«Бала ART»-тың үздіктері анықталды
«Бала ART»-тың үздіктері анықталды
Баланың жастайынан шығармашылық қабілетін қалыптастырып, бейімділік қабілетін арттыруға қолдау көрсету – өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда жуырда «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен әуесқой балалар үйірмелерінің «Бала ART» облыстық байқауы өтті. Сайысқа аймақтың түкпір-түкпірінен келген 6-17 жас аралығындағы 300 үміткер қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің рухани, адамгершілік және көркемдік дамуын қалыптастыру, халық шығармашылығын дамыту мен насихаттау, жас өрендердің шеберліктерін шыңдау, қазақ өнеріне, мәдениетіне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, тұлғалық қасиетін қалыптастыру. Сайыс 5 номинация бойынша өтті. Яғни, жас өрендер аспаптарда ойнап, вокал және хореография бағытында өнерлерін паш етті. Сондай-ақ қолөнер бағытында да бақтарын сынап, ерекше өнерлерімен көрерменді таң қалдыруға тырысты. Қатысушыларды әділ бағалайтын қазылар алқасының құрамында «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, қазылар алқасының төрағасы Ғани Садырбаев, қолөнер шебері, «Жамбыл облыстық қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Бисенов, күйші-композитор Ержан Рысметов, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нәзима Үсенова, балетмейстер, педагог-хореограф, «Ерке» даму орталығының директоры Ляззат Есбергенова болды. Жиында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз сөйлеп, балаларға сәттілік тіледі. – Бұл байқау сіздерге таланттарыңызды шыңдап, үлкен сахнаға жол салуға мүмкіндік береді. Сіздер осы байқаудың келесі қатысушыларына, арттарыңыздан ерген өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар. Шығармашылықтарыңызды дамыту жолында мақсат-мұраттарыңызға жетуге әрбіріңіз лайықтысыздар, – деді Сара Қабылбекқызы. Өнерге деген ықыласы мен қызығушылығы жоғары талантты балалар ұлттық аспаптарда ойнап, әннен шашу шашты. Түрлі ұлт өкілдерінің биімен сахнаны көркемдеп, күмбірлеген күйімен көрермендерді тәнті етті. Алғаш рет ұйымдастырылған әуесқой балалар үйірмелерінің өнер сайысы мәресіне жетіп, үздік шыққан жас өнерпаздар марапатталды. «Аспапта орындау» номинациясы бойынша бірінші орынды Жуалы ауданынан келген Маржан Кенжебек, «Вокал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Байзақ ауданының атынан қатысқан Назарбек Жаңабай, «Хореография» номинациясы бойынша «Арабеск» би тобы үздік деп танылды. Ал «Қолөнер» номинациясы бойынша Меркі ауданынан келген Сания Әсімбек қазылар алқасын өз туындыларымен таң қалдырып, 1-орынға ие болды. Айта кетейік, облыстық байқаудан іріктелген өнерпаздар жыл соңында Гала-концертте өнер көрсететін болады. Аяулым Жаманқара