Жамбыл жаңалықтары

Техника жаңармай, тірлік алға баспайды

Техника жаңармай, тірлік алға баспайды

Облыс диқандары биыл шама-шарқынша егін егіп, оны ала жаздай күтіп-баптады. Алайда вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығы туындап, салдарынан аңқасы кепкен кейбір алқаптағы дақылдар күйіп кетті. Осыған орай облыстың бірқатар аудандарында төтенше жағдай жарияланып, шығынға батқан шаруаларға қазіргі таңда өтемақы төленуде. Ал егін бітік шығып, судан тарықпаған өскіндер ойдағыдай өнім беруде. Бұл жөнінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат отырысында сөз болды. Онда өңірде ауылшаруашылық дақылдарын жинау науқаны қай деңгейде өтіп жатқаны талқыланды. Жиында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков баяндама жасады. Аталған басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың қорытындысымен ауылшаруашылық өнімдері 535,7 миллиард теңге көлемінде, 93,1 пайыз деңгейде орындалады деп күтілген екен. Оның ішінде өсімдікшаруашылығы – 316,3 миллиард теңге, (87 пайыз), малшаруашылығы 219,3 миллиард теңге (102,0 пайыз) көлеміне жетіпті. Жалпы биыл ауылшаруашылық дақылдары облыста 762,5 мың гектар алқапқа егілген. Тарқатып айтсақ, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 407,3 мың, майлы дақылдар 65,6 мың, қант қызылшасы 10,9 мың, картоп 11,4 мың гектарға отырғызылған. Сондай-ақ көкөніс дақылдары 43,1 мың, бақша дақылдары 16,7 мың, мал азығы дақылдары 207,6 мың гектарды құраған. Алайда ауа райының қолайсыздығынан және суармалы судың жетіспеу салдарынан жалпы 15,1 мың гектар алқап жарамсыздыққа ұшырапты. – Егілген 386,1 мың гектар дәнді-масақты дақылдардың 5,9 мың гектар алқабы күйіп кетті. Нақтылап өтсем, Т.Рысқұлов ауданында 5 349 гектар, Сарысуда 530 гектар жарамсыз болып қалды. Ал 380,3 мың гектар алқаптың егіні орылып, барлығы 363,2 мың тонна дән бастырылды. Ауылшаруашылығы дақылдарының бункерлік салмақта орташа өнімділігі гектарына 9,6 центнерді құрады. Сонымен қатар 11,4 мың гектар картоп дақылының 24,5 гектар алқабы жарамай қалса (Байзақта 24,5 гектар), қалған 10,3 мың гектары түгелдей, яғни 100 пайыз жиналды. Нәтижесінде өнімділігі 226,8 центнерден айналып, барлығы 257,2 мың тонна өнім алынды. Ал 43,1 мың гектар көкөніс дақылдарының 161 гектар алқабы жарамсыздыққа ұшырағанымен, 42,9 мың гектардың өнімі түгел жиналды. Осылайша орташа өнімділігі гектарына 275 центнерді құрайтын 1 181,4 мың тонна өнімге қол жеткізілді. Сондай-ақ 19,6 мың гектар дәндік жүгері дақылдарының 2 780,3 гектар алқабы жарамай қалды. Атап айтқанда, Байзақта 614, Қордайда 2856, Меркіде 167,7, Таласта 35 және Шу ауданында 71,9 гектар шығынға ұшырады. Дәндік жүгері дақылдары бойынша барлығы 15,7 мың гектар өнім жиналып, нәтиже 84,8 пайызды құрады. Жалпы түсімі – 85,3 мың тонна.