Жаңалықтар

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

Халықтың бақыты, ырысы үшін бар өмірін ұлы істерге арнаған, патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатынасқан Мақсұт Жылысбаев 1894 жылы Сырдария губерниясы, Әулиеата уезі, Аспара болысының №7 ауылында (қазіргі Қостоған ауылы) дүниеге келген. Ол Т.Рысқұловпен бірге Меркіде «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрып, ашаршылық басталғанда Қазақстанда алғаш рет Меркі учаскесінде аштарды тамақтандыратын асханалардың ашылуына атсалысқан, Әулиеата уездік Төтенше комиссиясы (ЧК) бастығына бекітілген. 1909-1912 жылдары Меркідегі жергілікті халық өкілдерінен тілмаш, ұсақ әкімдер даярлайтын орыс-бұратана мектебінде Тұрар Рысқұлов, Қ.Қожабергенов, Қ.Сарымолдаев, Ы.Әсімовтермен бірге оқып, үздік бітіріп шығады. Тұрар екеуінің достығы аталған мектеп қабырғасынан басталады. Сол жылы Пішпектегі ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түсіп, онда да 1915 жылға дейін Т.Рысқұловпен бірге оқиды. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Ш.Дастанбаев 1994 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне жарияланған «Бір суреттің тарихы» деген мақаласында 1936 жылы Кисловодскіде демалып жатқанда Т.Рысқұловпен кездескені туралы жазады. «Әңгімелесіп отырғанда Тұрар аға: «Менің жастық шағым өте ауыр болды. Он бір жасымда тірі жетім қалып, аш-жалаңаш жүрдім. Ертеңнен кешке дейін тамақ ішпеген күнім де болды. Сол тұста досым Мақсұт Жылысбаев көп көмектесті. Соның үйінде тұрып, өстім», деп жазады. Тұрар мен Мақсұттың достығы кейін де жалғасын табады. 1917 жылдың қазан айында Әулиеатада революциялық комитет құрылып, төрағасы болып Т.Рысқұлов сайланады. М.Жылысбаев 1917 жылы 22 желтоқсанда партия қатарына өтіп, Меркі учаскелік комиссары болып, аталған өңірде алғашқы партиялық ұйымдар құруға атсалысады. М.Жылысбаев 1918 жылы Әулиеата уездік Төтенше комиссиясының (ЧК) бастығы болып бекітіледі. Сәкен Сейфуллин Әулиеатада болған кезінде М.Жылысбаевпен кездесуін «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «... жөнімді айтқан соң әлгі жігіт дереу киініп, бізді құрметтеп атына мініп, бізді алып жүрді. Чеканың (ЧК) бастығына әкеп менің жайымды баяндады. Ол бір өте пысық Жылысбайұлы деген қазақ жігіті» деп суреттейді. Осы қызметте жүріп Мақсұт Жылысбаев Талас және Беловодск көтерілістерін басуға қатысып, асқан ерлік көрсетеді. Сол ерлігі үшін аты жазылған қылыш пен наганды сыйлыққа алады. 1921-1924 жылдары М.Жылысбаев Сырдария облыстық жер бөлімі төрағасының орынбасары, Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етеді. Одан кейінгі жылдарда республиканың Жетісу облысындағы сауда орындарын басқарады және ВКП (б) Орталық комитетінің жолдамасымен Астрахань облысында қызмет істеп, осы жердегі балық шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосады. 1926-1928 жылдары «Қазспирттресттің» басқарушысы қызметін атқарады. Осы кезде Әулиеатадағы капиталист Ивановтың спирт зауыты қайта жөндеуден өтіп, қазіргі Жамбыл спирт зауытының негізі қаланады. Жазушы Мұхтар Қазыбектің «Дауылда туған дарын» кітабында: «ҚазССР Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы Қ.Сарымолдаевтың 1926 жылдары 27 қаңтарда «Қазспирттресттің» бастығы Мақсұт Жылысбаевқа берген сенімхаты архивте сақталып қалған екен. 12 пункттен тұратын сенімхатта трестің жұмысына қатысты барлық мәселелерді шешуге М.Жылысбаевқа құқық берілген», деп жазады. 1929-1933 жылдары М.Жылысбаев Қаз ССР қанттрестінің басшысы болады. Оның бастамасымен қазіргі Меркі қант зауыты, сол сияқты Бұрындай және Қырғызстандағы Қайыңды қант зауыттары ашылады. Бұл еңбектері керісінше бағаланып, «халық жауы» ету үшін қасақана бұрмаланды. Мысалы, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Департаментінің архивінен алынған материалда М.Жылысбаевтан кейін Қаз ССР қанттрестінің басшысы болған Болтянский Давид Яковлевичтің тұтқындалғаннан кейінгі түсініктемесінде: «Қазақстан қант өндірісі жүйесінде құрылған антисоветтік-троцкийлік қастандық келтіруші ұйымның мүшелері Пятенко, Мазов, Советский, Джылысбаев және Болтянский болды» деп жазылыпты. М.Жылысбаев 1937 жылы Алматыда республикалық партия, кеңес басшы органдарында қызмет атқарады. Бұрынғысынша қауіпсіздік органдарында басшылық етеді. «Халық жауы» ретінде ұсталмас бұрын Алматыда «Қала құрылысы» трестінде басшылық қызмет етті. 1937 жылы 14 тамызда «халық жауы» деген жаламен қамалып, 1938 жылы 26 ақпанда Алматы қаласының түбінде І.Қабылов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ж.Шаниндармен бірге бір түнде атылған. 1961 жылы 28 тамызда КСРО Жоғарғы соты М.Жылысбаевты ақтап шықты. Мемлекет және қоғам қайраткері М.Жылысбаевтың есімін халық ешқашан ұмытпайды. Тараз қаласында және Меркі ауылында М.Жылысбаев атында көшелер бар. Меркідегі №14 орта мектебіне 1983 жылы М.Жылысбаевтың есімі берілді. Оның есімі 2002 жылы «Қазақ ұлттық энциклопедиясының» ІV томына енгізілді. 2012 жылы №14 орта мектеп алдына М.Жылысбаевтың граниттен қашалған бюсті орнатылды. Тараз және Меркі музейлерінде М.Жылысбаевқа арналған бұрыштар бар. Аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі бұрыштың ашылуына үлкен үлес қосып, көптеген материалдар өткізген Мақсұт Жылысбаевтың ұрпағы Байсейіт Жылысбаев ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Бүкіл өмірін еліне арнаған Мақсұт Жылысбаевтың өмір жолы ұрпаққа үлгі.

Л.БАРАҚБАЕВА, аудандық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы.

Меркі ауданы