Жаңалықтар

Озат оқушылар IT-компанияның грантын иеленеді

Озат оқушылар IT-компанияның грантын иеленеді

Өткен айда «Astana Hub» халықаралық технопаркі мен «InDrive» халықаралық IT-компаниясы «Beginit by inDrive» жобасы шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Қол қою рәсімі «Digital Bridge – 2023» форумында өткен еді. Нақтылап өтсек, «Astana Hub» және «InDrive» арасындағы ынтымақтастық – стартап-индустрияны, жобалық қызметті, әлеуметтік көшбасшылықты және техникалық дағдыларды қамтитын білім беру курстарын әзірлеуді және өткізуді көздейді. Бұл курстар жастардың әлеуетін ашуға ықпал етеді және олардың идеяларын жүзеге асыруға көмектеседі. Екі тарап та жас таланттарды қолдау, стартап-индустрия, технологиялар және инновациялар саласында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. «Astana Hub»-тың басқарушы директоры Алина Әбдрахманованың айтуынша, екі компания арасындағы бұл ынтымақтастық жастар үшін тұлғалық даму, жаңашылдықтарды меңгеру, білім тұрғысынан шабыт алуға жол ашады. Жоба елдегі әлеуметтік өзгерістерге ықпал етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл келісім – білім беруді дамыту және Қазақстандағы жас таланттарды қолдау бағытындағы маңызды қадам. Ол оқушылар арасында көшбасшылық және жобалық қызметті дамытуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар жасөспірімдердің өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынуға және іске асыруға ықпал етеді. Бағдарлама Қазақстан өңірлерінен талантты жастарды табу, білім алу, кәсіптік және кәсіпкерлік әлеуетті іске асыру кеңістігін қалыптастыру тұрғысында маңызды құжат болмақ. Болашағы зор жобаға қатысуға жамбылдық өрендер де мүмкіндік алды. Күні кеше аталған компания жетекшілері Әулиеата өңірінде болып, облыс оқушыларын жоба жайынан құлағдар етті. Кездесу Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында өтті. Дәлірек айтсақ, осы оқу орнында «Zhambyl IT Hub» компаниясы облыстағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «Beginit by inDrive» бағдарламасының басталуына орай баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Жиында әуелі сөз алған «Beginit by InDrive» жобасының жетекшісі Елена Тропинова әлеуметтік көшбасшы өмірді өзгерте алатын және өзгерістерге оң әсер ететін адам екенін және аталған бағдарлама өз аймағын ғана емес, өзін бүкіл әлемге танытатын әлеуметтік көшбасшыларды анықтайтынын жеткізді. Ал «Astana Hub» компаниясының облыстағы аймақтық менеджері Салтанат Телеуова «Zhambyl IT Hub» және «InDrive» компаниялары бірлесе отырып, Қазақстандағы білім беруді дамыту және жас таланттарды қолдау бағытында үлкен қадам жасап жатқанын айтты. Сонымен бірге, бұл бірлескен жұмыс жастар арасында көшбасшылық пен жобалық іскерлікті дамытуға, оларды облыстың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін өз жобаларын құруға және жүзеге асыруға шабыттандыруға бағытталғанын мәлімдеді. Айта кету керек, Қазақстан өңірлерінің жастарына арналған тегін көшбасшылық бағдарламасы облыстағы ауыл балаларына әлеуметтік көшбасшылық бойынша білім беру курсынан өтуіне және Алматы қаласында ашылатын инновациялық университеттің грант иегері атануына мүмкіндік береді. Оқу грантына өңірдегі мектептердің 10-сынып оқушылары, «Astana Hub» халықаралық технопаркімен және өңірлік «Zhambyl IT Hub»-ымен серіктестікте жүзеге асырылып жатқан «Beginit by inDrive» тегін білім беру бағдарламасының финалистері үміткер бола алады. Тегін білім беру аясында мектеп оқушылары әлеуметтік көшбасшылық және жобалық жұмыс бойынша курстан өтіп, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік жобалар жасауды үйренеді. Одан бөлек, Алматының тау бөктерінде орналасқан лагерьде балалар еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатарластарымен танысып, бизнес пен шығармашылық сала жетекшілерінен құнды кеңес алады. Курстан өткеннен кейін қатысушылар өз аймақтарындағы әлеуметтік мәселелердің шешімін ұсынуына болады. Сонымен бірге финалистер бағалы сыйлықтарға ие болып, Алматыдағы «inVision U» жаңа инновациялық университетінің толық грантының жеңімпазы болады. Айта кетерлігі, іріктеу кезеңі 7 қарашада Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында басталды. Өз кезегінде «Beginit by inDrive» жобасының маманы Ерсайын Қабдрашев «InDrive» компаниясы туралы толық ақпаратымен бөлісіп, бағдарламаның тиімділігі туралы сөз етті. Жиын соңында, «Astana Hub» және «Beginit by inDrive» компанияларының өкілдері журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. Ақтоты Жаңабай