«БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛҒАН» Үміт Битенованың кітабы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді
«БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛҒАН» Үміт Битенованың кітабы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді
Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару тәртібінің үдесіне лайық болған осы кітап қоғамдық маңызы бар әдебиет ретінде әдебиеттің көркемдік құндылығының болуы, сондай-ақ басып шығарудың өзектілігі, орындылығы тұрғысынан барынша зерделейтін Сараптама комиссиясының қарауынан өтіп, ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысын алды. Енді міне, жақында аталмыш мемуар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша баспадан жарық көрді. Автордың бұл «Балабақшадан басталған» атты жиырма баспа табақтан тұратын көлемді шығармасы – кеңестік кезеңнің өткен дәуірдегі 60-80 жылдарын қамтитын, ауыл қызының ауыр тағдыры туралы үш бөлімді деректі-хронологиялық мемуар. Мемуар стилінде сөйлеп тұрған детальдары бар, әдемі бір иірімдер бар, аздап көркемдік бояу жағылып, реңк берілген автобиографиялық кітапқа алғысөз ретінде филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтың рецензиясы енгізілген. Қою-қою оқиғалар кездесетін, қызықты жайттар көрініс тапқан шығарманың жазылуы қарапайым, тілі жалықтырмайды. Өз оқырмандарына лайықтап жазылған, Алматыдан үш мың данамен шығып, енді республиканың түкпір-түкпіріне қолжетімділікке ие болған қызықты кітап ауыл тақырыбын сүйіп оқитын жалпы қауымға арналған. Біз жерлесіміз ақын Үміт Битенованы осы жетістігімен қуана құттықтаймыз. Өлең өлкесіне де өзіндік қолтаңбасын қалдырып, ән әлеміне де ат ізін салған ақын әпкемізге шығармашылық табыс тілейміз!
«AR-AI»-ақпарат