ДИҚАНДАР 16,4 МИЛЛИОН ТОННА АСТЫҚ БАСТЫРДЫ
ДИҚАНДАР 16,4 МИЛЛИОН ТОННА АСТЫҚ БАСТЫРДЫ
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқанының аяқталу барысы туралы мәлімдеді. Егін орағының нәтижелері туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов баяндады. Биыл диқандар үшін оңай жыл болған жоқ. Ұзақ уақытқа созылған аптап ыстықтан кейін еліміздің негізгі астықты аймақтарында 25 күннен астам толассыз жаңбыр жауды. Нәтижесінде жауын-шашын мөлшері орташа жылдық көрсеткіштен үш есеге артық болды. Дегенмен еліміздің барлық өңірлерінде егін орағы науқаны аяқталды десе де болады. Сонымен қатар бүгінгі таңда Үкімет осы салдарларды барынша азайту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Барлық туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында министрлік жанынан жедел штаб құрылды, оған жергілікті атқарушы органдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері кірді. Бұдан басқа республикалық және өңірлік деңгейлерде барлық мүдделі тараптардың өкілдерімен жұмыс топтары құрылды. «Биыл жалпы ауылшаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 миллион гектарды құрады. Оның ішінде астық жиналатын алаң 17,1 миллион гектарды құрайды. Биылғы егін жинау науқанына шамамен 150 мың трактор, 39 мың астық жинайтын комбайн, 14 мың орақ және 140 мың басқа техника қатысты. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау аяқталуда. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша 16,4 миллион тонна астық бастырылды», деп мәлімдеді Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. Министрдің айтуынша, бидай егілген алқап 13,4 миллион гектарды құрайды. Өнімділігі гектарына 8,6 центнерден айналып, 11,4 миллион тонна астық бастырылған. Сондай-ақ 1,6 миллион тонна майлы дақыл жиналған. Күнбағыстың орташа өнімділігі гектарына 11,6 центнерден болып, 747 мың тонна қамбаға құйылған. Сонымен қатар 158 мың гектар аумаққа егілген картоптан 3,5 миллион тонна, 162 мың гектардан 4,3 миллион тонна көкөніс дақылдары жиналыпты. «Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық 16 миллион тоннаны құрайды. 3 миллион тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек, елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 миллион тонна астық құйылды», деді А.Сапаров. Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауылшаруашылығы құралымдарына литріне 250 теңге бағамен 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ескере отырып, дәнді және майлы дақылдарды кептіруге литріне 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданыпты. Қазіргі уақытта облыстар операторлары астық қабылдау кәсіпорындарына және кептіру жабдығы бар ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу және өткізу шараларын жүргізуде. «Үкімет заңнамада белгіленген тәртіппен субсидияларға қажеттілікті толық жабу мәселелерін пысықтауда, сондай-ақ зардап шеккен фермерлердің қаржы институттарының желісі бойынша алынған несиелерінің өтеу мерзімдерін жеке тәртіппен ұзартады. Бастапқы кезеңде 30 миллиард теңге мөлшерінде субсидиялар бойынша берешек өтеледі, Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды, ал қалған қарыздар жыл соңына дейін жабылады», деп атап өтті министр. Баяндама барысында спикер қазіргі уақытта несие мерзімдерін ұзартуға қатысты «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы және «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы желісі бойынша 7,2 миллиард теңге сомасына 147 ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерден міндеттемелерді орындауды ұзартуға арналған құжаттардың толық пакетімен өтініштер келіп түскенін жеткізді. «Қолайсыз ауа райынан зардап шеккен басқа қарыз алушылар тарапынан шарттар, ұсынылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша өтініштер әлі де келіп түсіп жатыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарының қызметкерлері осы мәселелер бойынша қажетті кеңес беру қызметін көрсетеді, міндеттемелерді жеке тәртіппен ұзартуға өтінімдер қабылдайды және қарайды. Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында берілген сіздің хаттамалық тапсырмаңызға сәйкес, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның 350 мың тонна көлеміндегі бидайды тікелей сатып алуға қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Нарық деңгейінде астық сатып алудың әділ бағасы белгіленді», деді Айдарбек Сейпілұлы. Сонымен қатар биылғы жылдың негізгі міндеттерінің бірі – елді тұқымдық материалмен қамтамасыз ету. Тұқымдар «Азық-түлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолда бар ресурстары есебінен қалыптастырылатын болады. Бүгінгі күні 400 мың тоннаға жуық жұмсақ бидай тұқымдық материал ретінде пайдалануға жарамды екен. Бүгінгі таңда облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша жоспар бойынша 2 миллион тонна болса, 1 505 мың тонна немесе 72 пайыз астық тұқымы себілген. «Айта кету керек, биыл тұқымдық егістіктер құрғақ ауа райы болған кезде жиналды және бүгінгі күні сараптама деректері бойынша дайындалған тұқымдардың 90 пайызы себу стандартының 1 және 2-сыныптарына сәйкес келеді. Сонымен қатар жоғарыда аталған барлық мәселелер министрліктің тұрақты бақылауында. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып отыр», деп түйіндеді сөзін Айдарбек Сапаров. Талғат Нұрханов