Спорт

«СУРДОСПОРТШЫЛАРҒА ЕНДІ КӨҢІЛ БӨЛІНЕ БАСТАДЫ»

«СУРДОСПОРТШЫЛАРҒА ЕНДІ КӨҢІЛ БӨЛІНЕ БАСТАДЫ»

Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында екі аптаға жалғасқан XXIV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында жамбылдық спортшылар толағай табыстарға қол жеткізіп, еліміздің мерейін үстем етті. Жалпы төртжылдықтың басты спорттық додасында ұлттық құрама сапында Жамбыл облысының 13 спортшысы өнер көрсетіп, ел қоржынына 11 жүлде салды. Осылайша саңлақтарымыз Жамбыл спортының мәртебесін тағы бір мәрте биіктетіп, жұлдызын жарқырата түсті.Жуырда еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Ерназар Қонысбаев пен еркін күрестен Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ғабит Есжановты жарқын жеңістерімен құттықтай барып, аз-кем сұхбаттасқан едік.– Ерназар Дүйсенұлы, біріншіден, қазақ елін шексіз қуанышқа бөлеген жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Байрақты бәсекеде екі шәкіртіңіз бірдей жүлдегерлер қатарынан көрініп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Осы орайда алғашқы сөзді өзіңіз бастап, Бразилия сапарынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз...

– Рақмет. Аты айтып тұрғандай, төртжылдықтың басты бәсекесі болған соң Сурдлимпиада ойындарына осал спортшының келмейтіні айдан анық. Барлығы сақадай сай дайындықпен, елінің үмітін арқалап келген кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтар. Әлемнің 100 елінен келген 4 мыңға жуық спортшы бақ сынады. Өте жоғары деңгейде өткен дуы басым додада Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 4 алтын, 7 күміс, 18 қола медаль жеңіп алып, 29 жүлдемен жалпыкомандалық есепте 13-орынға табан тіреді. Екі шәкіртім Ғабит Есжанов пен Ғасыр Тұрғынбай ХХІV Жазғы Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Шәкірті Олимпиадада жүлдеге ілініп, елінің намысын абыроймен қорғап жатса, бапкер үшін одан артық бақыт жоқ. – Ғабит Тұрсынханұлы, Сурдлимпиада ойындарына алғаш рет қатысуыңыз ба? – Жоқ, алғаш рет 2013 жылы Болгарияның София қаласында өткен ХХІІ Сурдлимпиада ойындарына қатысып, еркін күрестен 60 килода алтыннан алқа тағындым. – Ендеше сәл артқа шегініс жасап, үлкен жетістіктерге бастаған спорттағы жолыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз... – Еркін күреспен 2010 жылдан бастап айналыса бастадым. Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенімде құлағы нашар еститін жандарға арналған арнайы клуб ашылғанын естідім. Кейін Шымкент қаласында да ашылды. Дегенмен әу баста спортпен айналысуға айтарлықтай ниетім болған жоқ. Арада уақыт келе Таразға келдім. Сөйтіп тәуекел етіп шешім қабылдап, Құдай айдап 2010 жылы Ерназар бапкерім жұмыс істейтін спорт мектебінің табалдырығын аттадым. – Иә, бәрі күні кешегідей көз алдымда. Алғашында күрес мектебіне Ғабиттің өзі ғана келді. Негізі он екі мүшесі сау балалармен жұмыс істейтінмін. Ойлана келе Ғабиттің де бетін қаққым келген жоқ. Жаттығуын жасап жүрді. Бір күні өзі сияқты есту қабілеті төмен тағы үш-төрт бала келіп, күн өткен сайын қатарлары көбейе берді. Өйткені Тараз қаласында дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы жоқ болатын. Мұндай клуб Қазақстан бойынша Алматы және Шымкент қаласында ғана жұмыс істейтін. Бірақ дамымаған, жұмысы жолға қойылмаған еді. Бір