Руханият

Адамды Абайша сүйе білеміз бе?

Адамды Абайша сүйе білеміз бе?

Адамдарды жақсы көрудің өзі – патриотизм. Жақсы көрмейтін адамдар патриот емес. Жақсылық жасайтындар – тіптен патриот адамдар. Демек адамдар бір-бірін жақсы көріп, бір-біріне ізет білдіріп, ыстық ықылас танытып, ақ пейілмен амандасып, жарқын жүзбен жүздесіп, сырлы сұхбаттасып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп жүргеннен артық не болуы мүмкін? Патриот адам ешкімді алаламайды, бәрін жақын тартады. Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» неліктен толғанды? Былайша айтқанда адамзатты сүю арқылы неліктен патриот болуға шақырды? Ол философ ақын болмаса осындай даналықты айтар ма еді? Бүкіл адамзат баласын бірлік пен татулыққа, ынтымақ пен достыққа шақырған ақынды неліктен патриотизмнің тамаша үлгісін көрсетті деп айтпасқа?! Бұл сөзді неге айтып отырмын? Өз елінің адамын, оның ішінде өз қазағын жақсы көрмеген кісі қалай өз елін жақсы көреді? «Әр қазақ – менің жалғызым» деген әйгілі өлеңін жалпақ жұртқа жариялаған ақын Сабыр Адайды нағыз патриот демеске амал жоқ. Бұл сөз бүгінгі күннің басты ұранына айналуы тиіс. Кез келген басқосу мен түрлі жиындарда осы сөз басты назарға алынуы қажет. Бұлай деуіме негіз де жоқ емес. Бұл күнде бірнеше адам тұрған жерге келген біреу өзінің танитын адамына ғана қол беріп амандасатын әдет қалыптасып барады. Тіпті бұл құбылыс жиілеп бара жатқандай. «Бізге неге сәлем бермейсің? Сәлеміңді сатасың ба?» деуге тура келеді. Бұған жауап бермей үнсіздік танытқанына қайран қаласың. Бірде Алматыда қаламдас досым Доқтырхан Тұрлыбектің 70 жылдығына арналған тойына қатыстым. Белгілі ақын-жазушылар той төрінен табылды. Біз отырған дастарқанда Ырым Кененбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы, тағы басқа қаламгерлер болды. Кештеу келген «Қазақ әдебиеті» газетін басқаратын басшылардың бірі төрдегі екі азаматқа қол беріп амандасып, солармен қатар отырған маған сәлем бермей өте шықты. Сөйтіп әлгі кісілердің қасына барып жайғасты. Еліміздің беткеұстар басылымында қызмет ететін адамның бұл қылығына ақылым жетпеді. «Мынау бөтен кісі қайдан келді?» дегендей маған қараумен болды. «Танымасаң танып ал», дегендей жанарымды тайдырмауға тырыстым. Қандай жазушы болса да, алдына барып жалпаңдаған жоқпын. Маған амандаспағанына қысылды ма, әлде шұғыл шаруасы шықты ма, әйтеуір аз ғана отырды да өз жөніне тайып тұрды. Пернебек Оспанов деген жақсы көретін бауырым бар. Мәдениет саласына сіңірген еңбегі елеулі азамат. Көшеде кездесіп қалған адамына үлкені болсын, кішісі болсын бұрылып, өзі барып сәлемдеседі. Тоқтатып қойып хал-жағдайын, жаңалығын сұрайды. Ауылдағы ағайын мен туыстың, дос-жарандардың, барлығының ахуалын білгісі келіп тұрады. Ол танысының уақыты бар ма, жоқ па? Онда шаруасы жоқ. Пернебекпен бір кездесіп қалғанымда жылы жүзбен амандастық. Мені жібергісі келмей сұрақтарын жаудырып жатыр. Жауап берудемін. «Жеңгеміз қалай?» деп жұбайымды да ұмыт қалдырмайды. Қасымыздан өтіп бара жатқан бір кісіні көріп қалып, оны да тоқтатты. Сәлемдесіп, мал-жанның