Қоғамдық бақылаудың қайыры бар
Қоғамдық бақылаудың қайыры бар
Жуырда ҚР Сауда және интеграция министрлігі облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған бастамалары мен тұтынушылар құқығының қорғалуы талқыланды. Биыл 9 айда департаментке тұтынушылардың құқықтары бұзылуына қатысты 512 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 223 өтінішке көбейген. Өтініштердің өсуі 77 пайызды құрайды. Оның ішінде бөлшек және электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсетуге қатысты шағымдар көптеп жиналған. – Департаментке келіп түскен шағымдардың арасында бөлшек сауда саласы бірінші орында. 229 өтініш келіп түскен. Екінші орынға 76 өтінішпен электрондық сауда саласы ие болды. 51 өтінішпен тұрмыстық қызмет көрсету саласы «көшбасшылар» үштігін аяқтап тұр. Өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда, үшінші орынды иеленген тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы өтініштердің саны едәуір артқан. Бөлшек сауда бойынша түскен шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан, соның ішінде 14 күнтізбелік күн ішінде тауарды қайтару мен айырбастаудан бас тарту басым болып отыр. Ал электрондық сауда саласында тұтынушыларды алдау фактілері байқалады. Тұрмыстық қызмет көрсету саласында жиһаздың, сондай-ақ пластикалық терезелер мен есіктердің сапасыз өндірісі басым, – дейді департамент басшысының орынбасары. Жалпы департаментке келіп түскен 323 өтініш, яғни 67,8 пайыз толығымен қанағаттандырылған. Тұтынушыларға 26,4 миллион теңге қайтарылды. 30 өтініш өз құзіреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілген. Оның ішінде 159 өтініш бойынша тұтынушылар өз мәселелері жайында түсініктеме алды. Сонымен қатар департамент биыл 9 айда тұтынушылардың өтініштері негізінде бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 44 тексеру жүргізген. Оның ішінде сауда саласында 33 тексеру ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруына қатысты болса, қалған 11 тексеру тұтынушының шағымына жазбаша жауап бермеуіне қатысты жүргізілді. – Тексеру нәтижесінде 31 құқықбұзушылық анықталып, 31 ұйғарым енгізілді. 30 құқықбұзушылық субьектілеріне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабы бойынша шағын бизнес субъектісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 айыппұл салынды. Бұдан басқа, ӘҚБтК-нің 802-бабының негізінде 2 айыппұл салынды, оның ішінде ірі бизнес субъектісіне 30 айлық есептік көрсеткіш және шағын бизнес субъектісіне 6 айлық есептік көрсеткіш. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 158 700 теңгені құрайды, – дей келе Байқадам Дүйсенбаев ішкі нарықтағы басты міндетке тоқталды. «Мемлекет басшысының қойған басты міндетіне сәйкес, ішкі нарықтағы басты талап – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бірақ оған азаматтық қоғамның, қоғамдық институттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, сонымен қатар бейжай тұтынушылардың белсенді ұстанымынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Яғни, біз барлық 19 миллион қазақстандық, соның ішінде тұтынушылар болып табылатын барлық қатысушылар туралы айтып отырмыз. Біз «Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасын іске қосуды ұсынамыз. Ол үшін заңнамалық құралдар мен тетіктердің базалық жиынтығы бар», деді спикер. Қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң қоғамдық бірлестіктерге келесі мүмкіндіктерді береді. Атап айтқанда, тауардың тұтынушылық қасиеттерін зерттеуге, тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама дайындауға, өнімнің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін сауалнама жүргізуге бастамашылық жасауға жол ашады. Және заң аясында тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгіну, тұтынушылардың мүддесі үшін сотқа талап қою, сондай-ақ өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу нәтижелері туралы ақпаратты таратуға арналған. Сонымен қатар, осы функцияны іске асыру кезінде қоғам белсенділері тауарды сату орындарына барған кезде фото, аудио, бейнетіркеуді қолдануға құқылы. Жиын соңында спикер БАҚ тарапынан қойылған сұрақтар мен мамандардың сауалына жауап берді. Аяулым Жаманқара