«Момыш» бұлағының маңына 1000 қызғалдақ егілді
«Момыш» бұлағының маңына 1000 қызғалдақ егілді
Жақында аудан әкімінің аппарат қызметкерлері даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған жері бұрынғы Орақ-балға ауылындағы «Момыш» бұлағының маңына 1000 түп қызғалдақтың пиязшығын отырғызған болатын. Бұл бастаманы Қайрат ауылының тұрғыны Бақыт Асабаев бастаған. Бақыт Науатұлы жыл сайын өз ауласында күтіп-баптаған қызғалдақтардың пиязшығын жинап отырған. Жиналған қызғалдақтың пиязшығын Бауыржан Момышұлының туған жеріне отырғызуға ниет еткен. Оның өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі және ұлы ерлікке деген тағзымы осындай игілікті іс істеуге себепші болған. Игі бастаманы жүзеге асыру үшін Бақыт Науатұлы аудан әкімінің аппаратының қызметкерлеріне жүгінеді. Мұндай ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық іске мемлекеттік қызметкерлер бірден қолдау білдіреді. Нәтижесінде қызғалдақты отырғызу жұмыстарын ұйымдастыруды аудан әкімінің бас инспекторы Бақытгүл Жексекеева өз міндетіне алады. Бастаманы аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы да қолдап, «Момыш» бұлағының басына барып, мемлекеттік қызметкерлермен бірге қызғалдақтың тұқымын отырғызады. Аудан әкімдігіндегі мемлекеттік қызметкерлер және аудандық мәслихаттың депутаты Сыбанбай Арынов мұнда гүл тұқымын егумен бірге, «Момыш» бұлағындағы бұлақтың көзін ашты. Ал, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, ардагер Керейбек Нысанбеков құран оқыды. Акция «Гүлдене бер, Тәуелсіз Қазақстаным!» деп аталды. Бақыт Асабаев бастаған игі бастаманың аясында Бауыржан Момышұлының ерлігіне тағзым жасалды. Алдағы уақытта да бұл азамат жыл сайын Жеңіс күнінде батыр жерлесіміздің кіндік қаны тамған жерінде ұлы ерлікке тағзым жасалса деп ниет етуде. Ауданымызға келген адамдарға киелі жерлерімізді мақтанышпен көрсетіп, туризм саласын дамытуға өз үлесін қосуды да басты мақсат етіп отыр. – Бүгінгі игі бастаманы бастаған Қайрат ауылының тұрғыны Бақыт Асабаев ағамызға алғысымызды білдіреміз. Ұлттық мерекеде біздің бойымыздағы отансүйгіштік, патриоттық сезімімізді оятуға септігін тигізді. Бір ұжымдағы қызметкерлердің ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы осындай игі бастамалардың арқасында да беки түседі. Жастардың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, Отанына адал қызмет етуге баулиды. Биыл отырғызылған қызғалдақтар жерсініп, келер жылы «Момыш» бұлағының маңы қызғалдақпен көмкеріледі деп күтудеміз. Мұнда қызғалдақтың бірнеше түрі, оның ішінде голландиялық түрі де отырғызылды. Келер жылы бұлақтың айналасы гүлге оранып, киелі жердің көркіне көрік қосады деген ниеттеміз, – дейді аудан әкімінің аппарат басшысы Рәтбек Көсембаев. Мұндай азаматтық игі бастама жастарға үлгі-өнеге болса, нұр үстіне нұр. Бір ұжымдағы жастарды ұйымшылдыққа баулып, олардың отансүйгіштік қасиеттерін оятқан мұндай акциялар өз жалғасын табатынына сенеміз. Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы