Руханият

Кабинетке ұстаз есімі берілді

Кабинетке ұстаз есімі берілді

Барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы қорытындыланған шақта оқушылар ұстаздарына құрмет көрсетуде. Расында бұл – мұғалімдердің еңбегі бағаланатын әдемі мереке. Соңғы қоңырау соғылатын күні Луговой ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейде осы білім ошағына еңбегі сіңген ұстаз Бейбіт Əбутəліповтің атымен аталатын жаңа кабинет ашылды.

Небәрі 42 жыл өмір сүрген Бейбіт Абақұлы ғұмырының 20 жылын ұстаздыққа арнаған. Ол өзінің туа біткен тамаша қасиеттерімен, білімге құштарлығымен, ізденімпаз, еңбек сүйгіштігімен 22 жасында өзі туып-өскен Қызылшаруа ауылындағы орта мектепте еңбек жолын бастаған. Осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған Бейбіт Əбутəліпов кейін Калинин орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де мінсіз атқарады. Алғыр да іскер азамат 1985 жылы аудандағы ең ірі де іргелі білім ошақтарының бірі №33 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебіне директор болып тағайындалады. Дархан мінезді ол жас та болса көргені көп парасатты басшы бола білді. Сонысымен өз əріптестері мен ұжымының арасында, өзі тəрбиелеген шəкірттерінің алдында сыйлы болды. Аталған мектепте 15 жыл үздіксіз еңбек етті. Жары Тұрсынкүл Тоққожақызымен бірге 2 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсірді. Жары да, ұл-қыздары да ұстаз. – Əкешім – ақжарқын, ақкөңіл, адал адам еді. Бойына біткен байсалды мінезімен барша жанның жүрегіне жылу сыйлап, қамқорлық көрсететін. Әке-анасынан алған тәлімін біздің де бойымызға сіңірді. Әлі күнге дейін үлкен қалада оқуда жүргенінде әкесі, яғни атамның баласына жазған хаттары үйде сақтаулы. Сол хаттарында атам әкеме: «Балам, халық «Білім – арзан, білу – қымбат» деген. Әрине, «Оқы! Білім ізде!» деген ақылшының сөзі ғана. Оны іске асыратын өзіңсің. Талай қызық әлі алда, қазір физика ғылымының құдіретіне үңіл, ізден! Спорттың өзің қалаған бір түрімен шұғылдан! Тамағыңды уақтылы ішіп жүр, денсаулығыңды күт! Сөйт қарағым. Келесі хатыңда «Білім – бұлақ. Ақыл – жағалай біткен құрақ» деген бабалардан қалған сөздің мағынасын түсіндіріп жзазып жібер» деп жазыпты. Осыдан-ақ атамның әкемді бала күнінен қалай тәрбиелегенін түсіндім. Әкемнің ізін жалғап, бүгінде өзім де жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, мұғалімдік жолда еңбек етіп жүргеніме қуанамын. Әкемнің есімін кабинетке беріп, ұзақ жыл қызмет еткен білім орнындағы жасөспірімдерге өнегесін таратуды көздеген Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің ұжымына алғыс айтамын, – дейді қызы Бэлла. – Бейбіт ағамызбен бірге жұмыс істеген жандар «Ол кісінің өз əріптестеріне, жас шəкірттерге, ата-аналарға, жалпы адам баласына жасаған жақсылықтары мен қамқорлығы, дұрыс жолға жетелейтін ақыл-кеңестері, тəрбие-тағылымдары өте көп. Бүгінде ол жақсылықтары əрбіріміздің көңіл сарайымызда сайрап жатыр» деп еске алады. Осындай ұлағатты ұстаздың бұл дүниеде өзі болмаса да өнегесін жас ұрпаққа тарату мақсатында есімімен аталатын арнайы кабинетті балаларымен бірлесіп ашып отырмыз. Сол кабинетке мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Мәмбетиярованың арнаған өлеңі көрнекі түрде жазылды. Осыдан-ақ Бейбіт ағамыздың тек басшы емес, ақылшы аға болған адамгершілігін аңғардық. Өмірден өзі өткенімен артындағыларға үлгі етерлік ізін қалдыратын жандар болады. Міне, Бейбіт ағамыз осындай азамат деп білемін, – дейді аталмыш мектептің директоры Ербол Кайпулдаев. Ұстаздың есімі берілген кабинеттен білім, тәлім алып шыққан әрбір оқушы бойына бекзаттық пен ілім жиған тұлға болып шығарына сенеміз.

Қамар РАХМЕТУЛЛИНА, Т.Рысқұлов ауданы