«SHOE CENTER» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
«SHOE CENTER» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
«Өзбекстан мен Қазақстандағы былғары және былғары бұйымдары бойынша ЖОО-ның әлеуетін арттыру» REILEAP жобасы аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Shoe Center» білім беру орталығы ашылды. REILEAP жобасының мақсаты – былғары бұйымдары орталықтары мен былғарыдан жасалған бұйымдарды жобалаудың жаңа әдістерін үйрететін орталықтар құру арқылы Өзбекстан мен Қазақстандағы былғары өнеркәсібін жаңарту. Қазақстанда былғары және аяқкиім өнеркәсібінің дамуы маңызды орынға ие. Бұл сала жұмыс орындарын құруға және өндірісті арттыруға көмектеседі, елдің экономикалық өсуіне ықпал етеді. Былғары және аяқкиім өнеркәсібін дамыту импорттық аяқкиім мен былғары бұйымдарына тәуелділікті азайтуға, жергілікті нарықты нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сапалы былғары және аяқкиім өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болып, экспортты жеңілдетеді және валюталық түсімдерді арттырады. Дамып келе жатқан былғары және аяқкиім өнеркәсібі дизайн мен инновацияны алға жылжытуда, бірегей өнімдерді жасауға әкелуі мүмкін. Былғары мен жүн өндірісі арқылы өнеркәсіп ауылшаруашылығына үлес қоса алады. Өйткені ол малшаруашылығынан алынатын шикізатты тұтынады. Жалпы алғанда былғары және аяқкиім өнеркәсібінің дамуы Қазақстан экономикасының әртараптандырылған дамуына ықпал етіп, өсу мен инновациялар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. «Shoe Center» орталығының ашылуына Грекия, Италия, Түркия, Румыния және Өзбекстаннан келген жобаның шетелдік серіктестері, Тараз қаласының әкімшілігі, Қазақстан Республикасының былғары және аяқкиім өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдері және университеттің бұрынғы ректоры, академик Өскенбай Мадиев қатысты. Кездесуді жобаның үйлестірушісі Николаос Билалис және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова ашты. Николаос Билалис университеттің профессор-оқытушылар құрамын және студенттерін Крит техникалық университетімен (Грекия), Богдан Русу мен Арина Сеул Георге Асаки және Ясси техникалық университетімен (Румыния), Мехмет Мете Мутлу Эге университетімен (Түркия) таныстырды. Кездесу кезінде Өзбекстанның екі университетімен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Дилобар Зуфарова («Узчармсаноат» ассоциациясы, Өзбекстан) Былғары бұйымдарының инновациялық технологиялары» білім беру бағдарламасының II, III және IV курс студенттерін «UZCHARM Style 2023» аяқкиімнің, аксессуарлардың, былғары мен үлбірден жасалған бұйымдардың жас дизайнерлерінің бірінші халықаралық байқауында алған III орнымен құттықтап, дипломдарын табыс етті. Кездесу «Shoe Center» орталығының ашылуымен жалғасты. Жобаның үйлестірушісі Николаос Билалис, проректор Шолпан Есімова және Тараз қаласы әкімдігінің өкілі салтанатты түрде лентаны кесіп, ресми ашылумен барлық қатысушыларды құттықтады. Орталық екі аудиторияны қамтиды және Эразмус+ бағдарламасының толық қаржыландырылуымен 3D сканер, 3D принтер, былғарының динамикада суға төзімділігін сынауға арналған құрылғы, тігін машиналары, аяқкиім дайындамаларының бөлшектерін трафарет-кескіштер көмегімен кесетін тескіш пресс, 3D бағдарламаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін моноблоктар мен компьютерлер сынды заманауи құрылғылармен жабдықталған. Орталық тренерлері, яғни «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының оқытушылары және де «Былғары бұйымдарының инновациялық технологиялары» білім беру бағдарламасының студенттері Грекия, Италия, Түркия, Румыния елдерінің жоғары оқу орындарында екі апталық курстар негізінде біліктіліктерін арттырған. Ашылу салтанатынан кейін жобаның шетелдік серіктестері Дулати университетінің физикалық-механикалық зерттеу орталығы мен наноинженерлік зерттеу лабораториясын аралап, Тараз қаласындағы аяқкиім фабрикаларына барды. Олар аяқкиім өндіру технологиясымен және бұйым ассортиментімен танысты. Аяқкиім фабрикасының бас директоры мен жұмысшыларымен әңгімелесу жүргізіп, аяқкиім өнеркәсібінің мәселелерін және оны соңғы технологиялар мен 3D модельдеу арқылы шешу жолдарын талқылады. Әсел БАЙДІЛДАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Текстиль, материалтану және стандарттау» кафедрасының оқытушысы