күні директорымыз: «Ерназар, санын азайтпасаң болмайды. Көбейіп бара жатыр. Ертеңгі күні кішкентай балалардың біреуін басып кетіп, оқыс оқиға болып жүрмесін», деп ескертті. Директордың ескертуінен кейін жаттығу жұмыстарын күшейтіп едім, бірнешеуі шыдай алмай қашып кетті. Ғабит, Бағдат, Нұрсұлтан, Еркін есімді төрт жігіт қана қалды. Уақыт өте келе облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына ауыстым. Ғабит бастаған жігіттер интернатқа арнайы іздеп келіп, жаттығуларыма қатысып жүрді. Осылайша күндер өте берді. 2013 жылы Болгарияда ХХІІ Жазғы Сурдлимпиада ойындары өтіп, Ғабит алтын жүлде еншіледі. Осыдан кейін еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы етіп тағайындады. Екі жақты қатар алып жүре алмайтын болған соң мектеп-интернаттағы жұмысымды тастап, сурдоспортшыларды жаттықтыруға бел шеше кірістім. Жалпы еңбек өтілім – 15 жыл. Ал есту қабілеті төмен спортшылармен 2008-2009 жылдардан бері жұмыс істеп келемін. – Ерназар бапкеріммен танысқанда тіл табысу қиын болды. Қатал болатын. Бірақ жұмысын өте жақсы білетін. Алғашында жаттықтыруға аса ықылас танытпады. Себебі жасым жиырма бесте еді. Жиырма бес жаста спортқа келу және ең бастысы жақсы нәтиже көрсету оңай емес. Бапкерім бәрібір келісім берді (күліп). Арада үш айдан өткен соң Шымкент қаласына жарысқа барып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілдім. Оралғаннан кейін жаттығуымды жалғастыра бердім. Еңбегіміз еш кетпеді. Еркін күрестен Қазақстанның 3 дүркін чемпионы атандым. 2013 жылдан бастап Олимпиадаға дайындыққа кірістім. Мақсатым – Олимпиада чемпионы атану еді. Арманым орындалып, Олимп тұғырын бағындырдым. Өкінішке қарай, елге оралғаннан кейін ешқандай марапат жасалмады. Тиісті мекемелер жеңісіме көңіл аудармады. Сонда спортты тастап, бәріне қолды бір-ақ сілтегім келді. Басқа жұмыс істейін деп шештім. Жаттығуға көп уақытымды арнаймын. Егер жұмыс істемесем, спортзалдан шықпасам, отбасымды кім асырайды. Алайда өміріңнің бір бөлшегіне айналып кеткен спортты тастап кету ойлағандай оңай емес екен. Әуелгі ойымнан айнып, ертеңгі күнге деген сеніммен жаттығуларымды қайта жалғастыра бердім. Нәтижесінде 2014 жылы Әлем чемпионатында ІІІ орынға ие болдым.  width= Жеңісті жолымыз жалғасып, аз жылда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттім. Одан кейінгі мақсатым – 2017 жылы Түркияда өтетін XXIII Жазғы Сурдлимпиада ойындарында да топ жару. Сол мақсатта жаттығу жұмыстарына қызу кірістім. Алайда жарыстың басталуына екі-ақ ай қалғанда ауыр жарақат алдым. Тіпті аяғымды гипстеп тастады. Жеңісіме сенімсіз болсам да жаттығудан қол үзбедім. Бір айдан кейін гипсті шешті. Жаттығуды одан сайын күшейте түстім. Өкінішке қарай жарақатым кедергі болып, ойдағыдай жаттығу жасай алмағандықтан Олимпиадада жеңіліс таптым. Түркиядағы сәтсіздік сағымды сындырмады. Мақсатыма жету үшін жаттығуды бір сәтке де тоқтатпай, 2021 жылы Бразилияда өтетін Сурдлимпиада ойындарының дайындығына кірістік. Салмақ қудым. Дұрыс тамақтануға көңіл бөлдім. Алайда пандемияға байланысты 2021 өтуі тиіс болған бәсеке 2022 жылға шегерілді. Уақыт жетіп, 2022 жылдың 1-15 мамыр күндері Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында көптен күткен әлемдік жарыс өтті. Жеңіске сенімім мол болды. Бразилияның, Түркияның балуандарынан