Жаңалықтар

Ғылым мен бизнесті интеграциялау жайы талқыланды

Ғылым мен бизнесті интеграциялау жайы талқыланды

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Жамбыл облысындағы ғылым мен кәсіпкерлікті интеграциялау мүмкіндіктері» атты форум ұйымдастырылды. Форумның мақсаты – гранттық қаржыландыру аясында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын университет ғалымдары және облыс кәсіпкерлерімен бірлесіп жүзеге асыруға ықпал ету. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы және Дулати университетінің ұйытқы болуымен өтті. Екі күнге созылған шараға өңір кәсіпкерлері, екінші деңгейлі банктердің директорлары, компания басшылары, Дулати университетінің ғылыми қызметкерлері қатысты. Университеттің ғылыми жаңа­лықтарын өндіріске енгізуді көздеген бұл жиын көптің көңілінен шықты. Кездесудің алғашқы күні «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының өкілдері университет ғалымдарымен кездесіп, технологияларды коммер­ция­ландыру грантына сәтті өтінімді қалай дайындау керектігі, ғылым мен бизнесті біріктіру мүмкіндіктері тақырыбында ақпарат берді. Форумда «Ғылым қоры» АҚ ғы­лыми әзірлеменің коммерциялық құндылығын ұсынуға және жеткі­зуге, сондай-ақ әлеуетті іскер серіктес­термен жобаны бірлесіп қаржы­ландыруға және ынтымақтасу келі­сіміне келуге мүмкіндік беретін «Технологияларды коммерция­лан­дыру реакторын» өткізді. Айта кетсек, өткен жылдары өткізілген «Технологияларды коммер­ция­ландыру реакторлары» нәти­желері бойынша 63 ғылыми жобаның 31-і бірлескен коммерцияландыру үшін бизнес серіктестерін тапқан. Оған қоса коммерцияландыру жоба­ларын гранттық қаржыландыру конкурсына қатысу үшін бірлескен қаржыландыруға ие болды . Осы жылдың 31 қазанында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым қоры» атынан «Satbayev University» және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен – «Tech Garden» жобасы үшін бірлескен ізденіс жұмыстарын жүргізді. Ғалым­дар жер қойнауын пайдалану саласындағы «Технологияларды коммер­ция­ландыру реакторын» «Satbayev University» базасында өткізді. Сонымен қатар биыл алғаш рет жер қойнауын пайдалану сала­сындағы «Технологияларды коммерцияландыру реакторына» Дулати университеті ғалымдарының 3 ғылыми әзірлемесі жобаларды іріктеу бойынша онлайн-питчіне өтті. Питч дегеніміздің өзі – жобаны инвесторлардың алдында қысқаша презентациялау. Онлайн-питчтен өткен жобаларды тарқатып айтсақ. Мысалы, Қамбар Тұрсынбаев же­текшілік еткен «Фосфор өндірісінің өндірістік қалдықтары негізінде жаңа биомелиорант өндіру» жобасы үлкен қызығушылық тудырған. Бұл жоба жер қойнауын пайдалану саласындағы «Технологияларды коммер­цияландыру реакторына» финалға өтіп, арнайы сертификатқа қол жеткізілді. Сондай-ақ Маржан Қалмаханованың жетекшілігіндегі «Суды қайта пайдалану мақсатында тазартуға арналған белсендірілген көмір негізіндегі сүзгі жүйелері», Халила Садиеваның басшылығымен жасалған «Баритты бетон өндірісі» жобалары онлайн-питчтен өтіп, жоғары бағаға ие болды. Соның ішінде Қамбар Тұрсынбаевтың «Фосфор өндірісінің өндірістік қалдықтары негізінде жаңа биомелиорант өндіру» жобасы жер қойнауын пайдалану саласындағы «Технологияларды коммерцияландыру реакторына» финалына өтіп, сертификат алды. Университетте ұйымдастырылған осы форумда сөз болған ғалым­дар­дың жобаларын іске асыру, қар­жы­ландыру мәселесі сөз болды. Коммер­цияландыру бөлімі «2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жоба­ларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа» ғалымдар жобаларының қатысу әлеуетін арттыру үшін ішкі конкурс өткізді. Ауқымды жиында университет ректоры Мұхтар Байжұманов фо­румның маңыздылығына тоқталып, бұл ғалымдар үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті. Облыс әкімдігі цифрлық техно­ло­гиялар басқармасының бас­шысы Руслан Ноқрабеков білім беру саласындағы цифрлық техно­логияларды дамытудың өзектілігін сөз етті. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова бизнес идеяларды қаржыландыру бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айбар Әбдіқадыров инновациялық идея­ларды қаржыландыруда кез­десетін кедергілерге тоқталды. Ол қаржыландыру көлемі аз бол­ғандықтан, инновациялық идея­ларды жүзеге асыру көрсеткіші төмен екендігін тілге тиек етті. Ал «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаров ғылым мен бизнесті байланыстыру мақсатында ұйымдастырылған жиын ғалымдар үшін пайдалы боларына сенім білдірді. – Дулати университеті ғалым­да­рының әлеуеті жоғары. Екі күндік форум аясында біраз мәселе талқыланды. Экономикасы дамы­ған мықты елдердің қатарына қосы­луда ғылым жетекші рөл ат­қа­рады. Біздің қор отандық ға­лым­­дарымыз­дың жо­ба­ларын, өнертабыс­тарын жүзеге асыруға мүмкіндік бе­реді. Басты мақсатымыз – грант­­тық қаржыландырудың қол­же­тімді екенін көрсету, – деген Құрманғазы Құралұлы гранттық қаржыландырудың талап­тарын тарқата айтып берді. Ол өз сөзінде бір жобаны 350 миллион теңге көлемінде қаржы­ландыратын мүмкіндік бұған дейін болмағанын және осы мүмкін­дікті сәтті пайдалану керегін жеткізді. Сонымен қатар ғалымдар мен бизнес өкілдерін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды. «Ғылым қоры» АҚ инвестиция­лар және жаңа жобалар департа­менті­нің бас менеджері Юлия Вяткина ғылыми серіктес табу мәселесін қозғады. Ғалымдарды бизнес өкілдері түсінбей, соның әсерінен жақсы жо­ба­лардың жүзеге аспай жататын сәттері кездесетінін жасырмады. Сондай-ақ, бизнес өкілдеріне дайын жобалармен танысуға мүмкіндік барын жеткізді. Университетте форумның өтуіне мұрындық болған Коммерция­ландыру бөлімінің бас­шысы Салтанат Бектұрғанова университет ға­лым­дарының ғылыми жетіс­тіктеріне тоқталды. Конкурсқа дайын алты ғалымның жұмысы жайлы мәліметімен бөлісті. Форум аясында Мелиорация және агрономия кафедрасының аға оқытушысы Хамбар Тұрсынбаев пен техника ғылымдарының кандидаты Халипа Садиева ғылыми жобаларын таныстырды. Іс-шара соңында қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Ақтоты Жаңабай