Отанды қорғау – абыройлы міндет
Отанды қорғау – абыройлы міндет
Тараздағы «Астана» көпсалалы колледжінің бір топ студенті Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің департаментіне, шекарашылардың музейіне және «Бесағаш» шекара бөлімшесіне саяхат жасады. Жастардың бойындағы елжандылық, патриоттық секілді сезімдерді оятуға бағытталған іс-шараның ұйымдастырушылары – облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыс бойынша департаменті мен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі. Студент жастар шекара қызметіндегі сарбаздардың жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесу барысында шекара сарбаздары мен студенттер арасында жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, шекара қызметінің айбынын асқақтату бағытында әдемі әңгіме өрбіді. Сұхбат барысында ер жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеу аса абыройлы және азаматтық, перзенттік парыз екені айтылды. Сондай-ақ шекара қызметкерлері жас сарбаздарды қырағы, сақ, батыл болуға, міндеттерін адал атқаруға шақырды. Іс-шара аясында мемлекеттік грантты жеңіп алған бірқатар запастағы мерзімді әскери қызметшілерге сертификаттар табысталды. Айта кетерлігі, өткен жылдан бастап ҚР Қорғаныс министрлігі мен еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындары арасындағы келісімге сәйкес әскери борышын мінсіз, үздік өтеген әскерге шақырылған сарбаздар ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай-ақ және қабылдау емтиханынсыз жоғары оқу орнына түсе алатын болды.