Жаңалықтар

Жасыл ел» – елжанды жастар жасағы

Жасыл ел» – елжанды жастар жасағы

Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХVІІІ маусымы салтанатты түрде ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы облыстық мәслихаттың депутаты Уалихан Болатбек қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев құттықтау сөзбен ашып, аймақ басшысы атынан «Жасыл ел» жастарының жұмысына сәттілік тіледі.

– «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жыл сайын маңызы артып, таныла түсуде. «Жасыл ел» бағдарламасына биыл 18 жыл толып отыр. Бұл – ең табысты және ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі, жастармен жұмыс істеудің өте маңызды құралы. Олардың Отанына деген сүйіспеншілігін оятып, өздерін туған жердің иесі сезінуге жетелейді. Таза еңбекпен нәпақа тауып, ата-ананы қуантуды да осы еңбек жасағындағы алғашқы табысы арқылы сезіне алады. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Еркін Құлымбайұлы. Енді облысымыздың түкпір-түкпіріндегі жасыл елдің сарбаздары алдағы үш ай бойы туған жерді көркейтіп, гүлдену жолында еселі еңбек етпек. Жазғы еңбек маусымының ашылуы жастар спартакиадасы форматында өтті. Еңбеккер жастар сайыста волейбол, футбол ойын түрлері бойынша сынға түсті. Спартакиадада белсенділік танытқан ойыншыларды Е.Құлымбайұлы Алғыс хаттармен, естелік сыйлықтарымен марапаттады. «Жасыл ел» бағдарламасы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылады. «Жасыл ел» – Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. «Жасыл ел» жалпыұлттық бағдарламасы облыс, аудан жастарының жазғы демалыстарын ұтымды өткізіп, еңбекке араласуына мүмкіндік жасап келеді. Жыл өткен сайын бағдарлама аясында жұмысқа тартылатын жастар саны артып келеді. Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына 53,4 миллион теңгеге 1 мың жұмыссыз, NEET жастар маусымдық жұмыстарға тартылса, биылғы жазғы жұмыс маусымында 2 056 жас жұмыспен қамтылды. Қазірдің өзінде 1 мыңға жуық жас жұмыс істеп жатыр. Жасақтардың жұмысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 85 миллион теңге қаржы бөлінген. Айта кетерлігі, Тараз қалалық «Жасыл ел» еңбек жасағының биылғы маусымы наурыз айынан өз жұмысын бастады. Жасақ қатарында 16-29 жасқа дейінгі 300 жас еңбек етуде. Жасылелдіктер қала көлемінде көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысып жатыр. Жұмыс көлемін айқындау үшін «Жасыл ел Тараз» ЖШС-мен байланыс орнатылған. Күніне 6 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы міндетті жарналарды қоса алғанда 60 000 теңгені құрайды. Жастарды еңбексүйгіштік пен тазалыққа тәрбиелейтін бағдарламаның болашағы баянды. Жастар жасағы қатарында еңбек етіп, қосымша қаражат тапсам дегендердің дені жас буын. Бағдарламаның да мақсаты – елді мекен ішін жасыл желекке көмкеріп, туған жерге деген патриоттық сезімін арттыра отырып, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Жасақ мүшелерінің басым бөлігі студенттер. Жазғы демалыста бос уақытын тиімді өткізіп, оқу ақысына тамшыдай болса да теңге табуға мол мүмкіндік. Бұл мемлекеттің ел ертеңіне деген үлкен қамқорлығы. Бағдарлама бастау алғалы мыңдаған жастардың күшімен миллиондаған жасыл желек отырғызылып, көгалдандыру жұмысына қомақты үлес қосқан. – Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «Бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары. Бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан бізде еліміздің гүлденуі, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтау ғана емес, жастардың тәрбиесі мен оларды еңбекке баулу. «Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту. Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар бүгінде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдары ауласын да тазалап, қураған ағаштарды кесіп, ағаштарды әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп атам қазақ айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде, – дейді облыстық штаб төрағасы Нұрлан Жиенбай. Ағаш отырғызу, көгалдандыру жұмыстары аймақтың экологиялық тазалығына оң әсерін тигізіп қана қоймай, аңызақ желден, жазғы шаң-тозаңнан қорғап келеді. Бүгінде мемлекеттік деңгейде мән беріліп жүрген «Жасыл ел» бағдарламасы өңірді көріктендіріп, таза аймақтардың қатарына қосуды көздейді. – Әрқайсымыз қоршаған орта, туған жеріміз үшін жауапкершілігімізді сезінуіміз қажет, бұл – біздің үйіміз дейді «жасылелдіктер» Қорыта айтқанда, «Жасыл ел» – тек патриоттардың, елін сүйетін азаматтардың орны. Осы орайда аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр қазақтың, ел болашағы болып саналатын жастардың міндеті. Жастар – ұлт келешегі, қоғам айнасы. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан олардың қоғам игілігіне қарай бет бұруы дұрыс дүние. Жасақ жастары арнаулы логотипі бар киім жабдықтарымен де қамтамасыз етілген. Еңбек жасағының жұмыс мерзімі бірінші маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады. Маусым соңында ортаны жасыл-желекке айналдырып, аймақ экологиясына үлес қосқан еңбек жасақтарының жұмысы қорытындыланып, үздіктер марапатталады. Еңбек маусымында белсенділік танытып, көзге түскен жастар бірнеше номинация бойынша арнайы диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болады.