АСАРЛАТҚАН АҒАЙЫН ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАҒА Қуаныш СЫЙЛАДЫ
АСАРЛАТҚАН АҒАЙЫН ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАҒА Қуаныш СЫЙЛАДЫ
Жалғызтөбе ауылдық округі, Жетібай елді мекенінде тұратын жалғызбасты ана көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Ауызбіршіліктің арқасында жалғызтөбеліктер «Асарлатып үй салу» жобасымен тағы бір шаңыраққа қуаныш сыйлады. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек тағы бір отбасын қуанышқа кенелткен сәтке куә болып, баспаналы болған Науаткүл Еспаеваны құттықтады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көптің көмегімен асарлатып тұрғын үй салып беру. Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетіні жергілікті ақсақалдар алқасымен келісе отырып шешіледі. Негізінен мұнда баспанаға мұқтаж азаматтарға асарлатып үй салынады. Айтулы шарада баспана иесі Науаткүл Малемхожақызы аналық алғысын жеткізді. Аталмыш тұрғын үйдің салынуына ауылдық округтегі білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салалары мен әкімдік, мешіт қызметкерлерінің қосқан үлесі зор. Ал осы ауылдың қолы ашық, жаны жомарт кәсіпкерлерінің де дәстүрге айналған жобаға белсене атсалысқанын атап өткен жөн. Жаңа баспананың лентасын Жалғызтөбе ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Қалмахан Бекмаханбетов пен облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек салтанатты түрде қиып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Көптің көмегімен салынған 3 бөлмелі үй жиһазбен, жылу жүйесімен, ауызсумен, газбен қамтылған. Айдар АЛДАБЕРГЕНОВ, Байзақ ауданы