Тәуелсіз мемлекеттің отаншыл жастары
Тәуелсіз мемлекеттің отаншыл жастары
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Әлемде 256 ұлт өкілі болса, Қазақстанда 150-ден астам өзге этнос өкілдері тұрып жатыр. Ұлты орыс, кәріс, неміс, татар болса да, қазақ тілінде еркін сөйлеп, көпті таң-тамаша етіп жүрген жандар да аз емес. Солардың қатарында Алёна Цой, Виктория Ли, Александра Фокттің есімдерін ерекше атап өтуге болады. Алёна 2006 жылы 26 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Алғаш Ісмет Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектептің орыс сыныбында білім алған. «Әкем – кәріс, анам – орыс, ал мен қазақпын» деп ұрандатқан Алёнаның қазақ достары өте көп. – Мен ең алғаш қазақ тілін балабақшада үйрендім. Орыс тобында болсам да, барлығы тек қазақ тілінде сөйлесетін. Мектепте де тура солай, орыс сыныбында оқыдым, бірақ, барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Жан-жағымдағы адамдармен қарым-қатынас орнатуда ортақ тіліміз қазақ тілі болды. Отбасымда әкем Александр Цой – кәріс ұлтының азаматы. Орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлейді, екеуміз үй ішінде қазақ тілінде сөйлесеміз. Ал, анам Ольга Вахрамеева орыс ұлтынан. Орыс тілінде сөйлесеміз, қазақ тілін түсінеді, алайда қазақша сөйлемейді. Қазақ тілін, қиын тілдер қатарына жатқызады. Ал, мен үшін мүлде олай емес, – дейді Алёна. Алёна кәріс тілінде сөйлемек былай тұрсын, кәріс тілінде әріп танып, сөз оқи алмайтынын айтады. Ол үшін керісінше қазақ тілі оңай екен. Отбасында ата-әжесі ғана кәріс тілінде сөйлейтін көрінеді. Алайда, ол ескі кәрісше болғандықтан қазіргі таңда аса өзекті тілдер қатарына жатпайды. Ал Виктория Лидің әкесі – кәріс, анасы – қазақ. 2005 жылы 16 желтоқсан, яғни тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс дүниеге келген. Тараз қаласындағы №16 орта мектепте білім алған. Ата-әженің қолында өсіп, теледидар, газет, кітаптарды тек қазақ тілінде оқыған. Балабақшада да, мектепте де қазақ сыныбында білім алған. – Қазақ тілін үйренуіме ата-әжем себепші. Олар маған қазақ тілінің даңқын көтеруді үйретті. Қазақ тіліне деген махаббатым мен құштарлығымды оятты. Мен тек қазақ тілінде сөйлеймін. Барынша, орыс тілін қосқым келмейді. Отбасымда анам Салтанат Айдашбекова, әкем Дмитрий Ли орыс тілінде сөйлесе де, қазақша жауап беремін, достарым да қазақ тілін құрметтейтін жандар, олар да қазақ тілінде сөйлейді, – дейді Виктория. Ұлты орыс Александра болса қазақ тілін өзі үйренгісі келген. Александра 2006 жылы 26 шілдеде дүниеге келген. Бала кезінен бастап қазақ тіліне деген ынтасы артқан. Қазақ тілін үйренуі үшін әжесі Татьяна Портье қолынан келгенше көмек беріп, немересінің қазақ тіліне деген қызығушылығына атүсті қарамай, қазақ мектебіне оқуға берген. – Ең алғаш «Росток» мектепалды даярлық курсында сабақтан жылап келгенім есімде. Жылап келгеніме себеп – қазақ тілі сабағы болмады. Кейін әжем аспазшы болып, №32 мектепке жұмысқа тұрды. Мектеп директорымен сөйлесу арқылы жылдың ортасында 2011 жылғы 1-сынып оқушыларының қатарына алды. Сол уақытта менің қазақ тіліне деген талпынысымды көріп, келесі жылы ресми түрде 1-сыныпқа қабылдады, – дейді Александра. Меніңше, бұл қыздар қазақ тілін білмейтін қарадомалақтар үшін үлгі. Себебі, өз Отанында ана тілін білмейтіндер, бір-бірімен өзге тілде сөйлесетін қазақтар қаншама? Біз сөз еткен арулар қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қазақ журналистикасы мамандығының 1-курс студенттері. Оқу журналында оларды өзге студенттерден ерекшелеп көрсететін өзгеше тегі мен өзгеше есімдері. Мамандығына өз қалауымен түскен қыздар болашақта атақты журналистер қатарынан көрінгісі келеді. Зейінді замандастарымыздың өздері қалаған маман иесі болуына тілектеспіз! Назира Ғалымжанқызы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика мамандығының 1-курс студенті