ӨҢІР МЕДИЦИНАСЫнда өзгеріс көп
ӨҢІР МЕДИЦИНАСЫнда өзгеріс көп
Егемендік алғалы отандық медицинада оңтайлы өзгерістер орын алып, сала барынша дамыды. Облыс орталықтарымен қоса аудандарда, тіпті шалғайдағы ауылдарда да медициналық нысандар көптеп бой көтеріп, емдеу орындарының материалдық-техникалық базалары жақсарды. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың, қолдаулардың нәтижесінде облысымыздың медицина саласы да қарқынды дамып келеді. Биыл денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 13 102,5 миллион теңге қарастырылған. Статистика басқармасының соңғы деректеріне сәйкес, өңірде 1 218 158 халық тұрады. Бекітілген халық тіркеліміне сәйкес 1 170 532 адамға 389 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді. Шалғай елді мекендердегі халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 11 жылжымалы медициналық кешен осы жылы барлығы 96 239 адамды медициналық тексерумен қамту жоспарланса, соңғы 7 айда 204 елді мекенде 84 513 адамды қамтыған. 20 040 диагностикалық зерттеулер, 5441 зертханалық тексеру жүргізілсе, 112 374 адам бейінді маманның консультациясына жүгініп, 1 753 адам емханаға есепке алынған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды» деген болатын. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 4,8 миллиард теңгеге 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін 18 нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы сметалық құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын жобаларға бюджеттік өтінім биыл ұсынылыпты. Биылғы жылға сметалық құны 1 739 290 мың теңгені құрайтын 10 нысан қолдау тауып, мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған. Барлық нысан сыртқы инженерлік желілермен қамтылған. 10 нысанның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу қашықтығы 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Сондай-ақ облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова өңір тұрғындарының денсаулығына қатысты деректер қорын біріктіретін ахуалдық орталық ашылғанын жеткізді. Ахуалдық орталықтың артықшылығы – өңірдегі барлық медициналық мекемелердің арнайы тіркеу деректер базасы саналатын damumed.kz веб-сайты арқылы қосылған өңірдегі медицина қызметкерлері үшін ашық интеграцияланған ақпараттық жүйеде арнайы бақылауға болады. Яғни, бұл дегеніміз – медициналық көмекке арналған интеграцияланған ақпараттық жүйе. Бұл жоба облыста алғаш рет демеушілердің көмегімен жүзеге асты. Қазір орталықта облыстың барлық емдеу мекемелеріндегі бос төсек орындары, дәрігерлердің қабылдаулары, портал арқылы операцияға кезекке тұру тізімдері туралы электронды түрде толық ақпарат бар. Басқарма мен №2 қалалық емханада жұмыс істей бастаған ахуалдық орталықтардың электрондық жүйелері арқылы жүкті әйелдердің, сондай-ақ мұндай тіркеуден шығарылғандардың, онкологиялық және туберкулезге шалдыққан науқастардың тіркеуі бірден көрінеді екен. Сонымен қатар Жанар Оспанова салада маман тапшылығын жою мақсатында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтермеақыны 119 жас маман алған. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бюджеттік кредит 9 жас маманға бұйырды. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен 100 АЕК-ке тең көтерме жәрдемақыны 36 жас маман алды. Аудандық әкімдік тарапынан 4 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді және 2 жас маманға бір жылға жалдамалы пәтердің ақысы төленді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, орта жалақыға 2,5 есеге дейін жеткізе отырып, медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11 896 медициналық қызметкердің, оның ішінде 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 8 648 орта медицина персоналының жалақысы орташа есеппен 20 пайызға ұлғайтылған. Дәрігердің айлығы орта есеппен 453 427 теңгеден 589 455 теңгеге өсіп, орта медициналық буын персоналының айлығы 204 000-нан 244 800 теңгеге көтерілді. Сонымен қатар көп жылдан бері көтерілмеген тазалықшы, жүргізуші және өзге де персоналдардың еңбекақысы орта есеппен 18 пайызға көтеріледі деп жоспарланған. Атап айтқанда, 3 430 тазалықшының еңбекақысы орта есеппен 124 854 теңгеден 147 327 теңгеге дейін өседі, – деген басқарма басшысы алдағы жоспарлар да ауқымды екеніне тоқталды. Мәселен, тұрғындарға шұғыл, жоғары технологиялық медициналық көмекті «Алтын сағат» қағидасын жоғалтпай көмек көрсету мақсатында 3 аудандағы, яғни Меркі, Талас және Шу аудандарындағы аудандық орталық емханалар ауданаралық болып жаңғыртылған. Екіншіден, биыл 1 қарашада Шу ауданы, Төле би ауылында 48 орындық балаларды оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар облыс орталығына қатысты жоспарлар да бар. 500 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысын салу жоспарланған. Нысанға арналған жер телімін бөлу туралы сұраныс хат жолданған. Және 250 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық салу үшін Тараз қаласы Асқаров көшесінің соңынан 20 гектар жер телімі бөлінген. Бұл Шымкент қаласының жобасына байланыстырылатын болады. Және науқастарға жедел медициналық көмек көрсету мақсатында жедел медициналық жәрдем стансасын салу жоспарланған. Аталған жоба үшін жергілікті бюджеттен 35,2 миллион теңге қарастырылып, сараптама жұсмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, биыл 3,2 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 671,2 миллион теңгеге 3 аудандағы ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларға қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, республика ретінде танылғаннан бері медицина саласы оң жаққа өзгеруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та денсаулық саласына айрықша назар аударуда. Әрине, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру ортақ міндет. Болашақта аталған жоспарлар орындалып, еліміздің медицина саласы үздік ондыққа кіреді деп сенеміз. Аяулым Жаманқара