айламды асырып, ақтық сында Иран балуанымен күрестім. Қарсыласымның күші басымдау болды. Әрі жастау еді. Барымды салдым. Бірақ бұйырғаны күміс медаль болды. Арманым алтын медаль алу еді. – Ерназар Дүйсенұлы, бапкері ретінде ақтық бәсекеде шәкіртіңіз қандай қателікке бой алдырды деп ойлайсыз? – Ғабит 57 кило салмақ дәрежесінде күресті. Салмағындағы балуандардың барлығы да мықты. Алғашқы қарсыластары да оңай болған жоқ. Дегенмен өте сауатты күресіп, бәсекелестерін қапы қалдырып кетті. Ал финалдық бәсекеде Иран балуанымен кездесті. Қазір Ғабиттің жасы отыз сегізде. Қарсыласы әлдеқайда жас. Сондықтан жастық жігер жеңіп кетті деп ойлаймын. Әйтпесе Ғабит қателік жіберген жоқ. Тең дәрежеде күресті. Болар-болмас есеппен ғана ұтылды. – Ғабит Тұрсынханұлы, келесі Сурдлимпиада ойындарына қатысу ойда бар ма? – Міндетті түрде қатысамын. 2026 жылы жасым қырық екіде болады екен. Соған қарамастан намысты қолдан бермеуге тырысамын. Жасы қырықтан асқан спортшылар да қатыса береді. Португалия, Түркия спортшыларының бірнеше рет қатысып жатқанын көрдім. Дайындыққа қазірден бастан кірісемін. Екінші орын алып қалдым екен деп спорттық мансабымды аяқтағым келмейді. – Ерназар Дүйсенұлы, шәкіртіңіз 2013 жылы Болгариядан оралғаннан кейін мемлекет тарапынан ешқандай сый-құрмет көрсетілмегенін айтты. Демек жаттықтырушысы ретінде сіз де еленбей қалдыңыз? Биыл қалай болмақ? – Әрине, айтып отырғаны орынды. Мәселен, Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлеріне және жаттықтырушысына мемлекет тарапынан қомақты қаржылай қолдау көрсетіледі. 2013 жылы Ғабиттің жеңісі мүлдем еленбей қалғаны рас. Ал қазір бәрі өзгерген. Себебі қазір Сурдлимпиадалық спорт түрлерін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін қаржылай сыйақы мөлшері Олимпиада және Паралимпиадамен теңестірілген. Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері және қатысушыларымен кездесіп, сый-құрмет көрсетті. Кездесуде Нұржан Молдиярұлы спортшыларды құттықтап, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы жүлдегерлердің жаттықтырушыларын Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сертификаттар табыстады. Ал Ғабит Есжанов пен Ғасыр Тұрғынбайға 2 бөлмелі пәтердің сертификаты берілді. Басқа да жүлдегер спортшылар құрметке бөленді.  width= – Сурдлимпиадаға қайта оралсақ. Жамбылдық спортшылар 11 медаль еншіледі. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 29 медальмен 13-орынға табан тіреді. Ел спортшылары бұрын-соңды мұндай толағай табысқа қол жеткізген емес. Жалпы Бразилияда бәсекелестік төмен болды ма, әлде шынымен-ақ қазақстандық спортшылардың дайындығы күшті болды ма? Аға жаттықтырушы ретінде ойыңыз қандай? – Сөз басында айтып өткенімдей мұндай әлемдік додаларға кез келген мемлекет сайдың тасындай іріктелген үздік спортшыларын алып келеді. Сондықтан бәсекелестік төмен болды деп айта алмаймын. Дегенмен Ресей мен Беларусь мемлекетінің қатыспауы да жақсы нәтижеге қол жеткізуімізге себеп болған шығар деп ойлаймын. Осы орайда айта кетейін, облыс спортшыларының 11 медальға қол жеткізуі өңірімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайдың жасалғанының айқын көрінісі. Бүгінгі таңда облысымызда жас ерекшелігіне қарамастан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздері қалаған спорт