездеседі. Әдетте «тұрмыстық зорлық-зомбылық» тіркесі физикалық зорлық-зомбылық деп түсіндіріледі. Мұнда зардап шеккендердің көпшілігі әйелдер мен балалар, ал кінәлі – ер адам. Деспотизм, айғайлау, қорлау, қол жұмсау сияқты жағдайлар орын алатын мұндай отбасыларды бақытты деп атауға бола ма? Мұның жауабы бар. Үйде мұндай атмосфера орнаса, ең жақын адамдар жауға айналады. Бақытты отбасы мүшесі отбасын тезірек көргісі келіп, үйіне жүгіреді. Ал хаос билеген отбасыларда ерлі-зайыптылар бөтен адамға айналады. Күнделікті ұрып-соғу, қорқыту, тіпті соңы өз-өзіне қол салуға дейін апаруы мүмкін. Мұның соңы көбінесе ауыр салдарға әкеліп соғады. Содан кейін қоғамда дала кезген ана, тәрбиесіз қалған бала көбейеді. Отбасылық қатынастар саласындағы көптеген заңсыз әрекеттер жасырылған. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуді қиындатады. Көптеген әйелдер отбасындағы мәселелерді жариялауға қорқады, олар туыстары мен таныстарынан ұялады. Сондай-ақ олар отбасындағы қарым-қатынасты ушықтырғысы келмейді. «Мұның соңы ажырасуға әкеледі» деп қорқады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін тәртіп сақшылары мен басқа да мамандардың мақсаты – отбасы шырқының бұзылуына жол бермеу және жұптарды ажырастырмау. Бірақ бұл қарым-қатынаста қалу-қалмауды әйелдің өзі шешеді, – дейді З. Құлатаева. Біздің сөз етіп отырғанымыз еркегін ес, сөзін сес тұтпайтын, өзін олардан төмен қоюға арланатындар жайлы болып отыр. Дегенмен әр еркек отбасын сақтап қалуы, балалары бақытты өмір сүруі үшін барлық амалды қолдануы қажет. Оның ішінде ең құндысы – әйелді мақтап болса да өзіне иітіп, баланы амалдап болса да ұлттық тәрбиемен сусындату. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com