Жаңалықтар

Жаңатаста 56 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Жаңатаста 56 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданына жұмыс сапары барысында Жаңатас қаласындағы 1 шағын аудан, №60 үйдің кілтін тұрғындарға табыстау рәсіміне қатысты. Қайта жаңғыртудан өткен тұрғын үйде 2 бөлмелі 44 пәтер, 3 бөлмелі 8 пәтер, 4 бөлмелі 4 пәтер бар. Облыс әкім қоныс той иелерін қуанышмен құттықтап, облыс көлеміндегі баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. - Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарында. «Баспана - бақыт шамы» демекші мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға және халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған облыс тұрғындарының санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Мәселен, өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 693,5 мың шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Ал, биыл облыс бойынша 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй беруді көздеп отырмыз. 2022 жылы 28 тұрғын үй пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 41 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңгеге тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылар санатына 797 пәтер сатып алу жоспарлануда,- деді Ербол Қарашөкеев. Сондай-ақ, аймақ басшысы бүгінде аудан орталығындағы пәтер кезегінде 1638 адам тұрғанын тілге тиек етіп, қала тұрғындарын баспанамен қамту бойынша аудан әкіміне нақты міндеттер жүктелгенін жеткізді. Биылдың өзінде Жаңатас қаласында жаңғыртудан өткен 160 пәтерлі үш үй сатып алынып, пайдалануға берілмек. Бұдан соң пәтер кілттері табысталып, қонақтар үйлерді аралап көрді.