Руханият

52 жылдан кейінгі кездесу

52 жылдан кейінгі кездесу

Өмір болған соң кейде қызық та күрделі, тіпті ойыңа да алмаған жағдайларға кезігіп жатасың. Алда қандай оқиғалардың болатыны бір Аллаға ғана аян деп жатамыз. Солай да шығар. 1966 жылы Түймекент орта мектебін бітіріп, бала күндегі арманның жетегімен Алматыдан бір-ақ шықтым. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне құжат тапсырып, оқуға түстім. Топтағы студенттер еліміздің барлық аймағынан келген болып шықты. Сабақ басталғанға дейін бір ай Үшқоңыр тауы етегінде картоп жинау жұмыстарында болдық. Бір-бірімізбен сонда жете таныстық. Сабақ басталып, жатақханаға орналасқан соң таныстығымыз одан әрі жалғасып, қызыққа толы күндер басталып кетті. Көрші бөлмеде тұратын ұл-қыздар бір-бірімізден нан-шәй сұрайтын, ыдыс-аяқ алмасатын, ұлдар біріміздің киімімізді біріміз ауыстырып киіп кете беретін күндерді қалай ұмытарсың? Бірінші курстан соң Қостанай облысы Жітіқара ауданына астық жинауға бардық. Біздің топты екіге бөліп, кеңшардың екі қырманында астық суырдық. Біз орналасқан ұзын қоржын үйдің бір жағы асхана, екінші жағы жатын орнымыз болды. Біздің топта 7 ұл, 6 қыз болды. Қолымызға матрастың тысын берген. Оның ішіне сабан салып, төсеніш жасадық. Жастық та солай. Жамылғыға өңі оңып кеткен, шеті сетінеген жұқа көрпе берді. Бөлменің екі ұзын қабырғасын бойлай алты-алтыдан 12 төсек қойдық. Бір қабырғадағы 6 төсекке қыздар, екінші қабырғадағы 6 төсекке ұлдар жатты. Менің төсегім ортада тұрды. Жұмыстан кейін қыздар шайынып, киім ауыстырғанда мен жамылғыны керіп ұстап ұлдардан қалқалап тұрушы едім. Міне, содан бері де зымырап 56 жыл өтіпті. Топтағы Қуаныш Мұқанов, Ким Дүисеков, Нұртай Жуманов, Қамбар Атабаев, Әділхан Балтабаев, Мәлік Балғабаев, Амантай Ташпанов, Қайырбек Ахметов сынды «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттердің жөні бөлек еді-ау, шіркін. Қыздардан Гүлбарам Алтыбаева, Гүлбарам Әмзеева, Қанапия Ғабдуллина, Ұлбосын Досболатова, Алтын Бердіқулова, Роза Әшірбекова есімді қыздардың бауырмашылдығы қандай еді? Топтағы тағы да басқа ұл-қыздармен бір шаңырақтың баласындай болып, студенттік күндердің ұмытылмас қызықтарын төрт жыл бірге өткізген едік. Институт бітіргеннен кейін қатар құрбы-құрдастарымның дені ұстаздық жолды таңдап, ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесі саласында жұмыс істеді. Ал Қанапия Ғабдулина әлеуметтану ғылымдары докторы, профессор атанды. Қуаныш Мұқанов құқық қорғау саласында қызмет атқарып, бұрынғы Қапшағай қаласындағы түзету мекемесі бастығының орынбасары болды. Амантай Ташпанов Қостанай облыстық сотының судьясы қызметінде 14 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. Бұл күнде Астана қаласында тұрады. Қамбар Атабаев тарих ғылымдарының докторы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет атқарады. Таяуда «Qazaqstan» ұлттық арнасының жаңалықтар бағдарламасында ықшамаудандардағы балалар алаңқайы туралы сөйлеген курстасым Роза Әшірбекованы көріп қалдым. Әлі де реңі жақсы. Нұртай курстасым бір кездескенде «Роза Астанада тұрады» деген еді. Телеарнадан көріп, қуаным қалдым. Уақыт уыста тұрмайды. Студенттік күндер де көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бәріміз де институт жолдамасымен еліміздің түкпір-түкпіріне жұмысқа кеттік. Мен өзім туып-өскен Байзақ ауданында еңбек жолымды бастадым. Мүмкіндігінше бірге оқыған ұл-қыздармен байланысты үзбей, алыстан болса да хабарласып тұрдық. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осыдан алты жыл бұрын Меркідегі Нұртайдың үйінде Ким, Қайырбек бәріміз бас қосқанбыз. Нұртай Амантай мен әйелі Сәулені Меркіге алып келіп, екі күн бірге болдық. Олар бір жұма «Меркі» шипажайында демалып, Астанаға қайтты. Осылайша Амантаймен елу екі жылдан кейін амандықта жолығыстық. Елу жылдан соң Атырауда тұратын Рысхан курстаспен де телефонмен хабарласып, хал-жағдайды біліскен едік. Жастық шақта тай-құлындай тебісіп бірге өскен ұл-қыздардың біразы бұл күнде өмірден озған. Былтыр ғана Қонаев қаласында тұратын Қуаныш Мұқанов қайтыс болып, біраз курстастар барды. Қаралы хабарды естіп, қабырғам қайысты. Дегенмен қолдан келер шарамыз қайсы? Өмірдің бұлжымас заңы. Бәрі де бір Алланың қалауымен болатындығы сөзсіз. Сол бір студенттік жылдарды еріксіз сағынасың... Айтмаханбет Тышқанбаев, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Байзақ ауданы