Жаңалықтар

ЖАРҚ ЕТІП АҒЫП ӨТКЕН ЗАМАНА ЖҰЛДЫЗДАРЫ

ЖАРҚ ЕТІП АҒЫП ӨТКЕН ЗАМАНА ЖҰЛДЫЗДАРЫ

Өткен ХХ ғасырда қазақ халқы небір қилы кезеңдерді бастан кешіріп, тарихи ауыр сындардан өтті. Атап айтқанда, қызыл империяның екі дүркін (1918-1922 және 1932-1933 жылдар) қолдан қасақана жасаған аштығын өткеріп, бірнеше (1937-1938 жылдар) репрессияға ұшырады. Ұлтымыздың бас көтерер жетекші де зиялы тобын қынадай қырды, аяусыз жаншыды, қасіретке ұшыратты. Қолдан жасалған ашаршылықта миллиондаған адам (қазақтардың 51 пайызы, яғни белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің есебінше 2 миллион 200 мың адам) аштықтан көз жұмып, миллионнан аса қандасымыз атажұртын, туған елін тастап, жан сауғалап шекара асты. Жат жұртқа (Қытай, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей және т.б.) қоныс аударыпты.

Одан кейінгі 1937-1938 жылдардағы «кіші террорда» халқымыздың қаншама жайсаң, марқасқа ұлдары нақақтан-нақақ «халық жауы» атанып, жала құрбаны болып, оққа ұшты (базбір мәліметтерге сүйенсек, 25 мыңдай қазақ азаматы атылыпты). Бұл қасірет біздің Жамбыл облысын да айналып өтпеді. Талай көзі ашық, көңілі ояу ұлтжанды азаматтарымыз НКВД-ның қармағына ілініп, өмірі қиылды. Ай мен күннің аманында қаншама шаңырақ шайқалып, керегелері қирап, түңдіктер қақ айырылып, жел қуған қаңбаққа айналды. Алапат күш атаны баладан, ананы қызынан айырды. Компартияның солақай саясаты халыққа ызғардай тиді.  width= Ұлтымыздың беткеұстар мыңдаған азаматтарына «халық жауы» деген жала жабылып, қуғын-сүргінге ұшырады, себепсіз абақтыларға жабылып, мыңдағаны оққа ұшты және жер аударылды. Солардың арасында қарт Қаратаудың жотасындағы Көсегенің Көкжонындағы (Сарысу ауданының таулы аймағы) біздің алақандай ауылымыз Үшбаста қарапайым отбасында дүниеге келіп, өжеттілікпен, тапжылмай ізденіп жүріп, сауаттарын ашып, жоғары білім алып, қанаттары қатайып, мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Әшір Бүркітбаев пен Ағабек Байдуллаев та бар еді. Жастайынан мемлекеттік қызметке белсене араласып, халқының мұң-мұқтажын жақсартуға барынша үлес қосқан, өкінішке қарай жасындай жарқ ете өте шығып, зұлмат заманның құрбандарына айналған жайсаң азаматтар жайлы кейінгі ұрпақ біле жүргені жөн деген оймен осы жолдарды ақ қағазға түсірдік. Әшір Бүркітбаев (1906-1938 жылдары) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді тау-кен инженерлерінің бірі. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1938 жылы 28 ақпанда атылды. Ол 1906 жылдың 17 желтоқсанында Сарысу ауданының Көсегенің Көкжоны өңіріндегі Қаратас ауылында Сүлгетей руының Ожырай атадан тараған қарапайым кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Көп уақыт өтпей жетім қалып, Ташкент шаһарында балалар үйінде тәрбиеленді. Сол қалада ФТУЗ зауытында токарь мамандығын меңгерген соң кен орны Қарсақбайға жіберілді. 1922 жылы комсомолға, 1925 жылы КПСС қатарына қабылданды. 1928 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында өткен Республикамыздың комсомолдар конференциясына қатысып, оның хатшысы болып сайланды. 1929-1930 жылдары өлкелік жастар одағының бірінші хатшысы болып қызмет атқарып, ҚазАССР орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Негізгі қызметін атқара жүріп, республикалық «Жас Алаш» газетінің редакторы болды. 1930 жылы Мәскеудегі рабфакта білім алып, Риддер қаласының партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. 1931 жылы Свердловскіге тау-кен инженерлерін дайындайтын институтқа жіберілді. 1934 жылы Алматыда Инженерлік-металлургиялық институтын (қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы техникалық университет) ұйымдастырып, оның алғашқы ректоры (директоры) қызметіне кірісті. 1937 жылы 1 желтоқсанда «халық жауы» деген жаламен НКВД-нің қармағына ілініп, абақтыға жабылды. 1938 жылы 28 ақпан күні «үштіктің» үкімімен қазақтың бір топ арыстарымен бірге Алматының жанындағы «Жаңалық» ауылының түбінде атылды. 