Брифинг

«NARCOSHEKTEUTARAZ» БОТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«NARCOSHEKTEUTARAZ» БОТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Оразалы Құдабаев «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасының қорытындысы туралы баспасөз конференциясын өткізді. Биылғы 1 маусым мен 31 қазан аралығында полиция департаменті есірткінің таралуын болдырмау мақсатында «Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Операцияны жүргізу кезеңінде 28 жедел-мобильдік топ пен департаменттің 100-ден астам қызметкері, 8 қызметтік-іздестіру иті жұмылдырылып, қарасораны басқа өңірлерге әкетудің жолын кесу үшін 5 жылжымалы мобильді бекет қойылды. Сондай-ақ Ұлттық Ұланның «Бүркіт» арнайы жасағының күштері мен құралдары және Қорғаныс министрлігінің «SkylarkI-LEX» маркалы ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылған. – Жалпы осы жылдың 10 айында 516 есірткі құқықбұзушылығы анықталды. Атап айтқанда оның 202-сі қылмыс және 314-і қылмыстық теріс қылық. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 5,5 тоннадан астам әртүрлі есірткі құралдары тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 тоннаға көп. Есірткі қылмыстары және қылмыстық теріс қылықтар үшін 169 адам жауапқа тартылды. Мәселен, жедел іс-шараларды жүргізу кезінде Шу алқабынан басқа өңірлерге шығару үшін қарасораны шабу және дайындау барысында күдікті тұлғалар ұсталып, 10-нан астам дерек анықталды. 18 маусымда құмды аймақта жабайы қарасораны шабу кезінде Шу ауданының тұрғыны ұсталып, 232 келіден астам қарасора тәркіленді. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде 24 килограмнан астам «гашиш» және 12 килограмм «марихуана» табылды. Сондай-ақ 4 қазанда жабайы қарасораны шабу және жинау кезінде Байзақ ауданының тұрғыны ұсталды, одан 229 килограмнан астам «кептірілген марихуана» есірткісі және 4 килограмнан астам «гашиш» тәркіленді. «Шу алқабында» жедел іс-шараларды өткізуден басқа, автожолдарда Алматы, Түркістан облыстары және солтүстік өңірлер бағытында есірткі әкетудің жолын кесу үшін қызметтік-іздестіру иттері бар 5 мобильді бекет қойылды, нәтижесінде 42 есірткі құқықбұзушылығы анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде есірткі қылмысы үшін іздестіріліп жатқан қылмыскерлер саны 15-тен 7-ге дейін төмендетілді, жыл басынан бері іздестіріліп жатқан 12 адам ұсталды. Операцияны жүргізу кезеңінде есірткі құралдарының таралуының алдын алуға баса назар аударылды. Осының нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабы бойынша 59 әкімшілік материал толтырылды және аудандық әкімдіктермен және прокуратурамен бірлесіп 220 тонна жабайы қарасора өртеу жолымен жойылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдан 95 тоннаға көп. Операция кезінде синтетикалық есірткі заттарының таралуының алдын алуға және жолын кесуге ерекше назар аударылады, – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Оразаллы Тортайұлы. Полиция департаментінің базасында синтетикалық есірткі заттарын сақтау орындары, граффити-жазбалар, облыс тұрғындарының жарнамалық белгілері бар аккаунттар туралы хабарламалары мен сұрауларын жинайтын «NarcoShekteuTaraz» «Telegram»-боты іске қосылған. Бот жұмыс істеген сәттен бастап 1574 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде интернет желілері бойынша 1379 есептік жазба бар, оның 888-і бұғатталған және 480-і Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде бұғатталған. Айжан ӨЗБЕКОВА