амандығын сұрап жатыр. Мені ұмытып кеткен секілді. Маған қарап, «кетпеңіз» деп қояды. Мен күттім, жаны жайсаң азаматты қалай тастап кетемін. Мына қызықты қараңыз. Тойға барғанда дастарқанда отырған адамдарды ерінбей, жалықпай аралап, көбіне сәлем беріп шығады. Әрқайсысының қасына барып амандасып, олармен емен-жарқын әңгімелеседі. Келіншегі болса бір шетте Пернебекті сәлем бергенін бітіргенше отырмай күтіп тұрады. Қабақ шыту деген жоқ. Күлімсіреп, жадырап тұрған келбетіне қарап, риза боласың. Бүгінде бір-біріне «Брат, братан», деп амандасатындар көбейді. Неге «бауырым, туысқан» деп айтпайды? Неге айтқысы келмейді? Біреудің кісісі өлсе, жақын-туыстығына қарамастан «Бауырым-ай!» деп жылап көрісетін қазақ емеспіз бе? Неге біз осыны ұмытамыз? Неге өзгенің қаңсығына жабысамыз? Өйткені «братанды» айтатындар өз ұлтының патриоты емес, өз ұлтына деген патриоттық сезімі қалыптаспаған. Өз ұлтын өзгелерден төмен санайды. Болмаса өзінің қандасын жақсы көрмейді. «Бауырым» деген – ұлттың тұнық бастауына бастайтын аса бағалы сөз адамды бауырына тарта түспей ме? Әрқайсысымыз бауырмал болып, бауырласып жүрсек, ешбір жауға бой бермесіміз анық. «Братан» – түрмелік жаргон. Өйткені біз Кеңес түрмесінен, отаршылдық түрмесінен шықтық. Тәніміз шықты. Санамыз әлі түрмеде», деп толғанады әдебиетші, тарихшы әрі абайтанушы Омар Жәлелұлы өзінің «Жақсы» деген кітабында (Алматы, «Дария» баспасы, 126 бет). Көшеде ағылған халықтың ортасынан сақалы желбіреген қарт кісіні немесе жасы үлкен ағаны көрсем бұрылып тоқтап, сол кісімен қос қол беріп амандасамын. Танысам да, танымасам да. «Қай баласың, кімсің? Танымадым сені» деп таңырқай қарағанға: «Қазақтың баласымын, сәлем беру мұсылманның парызы» деймін. «Рақмет, өркенің өссін, балам!» деген батасын естимін. Отан қорғайтын адамды ғана патриот деуіміз қисынсыз. Бір-бірімізге бажырая қарамай, салқын қабақ танытпай, енжарлыққа бой алдырмай, ұшырасқанда жылы жүзбен амандасқаннан артық ештеңе болмаса керек. Өз ұлтына, ұлтының үлкені мен кішісіне сәлемдесудің ишаратын білдірудің өзі патриоттық сезімі бар адамның әрекеті дегеніміз орынды болар. Жапондарша басымызды иіп сәлемдеспесек те, «қазағымда болсын» деген тілекпен күн кешудің өзі патриотизмнің белгісі болар еді. Жасыратыны жоқ, қолына тұтанған темекісін ұстап тұрып амандасатындар бар. Олардың жиіркенішті лас қолын алмай теріс айналамын. Менсінбегені ме, жоқ әлде кеуде кергені ме? Өз қандасына жасаған қаскөй әрекетіне қаның қайнай ма, жоқ қайнамай ма? Мұндай адамның патриот болуы екіталай. Патриоттықтың ауылынан алыстағандар бүгінде көбейіп бара жатқандай. Жемқорлық пен парақорлық секілді індеттің кесірінен болар, осы кеселді жұқтырғандар өз елінің келешегі жолындағы күреске қосылады дегенге сенудің өзі қиын. Кейде бірге өскен, бірге оқыған, бірге қызметтес болған азаматтарды іздейтін кездерің болады. Өздері хабарласпаса да, бірінші сәлем беріп, жағдайын білуге асығасың. Мерекелерде құттықтау сөздеріңді арнайсың. Сондай сөйлесудің бірінде «Жай звондадың ба?» деген сауалды да естігенбіз. «Сәлемдесіп, хал-жағдай