ҚАЗАҚСТАН МЕН НИДЕРЛАНД БІРЛЕСКЕН КОМИТЕТ ҚҰРДЫ
ҚАЗАҚСТАН МЕН НИДЕРЛАНД БІРЛЕСКЕН КОМИТЕТ ҚҰРДЫ
Қазақстан мен Нидерланд ауылшаруашылығын және агробизнесті дамыту салаларындағы мәселелерді жоғары деңгейде талқылау үшін ресми негізді қамтамасыз ететін өзара түсіністік және бірлескен ауылшаруашылығы комитетін құру туралы меморандумға қол қойды. Комитеттің бірінші отырысын ашқан ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов құрылған комитеттің негізгі ережелерін айтты. Осылайша, Қазақстан мен Нидерланд өкілдері жыл сайын кездесіп, ауылшаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі іске асыру үшін бизнес өкілдері мен мамандарды отырыстарға шақыратын болады. «Нидерланд Корольдігімен ауылшаруашылығында ынтымақтастық біз үшін басым бағыттардың бірі және бұл саланың әлеуеті үлкен. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және тауар айналымы көлемін ұлғайтуға мүдделі. Қазақстанның сапалы және экологиялық таза ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге және экспорттауға мүмкіндігі зор», деп атап өтті Азат Сұлтанов. Вице-министрдің айтуынша, 2023 жылдың тоғыз айында мемлекеттер арасындағы ауылшаруашылығы тауарларының айналымы 61,7 миллион долларды құраған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен (46,6 миллион доллар) салыстырғанда 32,4 пайызға артық. Азат Сұлтанов нидерландтық әріптестеріне Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде 113 елдің арасында 32-ші орында тұрғанын және посткеңестік мемлекеттер арасында көшбасшы екенін айтты. Қазақстанның жақын және алыс нарықтар үшін азық-түлік жеткізушісі болуға әлеуеті жеткілікті. Бұдан әрі вице-министр меморандум аясында ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық тараптың ұсыныстарын айтты. Біріншісі – ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты жандандыру. Азат Сұлтанов университеттер арасында студенттермен алмасу бағдарламасын ұйымдастыруды, сондай-ақ қазақстандық студенттер мен мамандарға Нидерландының аграрлық университеттерінде оқуға бірлескен гранттар бөлуді ұсынды. «Екіншісі – ветеринария саласы бойынша тәжірибе алмасу жұмыстарын жандандыру. Нидерландтық Royal GD ветеринарлық компаниясынан жануарлар ауруларының алдын алу және емдеу жолындағы жобаны жүзеге асыруға дайындық туралы ұсыныс түсті. Ол қазақстандық тәжірибені зерделеуді және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді көздейді. Үшінші ұсыныс – Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамыту. Нидерландының бай тәжірибесін ескере отырып, дақылдардың тұқымын кең ауқымда өндіруде Қазақстанның ауылшаруашылығы саласын зерттеу тиімді болады» деген Азат Сұлтанов комитеттен Нидерландының тарихи тәжірибесі туралы талдамалық ақпарат жіберу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Талғат Нұрханов