1958 жылы 25 наурызда КСРО-ның Жоғарғы сотының шешімімен Әшір аға ақталды. Сайын даламыздың бір түкпіріндегі шағын ауылда дүниеге келіп, мемлекет қайраткеріне дейін өскен абзал жанға туған ауылы (бұрынғы Түркістан ауылы) мен Алматыдағы Ұлттық Қ.Сәтпаев атындағы техникалық университетінің құрамындағы Металлургия және полиграфия институтына Әшір Жәнелұлы Бүркітбаевтің аты беріліп, ескерткіш-бюсті қойылған. Қазақтың «Елді ер танытады, ерді ел танытады» деген қанатты сөзі орынды айтылған екен. Саяси қуғын-сүргіннің қасіретіне іліккен тағы бір қоғам қайраткері Ағабек Байдуллаев (1902-1937 жылдар) болатын. Ол 1902 жылы бұрынғы Сырдария округі (қазіргі Жамбыл облысы) Сарысу ауданының №3 ауылында (қазіргі Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылында) қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан ойы зерек Ағабек дүбірлі Қазан революциясы жылдарында қыр асып, оңтүстіктегі қатарлас жатқан үлкен шаһар Шымкентке барып, білім жолына түсіп, сол жердегі орыс-түзем училищесін тәмамдаған. Одан кейін Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік унивеситетінде білім алған (қай факультетті бітіргені бізге әзірше беймәлім – автор). Сол жылдары қазақ халқының зиялы азаматтарымен танысып, олармен көп жылдар қоян-қолтық араласқан, саяси-ұйымдастыру қызметтер атқарып, ұлттық мүдде үшін күрескен. Кезінде Түркістан қаласындағы мақта зауытының директоры, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болып, кейінірек Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасын (облыстық милиция бөлімін) басқарған. Жиырмасыншы ғасырдың 20-сыншы жылдарының соңына қарай елімізде етек алған қуғын-сүргін, ойдан құрастырылатын негізсіз жала А.Байдуллаевты та айналып өтпейді. Ол 1928 жылдың сәуір айында «Алашорда» қозғалысының мүшесі» деген жаламен абақтыға жабылып, 5 жылға сотталып, Ресейдің «Беломор-каналының» құрылысына жіберіледі. Қиындыққа қайыспаған ер Ағабек Байдуллаев бес жылдан кейін елге аман-есен оралып, бірер жыл өзінің туған өлкесі Оңтүстікте қызмет істеп, одан кейін Қырғызстанның мемлекеттік сауда саласын басқарады. 1936 жылы Қостанай облысының Жетіқара ауданының қалалық сауда бөліміне қызметке жіберіліп, сол мекемені басқарып жүргенінде 1937 жылдың қарашасының 4-і күні «халық жауы» деген жаламен тұтқындалды. НКВД қызметкерлері оның «бұрынғы істерін еске ала отырып» 20 қараша күнгі «үштіктің» шешімімен ату жазасына кеседі. Бұл үкім уақыт суытпай 23 қараша күні іске асырылады. Ағабек Байдуллаев 1958 жылы КСРО-ның Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Бұл – өздерінің қысқа ғұмырлары секілді бізге жеткен қысқа деректер. Ой елегінен өткізсек, өкініштісі Ә.Бүркітбаев 32 жасында, А.Байдуллаев 35 жасында орынсыз жаламен зорлық-зомбылыққа ілініп, алдарына қойған биік мақсаттарына жете алмай, қанаттары қайырылып, нақақтан-нақақ өрімдей жастарында өмірлері қиылыпты. Екеуі де еліміздің түу сонау бір түкпіріндегі шөкімдей бір ауылдан түлеп ұшқан, болашақтары мол жайсаң азаматтар еді. Әттең... Зұлмат заманның құрбаны болғандардың өмірі бұл күндері аңызға айналды. Олардың есімі ұмытылмай, жадымызда жаңғырып тұрғаны өте орынды. Қиын-қыстау заманда дүниеге келіп, еліміздің жарқын болашағын аңсап, күн-түн демей ерінбей еңбек еткен, еліміздің өсіп-өркендеуіне, жетілуіне, дамуына өз үлестерін қосқан, бірақ жазықсыз жазаланған асыл ұлдарымыз ол құрметке әбден лайық. Шейіт кеткен, құрбан болған тұлғаларымыздың рухына бас иіп, әркез тағзым етейік. Оларды ұмыту, еске алмау мүмкін емес! Ол әркімнің азаматтық парызы. Ой елегінен өткізсек, қайран қазақ қынадай қырған аштықты да көрді, аяусыз қанды репрессияны да, тоқтықты да көрді. «Әр қазақ – менің жалғызым» десек, қазақты қан қақсатқан сұрапыл жылдар зардабын естен шығаруға, тарихтан сызып тастауға болмайды. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы арман еткен, көптеген қиындықтармен қол жеткізген тәуелсіздігіміз баянды, ел-жұртымыз аман, заман тыныш, өміріміздің әр күні мәнді, табысты, болашағымыз жарқын болғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі