Білім

БИЫЛ ТҮЛЕКТЕР ҰБТ-НЫ ҚАЛАЙ ТАПСЫРАДЫ?

БИЫЛ ТҮЛЕКТЕР ҰБТ-НЫ ҚАЛАЙ ТАПСЫРАДЫ?

Облысымызда 2021–2022 оқу жылының қорытындысы бойынша биыл 11 762 оқушы мектеп бітірсе, 21213 оқушы 9-сыныпты аяқтап отыр. Қорытынды аттестаттау 9, 11-сынып оқушылары арасында 27 мамыр – 10 маусым аралығында жүргізіледі. Қорытынды бітіру емтихандары 9-сыныптарда 4 пәннен, 11-сыныптарда 5 пәннен өтеді. Барлық емтихандар оқу орындарында, мектептерде тапсырылады. Биыл 490 оқушы «Алтын белгіге» үміткер (2021 жылы – 485). «Алтын белгіге» үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын (ана тілі мен математика) облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр – 5 шілде аралығында өтуде. Оған қатысу үшін 11762 мектеп бітірушінің 8842-і (75,2 пайыз) тіркелді. Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта компьютерлік тест түрінде «1 тестіленуші – 1 компьютер – 2 камера» қағидаты бойынша өткізілуде. Тестілеу «Ustudy» орталығының 2 пунктінде өткізілуде (Тараз қаласында 210 орындық (Тәуке хан көшесі, 24), Шу ауданында 100 орындық пункт (Төле би ауылы, Қонаев көшесі, 92). ҰБТ-ның жаңа форматы мектеп бітірушілер үшін өте қолайлы, себебі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады. Сонымен қатар 26 мамыр мен 17 маусым аралығында оқушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыру мақсатында жазғы мектеп жұмыс істейді. Оған 1-8-сынып және 10-сыныптың оқушылары қатысады. Жазғы мектепте білім алатын жалпы оқушы саны – 205738.

«AR-AI»-ақпарат