«ҚАУІПСІЗ ЕЛ» – ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ
«ҚАУІПСІЗ ЕЛ» – ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ
Мәселен, биылғы жылдың 9 айында облыс аумағында 454 есірткі құқықбұзушылығы анықталған. Есірткі қылмыстарының ішінде есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау бойынша – 61 дерек, есірткі контрабандасы – 15, құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру – 23, есірткі сату – 68, есірткіні насихаттаған 7 дерек тіркелген. – Қабылданған шаралар нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда есірткі заттарын тәркілеу көрсеткіші 2 тонна 900 келіге артты. Яғни заңсыз айналымнан 5 тонна 198 келіден астам әртүрлі есірткі заттары алынды. Оның ішінде 4 тонна 087 келіден астамы қарасора өсімдігі, 1 тонна 052 келіден астамы марихуана, 57 келіден астам гашиш, 745 грамм героин және 1 келі 05 грамм синтетикалық есірткі заты, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Саламатов. Полиция департаменті бастығының бастамасымен осы жылдың ақпан айында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалып, бекітілген. Жоспар аясында есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша нақты шаралар жүзеге асуда. Жоспарды іске асыру аясында Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен Байзақ ауданындағы есірткі лабораториясы және Шекара қызметімен бірге Қырғыз Республикасынан Алматы және Шымкент қалаларына героин жеткізу арнасының жолы кесілген. Осы жылғы 1 маусымда «Қарасора – 2023» іс-шарасы басталып, оған департаменттен 120 қызметкер және Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы қосылыпты. Нәтижесінде 4 қазандағы құмды аймақта жабайы қарасораны шабу және жинақтау кезінде Байзақ ауданының тұрғыны ұсталып, 229 келіден астам кептірілген марихуана және 4 келіден астам гашиш есірткі заттары алынды. Есірткінің басқа облыстарға шығуының алдын алу мақсатында Алматы, Шымкент және Солтүстік Қазақстан облыстары бағытына 5 мобильдік топ қойылып, іздестіру иттерінің көмегімен тоғыз есірткі құқықбұзушылығы анықталған. Алмас Саламатовтың айтуынша, жабайы қарасорамен күресте тиімді профилактикалық шаралардың бірі – шабу мен өртеу. – Осы ретте, аудандық әкімшіліктермен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, қаралып жатқан мерзімде 207 тонна қарасораны өртеу арқылы жойды, ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 125 тонна болған. Өткен жылдың желтоқсанында полиция департаментінің бастығы ғылым докторлары Е.Бадаев және С.Құлмановпен қарасораны жоюдың тиімділігін зерттеу бойынша кездесу өткізді. Осыған орай, биыл 21 мамырда Шу қаласында оннан аса ғылыми институттың және жұмыс тобының қатысуымен көшпелі кеңес өткізілді. Онда жабайы қарасораны жою бойынша ғалымдар мен мамандардың ұсынысы тыңдалды. Осы жылдың тамыз айында облыс әкімдігінің қолдауымен Шу алқабындағы жабайы қарасораның өсу картасын жасау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарына 40 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен жабайы кендірдің таралу картасын жасау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқтау мерзімі қараша айына белгіленді. Ішкі істер министрлігі жоспарында барлық органдардың басты міндеті ретінде есірткі қылмысының алдын алуға ерекше назар аударылған, – деді полиция полковнигі. Бүгінде есірткі сатумен астыртын айналысатын интернет-ресурстар көбейіп бара жатқаны белгілі. Әсіресе, ол интернет-ресурстарында «өткізушілер», «операторлар» және тағы басқа топтар арқылы тарауда. Биылғы жылдың 29 маусымында Үкіметпен 2023-2025 жылдарға арналған жоспар бекітілген болатын. Жоспар бойынша облыстық прокуратураның бастамасымен интернет-ресурстарға мониторинг және талдау жүргізу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Нәтижесінде қазір әрбір орган есірткіні насихаттаумен айналысатын шоттарды дербес анықтап, оларды бұғаттауға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдайды. Сонымен қатар облыс прокуратурасымен әзірленген полиция департаментінде «Narco Shekteu Taraz» «Telegram»-боты жұмыс істейді. Ол облыс тұрғындарының синтетикалық есірткі заттарын, граффитилерді, жарнама белгілері бар шоттарды сақтау (қоспалар) ықтимал орындар туралы хабарламалар мен сұраныстарды жинайды. Мәселен, «Narco Shekteu Taraz» «Telegram»-боты іске қосылғаннан бастап 1339 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде ғаламтор желісі арқылы сатумен айналысатын 1273 аккаунт анықталып, оның ішіңде 702-сі бұғатталып және 571-і Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бұғатталуда. Сонымен қатар осы жылдың тоғыз айында 22 мыңнан астам студенттің қатысуымен 678 профилактикалық іс-шара өткізіліп, қала әкімшілігімен және жұмыс тобымен 205 «граффити» жазбасы жойылған. Жоспарды іске асыру мақсатында Тараз қаласының аумағында арнайы іс-шаралар нәтижесінде 4 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталған. Аталған қылмыстық топтың «операторы» (Д.Романов) «Telegram» арнасы арқылы синтетикалық есірткі таратуға адамдар жинаған және Атырау, Алматы қалаларына өткізу чатын ұйымдастырған. Жалпы алынған есірткінің салмағы 600 грамнан аса «мефедронды» құрады. Биыл полиция департаментінің жедел бөлімінің қызметкерлері де толықтай скринингтен өткен. Полиция полковнигі А.Саламатов осыған байланысты, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мемлекеттік қызметкерлерді және білім беру, денсаулық сақтау органдары студенттер мен оқушыларды скринингтен өткізу туралы мәселені шешу қажет екенін айтады. «Синтетикалық нашақорлық проблемасы біздің қоғамды улауда. Онымен барлық деңгейде күресу керек. Синтетикалық есірткіні қолданатын адамдардың уақытылы жолын кесу үшін білім беру орындары мен облыстағы 11 жастар орталығының психологтарына оны ерте кезде анықтауды жүктеу қажет. Ары қарай полиция органдарымен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар жүргізу маңызды. Есірткіге тәуелді адамдарды емдеу ұзақ және уақытты қажет ететін процесс. Осыған байланысты денсаулық сақтау органы оңалту немесе басқа да орталықтар ашу туралы сұрақты қарау керек. Нашақорлық – бүкіл әлемде таралған әлеуметтік мәселе. Бір ғана полицияның күшімен оны жеңе алмаймыз. Ортақ күш салудың, жан-жақты шаралар қабылдаудың нәтижесінде ғана біз бұл проблемаға мықты тосқауыл қоятын боламыз!» дейді ол. Айжан Өзбекова