Жаңалықтар

Жалынға жонын төсеген азамат

Жалынға жонын төсеген азамат

Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Бақыт Есенқұловтың салада еңбек еткеніне 20 жылға жуықтапты. Сан мәрте қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, тілсіз жауды ауыздықтауда абыроймен еңбек еткен оның ғұмырлық еңбек жолы өзгеге әрқашанда үлгі.

Жалпы Бақыт Есенқұлов 1977 жылы Байзақ ауданында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2004 жылдан бері қызмет етіп, әріптестерімен бірге бірнеше жанды тілсіз жаудан, ажал тырнағынан арашалап қалды. Кейіпкеріміз алғашқы енбек жолын зейнетке шыққан, яғни №8 өрт сөндіру бөлімінен бастаған. Қызмет атқарған жылдары әрдайым өз ісінің нағыз үздік маманы ретінде көріне білді. Ол үшін өртті сөндіру, адамдарды құтқару маңызды міндет болып қала бермек. Сондай-ақ жұмыс барысында бірнеше жас мамандарға үлгілі тәлімгер болды. Ол әртүрлі сипаттағы көптеген ірі әрі ауқымды өрттер мен төтенше жағдайларды жоюға қатысып, басынан небір ауыр күндерді өткізген. Бақыт Әскербайұлы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс салдарынан зардап шеккен 48 өрт сөндіруші батырдың бірі. Ол сол жарылыста көрсеткен қайсарлығы мен жанқиярлық батылдығы үшін басшылық тарапынан «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар еңбек еткен жылдары түрлі сипаттағы марапаттарға ие болған. Айта кететін болсақ, III, II, I дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Бүгінде Бақыт Есенқұлов ұл-қыз тәрбиелеп отырған ұлағатты әке. Жақында кейіпкерімізді аталған өрт сөндіру бөлімінің басшылығы мен ұжымы лайықты түрде зейнет демалысына шығарып салу салтанатын ұйымдастырды. Өзгелердің өмірі үшін ажалмен бетпе-бет күресетін маманды зейнетке шығарып салу салтанатына Байзақ ауданының өртке қарсы гарнизонының барлық қызметкерлері қатысты. Әріптестері өз тараптарынан ерлік істері жастарға өнеге боларлық Бақыт секілді азаматқа бейнеттің зейнетін, отбасына бақыт, береке тілеп, ақ тілектерін жаудырды. Бақыт Есенқұлов өзімен бірге жұмыс атқарған өрт сөндіру бөлімінің ұжымына осындай шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған жауынгерлік жолдастарына ризашылық пейілмен алғысын білдірді.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ, облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы