Жаңалықтар

Хас шеберлердің сайысы

Хас шеберлердің сайысы

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында сервис және қызмет көрсету саласы бойынша III республикалық кәсіби шеберлік конкурсы ұйымдастырылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқау оқытушылардың кәсіби біліктіліктерін шыңдауға көмектеседі.   Биыл Ақтау қаласындағы Маңғыстау туризм колледжінде өткен сайыста үміткерлер «Аспаз ісі», «Мейрамханалық қызмет көрсету»,«Наубайшы ісі», «Кондитер ісі» құзыреттіліктері бойынша 2 кезеңнен тұратын теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады. Оқытушылар теориялық және практикалық дайындықтарын, білім беру саласында инновациялық тәсілдерді шебер пайдалана алатындықтарын көрсетті. Аталған байқауға «Кондитер ісі» құзыреттіліктері бойынша жұмыс жүргізетін республикадағы 14 колледждің арнайы педагогтері қатысты. Өз кәсібінің үздіктерін анықтау «Worldskills» стандарты және СIS бағалау жүйесі критерийлері 5 модуль арқылы бағаланды. Міне, осылайша тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша №3 Байзақ колледжінің 10130300 «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының арнайы пән оқытушысы Айткул Балғабаева үздік маман ретінде арнайы медальонмен марапатталды. Біз аймақтың абыройын асқақтатқан әріптесімізді жетістігімен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз.   Қанатбек МҰРАТАЛИЕВ, №3 Байзақ колледжі директорының оқу өндірістік ісі жөніндегі орынбасары