түрлерімен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында спортқа бет бұрушылардың қатары жыл санап өсіп, жүзден жүйрік шыққандары әлемдік ареналарда ел абыройын асқақтатып жүр. Сондай-ақ облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Саттар Ерғалиұлының еңбегін де айтпай кетуге болмайды. – Ерназар Дүйсенұлы, сурдоспортшылардың бапкері болу қаншалықты қиын? – Оңай дей алмас едім. Он екі мүшесі сау балалармен жұмыс істесеңіз, кез келген уақытта хабарласып, тапсырмаңызды бере аласыз. Айтқаныңды тыңдамаса ұрсып та аласың (күліп). Ал есту қабілеті төмен спортшылардың қасына міндетті түрде бір адам керек. Ойын айтып жеткізе алмайды. Аудармашы болмаса тілдесуі қиын. Кішкентай кездерінен ата-аналары әбден еркелетіп, бетінен қақпай өсіргендіктен бәрі айтқандарын істеткісі келеді. Өз айтқандарымен жүргісі келеді. Спортта тәртіп пен талап болмаса нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. – Ал жаттығу барысында тапсырманы қалай бересіз? – Шынымды айтсам, біршама уақыттан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан соң үйреніп те қалдым. Күнделікті қолданып жүрген сөздерімізді ымдап, іс-қимылмен жеткізе аламын. Әдіс-тәсілдерді аунап болсын көрсетемін. Дегенмен бәрібір тілдесіп, емен-жарқын әңгімелескендей болмайды. – Ғабит Тұрсынханұлы, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? – Екі балам бар. Ұлымның жасы жетіде. Қызымның жасы үште. – Балаларыңыздың спортпен айналысып, жолыңызды қуғанын қалайсыз ба? – Ұлымды спортқа тартқым келген. Бірақ блогер болғысы келеді. Есейген соң спортқа қызығушылық танытатын шығар. Қызымның спортқа икемі бар сияқты. Жолымды қуады деп үміттенем. – Ал бос уақытыңызда немен айналысасыз? – Бос уақытымды толықтай отбасыма арнаймын. Туған-туыстарымызға барып тұрамыз. Демалыс күндері саябақтарда бой жазамыз. – Сурдоспортшыларға Жамбыл облысында қандай жағдай жасалған? – Егер жақсы жағдай жасалмаса, Сурдлимпиадада 11 медаль алып қайтпас едік. Алайда жаттығатын арнайы спорт мектебіміз жоқ. Сондықтан Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде жаттығамыз. – Осы ретте Ғабиттің ойын әрмен қарай сабақтап жіберсем. Егер Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлек спорт кешені соғылса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз қазір Ғабит айтқандай «Тараз-Арена» спорт кешенінде жаттығамыз. Кешенде бізден басқа да спортпен айналысатындар қаншама?! Егер өз алдымызға оңаша отау тігіп берсе, бұдан да биік белестерді бағындыра алар едік. Бұл тек біздің ғана емес, осы салада қызмет етіп жүргендердің көптен бері айтып, көтеріп жүрген мәселесі. – Ерназар Дүйсенұлы, сөз соңында алдағы жоспарларыңызға тоқтала кетсеңіз... – Еліміз артып отырған жауапкершілік жүгін сезіне отырып, қандай да бір бәсекеде болмасын ел абыройын асқақтатуды мақсат етеміз. Ғабиттен басқа да үлкен үміт күтетін спортшыларымыз жетерлік. Тағы бір шәкіртім Ғасыр Тұрғынбай Сурдлимпиада ойындарында күміс медаль иеленді. Ғабит, Ғасырдың ізін басып келе жатқан жастарымыздың әлі талай әлемдік ареналарда ел абыройын асқақтатарына сенеміз. Сурдоспортшылармен жұмыс істеуге шешім қабылдаған екенмін, енді қал-қадірім жеткенше аянбай еңбек етіп, сенім үдесінен шыға білуім тиіс. – Әңгімелеріңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