Жаңалықтар

Облыс әкімі шетелдік инвесторларды қабылдады

Облыс әкімі шетелдік инвесторларды қабылдады

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев шетелдік инвесторлармен кездесті. Алдымен облыс әкімі италиялық инвесторлар, яғни «Confindustria Kazakhstan» компаниясының бас директоры Валтер Макчиді және осы компанияның өкілдері Де Биаси Франческо мен Луча Латиниді қабылдады. Өз сөзінде Ербол Шырақпайұлы Жамбыл облысы химия өндірісінің отаны саналатынын, жалпы қазіргі таңда өңір өндірісін өркендетудің мүмкіндігі мол екенін тілге тиек етті. Сөз кезегі берілгенде Валтер Макчи бұл компания 1910 жылы құрылғанын, өзінің 113 жылдық тарихында компания ең маңызды бизнес ассоциацияға айналғанын әңгімеледі. Сонымен қатар компанияның Астана қаласында өткен жылы филиалы ашылып, жемісті жұмыс істеп жатқанын сөз етті. Италиялықтар өз жобасын таныстыру барысында қаланы дамыту және білім алмасу мәселесіне қатысты, нақты айтқанда архитекторлар мен инженерлер дайындайтын италиялық іргелі оқу орнының филиалын ашу туралы жоспарларын ұсынды. Е.Қарашөкеев қаланы дамытуға қатысты жобаның таныстырылымында Тараз қаласының дизайн кодын қалыптастыру қажеттігін атап өтіп, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке аталған бағыттағы жұмысты қолға алу және италиялық оқу орнының облыстағы филиалын ашу ісін жеделдетуді тапсырды. Бұдан кейін қытайлық «CECGC Overseas Investment Company» компаниясының өкілі Тао Джанг пен Гаокианг Юн өз жобаларын таныстырды. – Өткен айда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған жұмыс сапары жемісті өтті. Сол кезде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Cи Цзиньпин мырзамен көптеген ауқымды стратегиялық мәселелерге қол жеткізілді. Біздің облыс химия өндірісі саласында еліміз бойынша алдыңғы орында, химия өндірісі, металл өндірісі ісінде өңіріміз айтарлықтай дамыған және желден электр қуатын өндіру ісінде де көшбасшы өңірлер қатарында тұрмыз. Сонымен қатар Қазақстанның фосфор өндірісінің де 70 пайызы біздің облысқа тән. Құрылыс индустриясына келетін болсақ, өңірде көптеген инвестициялық ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен цементтен, гипстен жасалатын және тағы басқа сан түрлі құрылыс материалдарын шығаратын жобалар. Бұл ретте облысқа Франция, Германия, Сингапур, Қытай секілді дамыған мемлекеттерден инвесторлар келіп, жұмыс істеуде. Оның ішінде бізге өз жобасын ұсынып, келісімімізді алған қытайлық компаниялар да бар. Мәселен ол компаниялар желден электр энергиясын өндіруге қажетті және егіс алқаптарын жаңбырлатып суаруға арналған құрылғы шығаратын зауыттар салмақ, – деді облыс әкімі. Тао Джангтың айтуынша, «CECGC Overseas Investment Company» бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде компания жасыл энергия көздерін өндіру, лас суды тазарту, су қоймалар салумен айналысады. Бұл компания әлем бойынша энергетика саласына инвестиция салуда 11-орында тұрса, инвестиция бағамы да өте жоғары көрінеді. Қазақстан бойынша кәріз суын тазартатын кешені жоқ облыс орталығы Тараз қаласы ғана. Е.Қарашөкеев кәріз суын тазарту кешенін салу жобасы қолға алынып жатқанын және облыста алдағы уақытта 14 су қоймасын салу көзделгенін атап өтіп, жауаптыларға компаниямен бірігіп жұмыс істеуді тапсырды. Нұрым Сырғабаев