Жаңалықтар

Әл-ауқатты арттырудың бағыттары

Әл-ауқатты арттырудың бағыттары

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынша айтсақ, әне-міне «әлхамдулла, 20 миллион болдық» дейтін күнге де жеткелі отырмыз. Енді сонша халықты қалай асыраймыз деуге де, демеуге де болады. «Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар-ды. Өйткені демографияның өсуі – экономиканың тірегі екені заңды құбылыс. Күнкөрістің өзгерісі Егемендіктің елең-алаңында кедейшілік пен жұмыссыздық, тұрақсыздық пен әлеу­меттік шиеленістер шегіне жетіп, тоқса­ныншы жылдардың тоқырау кезеңіне тұспа-тұс келген еліміз оны да еппен еңсеріп шыққаны бүгінде баз біреулерге ертегідей-ақ көрінуі мүмкін. Әйткенмен азаттықтың алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінен бастап мемлекет халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік қолдау шараларын бірден қолға алып, қордаланған түйткілдің түйінін шешуге белсене кіріскені белгілі. Оның куәсі – халықтың мазасы қашқан сонау тұста негізгі заңда еліміз «әлеуметтік бағдарлы мемлекет» деп жарияланғаны еді. Осылайша, әлеуметтік бағытқа ерекше басымдық берілгені рас. Оның аясында халықтың демографиясы мен әл-ауқатын дамыту мақсатында мемлекеттік ұзақ мерзімді стратегиялық бағдар белгіленіп, еліміз нарықтық экономикаға сай әлеуметтік қолдаудың жаңа үлгісін жасауға бел буды. «Атыңа батса алтын ер, алып ұр да, отқа жақ» демей ме, халқымыз. Жұрттың арқасына аяздай батқан батпан ауырлық аз болған жоқ. Оның бір ғана мысалы – 1998 жылға дейін зейнетақылар мен жәрдемақылар бойынша мемлекеттің берешегі 36 миллиард теңгеге жеткенін айтуға болады. Бұл ретте 1998 жылдан бастап зейнетақы жүйесінде реформа басталғанын байқаймыз. Өйткені еліміз ТМД кеңістігінде алғашқы болып жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өткені белгілі. Дәл сол кезеңде экономикалық әлеуетті одан әрі орнықты дамыту қажеттілігі туды. Жаһандану үдерісімен қатар қоғамдық дамудың барлық саласында орын алған қарқынды өзгерістер әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдастыруда тиісті түзетулерді талап етті. Осыған орай, әлеуметтік реформаларды одан әрі дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Соның нәтижесінде зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында тиімді етіп бөлуге негізделген толыққанды көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі құрылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметтеріне сүйенсек, 2005 жылдан бастап базалық әлеуметтік стандартқа сай ең төменгі жалақы мөлшері, базалық зейнетақы төлемдері мен мүгедектігі бар жандар, асыраушысынан айырылғандар және жасына байланысты жәрдемақылар белгіленді. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 1997 жылы 3 505 теңге болса, 2005 жылы 6 014, 2009 жылы 13 717 теңге болды. Кейінгі он жылда бұл төрт есе өсті. Өтпелі кезеңнің қаржы-экономикалық мүмкіндіктеріне сәйкес 2004 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен аса бастады, ал 2009 жылы оның мөлшері 13 717 теңге болды. Ал бүгінде ең төменгі күнкөрістің өрісі өсті. Қазіргі кезде ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 8,5 пайызға артты. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еңбекке жарамсыз адамға – 34 888 теңге, еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны екеу болса – 60 445 теңге, үшеу болса – 75 049 теңге, төртеу болса – 79 512 теңге, ал бесеу болса 82 352 теңге беріледі. Отбасының алты және одан да көп еңбекке жарамсыз мүшелері болған жағдайда әрбір адамға берілетін жәрдемақы мөлшері 85 597 теңгенің тең үлесі ретінде есептеледі. Сол секілді азаматтардың аз қамтамасыз етілген топтарын әлеуметтік қамсыздандыру бағытында қандай шаралар қабылданғаны да белгілі. Мәселен, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған зейнетақы заңнамасына сәйкес, науқас салдарынан туындаған мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты зейнетақылар әлеуметтік қатер туындаған сәтке дейін еңбек өтілі болған жағдайда жалақысын ескере отырып, тағайындалып келген еді. Әлеуметтік төлемдермен қатар мүгедектігі бар адамдардың ерекше мұқтаждықтарына да баса назар аударылды. «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» жаңа заңдар қабылданды, қиын жағдайға тап болған мүгедектерді медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту жөнінде кешенді шара­лар әзірленді. Ана мен баланың амандығы Әлеуметтік саланың тағы бір үлкен са­ласы – ана мен баланы қолдау. Бұл ретте 2006 жыл­дан бастап мемлекет көпба­­ла­лы от­ба­сыларды қолдаудың тұтас жүйесін қалыптастыра бастады. Онда бар­лық отбасыға жаңа туған нәрестеге біржолғы жөргекпұл, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне қатысты жәрдемақы төлеу, аз қамтамасыз етілген отбасындағы 18 жасқа толмаған балаларға жәрдемақы берілу қарастырылды. Балалар жәрдемақысының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай белгіленеді. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болса, одан кейінгі балаларға 2010 жылдан бастап 50 АЕК төленеді. Бала күтімі жөніндегі ай сайынғы төлемдер кезең-кезеңімен өсті. Ал әлеуметтік төлемнің тағы бір жаңа түрі – мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға 2010 жылдан бастап ең төмен жалақы мөлшерінде жәрдемақы енгізілді. Еліміз 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен көпбалалы аналарды марапаттау шарттарын өзгертті. Ал жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы елеулі шешімдер де ел есінде. Алғашқы кәсіпорындардың жұмысының тоқырауы, азаматтардың жылдап жалақы алмағаны жөнінде жылнаманы айтсақ, әңгіме ұзақ. Алайда сол қиындықтар азаматтардың еңбек қатынастары саласындағы консти­туциялық құқықтарының заңды түрде қорғалмауына алып келгенін айрықша айтуға болады. Мәселен, елімізде «Еңбек туралы», «Ұжымдық шарттар туралы», «Кәсіптік одақтар туралы», «Ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдер туралы», «Әлеуметтік әріптестік туралы» және басқа да бірқатар заң қабылданды. Бұл заңдар еңбек қатынастарын тұрақтандыруға зор мүмкіндік берді. Осылайша, жұмыспен қамту саясатын одан әрі қалыптастыру үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде де белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. кодекстің әсері Биыл елімізде Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарап­шылармен бірлесіп, Әлеуметтік кодексті әзірлеп, қабылдады. Онда біз жоғарыда тілге тиек еткен, бұған дейінгі қолданыстағы заңдардың кейбір кем-кетігі қайта түзетіліп, толықтырылып, бір жүйеге келтірілді. Азаматтарға әлеуметтік саланы, өз құқық­тарын білуге бағыт беретін жаңа кодекс қараңғыда қолға шырақ ұстатқандай шырайлы жұмыс болғаны рас. Құжаттың ауқымы кең. Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Онда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін түгел қамтылған. Біз мұнда бәрін тізбектеп жатпаймыз, тек маңыздыларына тоқталып өтеміз. Ең әуелгісі – балалар жайы. Жалпы, биыл мемлекет балалар үшін біраз игілікті істерді қолға алды. Бала күтімі бойынша берілетін төлемдердің мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылып, (500 мыңнан аса ананы қамтиды), Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бастапқы капитал ретінде енгізу қолға алынбақ (6 миллионнан аса баланы қамтиды), алтыдан көп баланы дүниеге әкелген аналарға «Наградталған ана» деген жаңа мәртебе қаралып, жәрдемақы мөлшері өсті (250 мыңнан аса ананы қамтиды). Айтпақшы, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейімен емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар зейнеткерлерге де ерекше зейін қойыла бастады. Расын айту керек, еліміздің зейнетақы жүйесіне қатысты сын көп айтылып келді. Қазір зейнеткерлер үш санатқа бөлінеді. Бірінші санат – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және толық еңбек өтілі бар азаматтар. Олардың саны 300 мыңнан асады, базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көбісінің зейнетақы мөлшері – 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін. Екінші санат – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен зейнеткерлер, олар еңбек өтілі болғандықтан, еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Олардың саны 1,9 миллион адамды құрайды, 2030 жылға қарай 2,6 миллионға жетуі мүмкін. Бұл топтың жиынтық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен төмендетіледі, өйткені ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына және жинақтау жүйесіндегі қысқамерзімді кезеңдегі жеткіліксіз зейнетақы жинақтарына байланысты. Яғни әуелдегі қорға түсімдердің аздығы алдағы уақытта кедергі етпек. Ал үшінші санат – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, БЖЗҚ-дан базалық және жинақтаушы зейнетақысын алады. Қорыта айтқанда, жаңа кодекстің игіліктері мол. Оны бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Дейтұрғанмен біз шолып өткен деректерге қарағанда, демографиялық ахуал қанша өскенімен, әлеуметтік қолдау да бірге өсе беретініне көз жеткізгендей болдық. Бақытбек ҚАДЫР, журналист