сұраспаймыз ба? Көп болды, хабарласпадық қой» деймін әлгі жігітке. «А-а, солай ма?» дейді аз-кем ойланып. Енді бірде тілдесуші адам тұтқаның арғы жағынан «Қандай шаруамен звондадың?» демесі бар ма? «Ешкімге шаруа айтпаймын. Өз шаруамды өзім шешемін» деймін әбестеу сұрақ қойған «братан» емес бауырыма. «Қандай бұйымтайың бар?» дейтіндер де табылады. «Адам баласынан сұрамаймын. Сұрасам Құдайдан сұраймын» деп жауап беремін. Облысты басқарған Серік Үмбетов өңірімізді дамытуға лайықты қолтаңбасын қалдырды деп есептеймін. Өмірімде бірінші рет Серік Әбікенұлының қабылдауында болдым. Оның қабылдау бөлмесінде кілең мықтылар кезек күтіп тұрды. Оның көмекшісі басқаларды емес, бірінші менің атымды атап шақырып, әкімге кіргізді. Журналистке көрсеткен құрметіне риза болдым. Таразда талай қымызханалар ашып, ата дәстүріміз бен ата салтымызды жаңғыртып жатқан имани іс-әрекеттерін халықаралық «Дала» журналына жариялаған едім. Сол журналды көрсетуге білдірген ниетімді ол кісі қабыл алды. Жарты сағаттай жылы шырайлы сұхбат болды. Ризашылығын білдірді. Әңгімеміздің соңында: «Бұйымтайың болса айта ғой» деді. Мен айтпадым, дұрысы айта алмадым. Бұйымтайымды айтуға емес, журналист ретінде жасаған сыйлығымды тапсыруға келген едім. Сол жерде мен әкімнен бірдеңе дәметіп, бұйымтайымды тықпалап жатсам, онда менің патриоттығым қайда қалады? Мұсылманда бірінші болып сәлемдесудің сауабы үлкен. Сол адам Алланың рахымы мен берекесіне бөленеді. Сәлем берген адамға Алланың нұры жауады, жүзі жарық, көрер шапағаты мол болады. Патриоттық сезімді бойына дарытқан адам бірінші сәлемдескенді жөн санайды. Өйткені оның мұсылманға деген сүйіспеншілігі қалыптасқан. Ол сүйіспеншілік патриотизммен үндесіп жатыр. Облыс журналистерінің ұстазы әрі абыз ақсақалымыз Баттал Жаңабайұлы биыл 95 жасқа толды. Туған күнінде сый-сияпатымды, шапаным мен бөркімді құшақтап, аса қадірменді қарияның шаңырағына бардым. Інісі әрі шәкірті ретінде қалам қайраткерін мерейлі жасымен құттықтап, ыстық лебізімді білдірдім. «Aq jol» газетіне шыққан мақаламды көрсеттім. Қайраты қайтпаған атамыз ақ пейілмен алғысын жаудырды, ақ батасын берді. Фарида апамыздың иығына ақ орамал жаптым. Ризашылығын білдірген апамыз: «Балам-ау, саған рақмет, сен бірінші келіп құттықтап тұрсың, туысқандары әлі келген жоқ», деп шындығын айтып салды. Мен марқайып қалдым, кеудемді қуаныш кернеді. Бүгінде дүние алай-дүлей, қым-қуыт заман. Жер бетінде жүріп жатқан бәсекеде есеп жоқ. Алып та, шалып та жыққысы келетіндер көп. Күштілер өз үстемдігін жасағысы келеді. Тойымсыздық, ашкөздік белең алып бара жатқаны анық. Жемқорлықтан жаның шошиды. Жан-жағың дүрбелең, төңірегің толып жатқан тайталас. Дүниедегі бәсекенің ең озығы – жақсылықтың жарысы. Жақсылық жасаумен бәсекеге түсу – ұлы қасиет! Мына дүниені тек қана жақсылық сақтап қалатын шығар. Осы қасиетпен ұлтымызды өрге сүйрейтін, елімізді қызғыштай қорғайтын патриоттардың үлкен армиясы нығайып қалыптасса, қанеки?! Адамзатты Абайша сүйіп, жақсылық жасай білейік, ағайын! Мақұлбек Малдарбеков, ардагер журналист