Баланың тіл кемістігін мықты маман түзетеді
Баланың тіл кемістігін мықты маман түзетеді
Ұлт болашағы – балалар денсаулығының мықты болып, дене бітімінің дұрыс қалыптасуы, ой-өрісінің жетілуі мемлекет үшін маңызды. Жалпы қоғамда денсаулығы қалыпты жағдайдағы бүлдіршіндердің де ойлау жүйесін жетілдіру, қарым-қабілетін арттыру, дене құрылысын дұрыс қалыптастыру ісі мектепке дейінгі білім беретін мекемелер арқылы жүйелі жолға қойған. Дегенмен ел іші болғаннан кейін кейбір балалардың тілінің кемістігі немесе құлағының мүкісі бар болса, тағы бірінің ақыл-ойында, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында кінәрат болуы мүмкін. Мұндай балалар қоғамда айрықша қамқорлыққа алынған. Нақты айтқанда, оларға әртүрлі мекеме немесе ұйымдар арқылы оңалту ісі жүргізіледі. Осындай мекеменің бірі – Жамбыл ауданы, Аса ауылында орналасқан психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті. Аталған мекеменің меңгерушісі Айша Жапарова Қазақстан Республикасының «Кемтар балаларды әлеуметтік медициналық-психологиялық түзеу арқылы қолдау» туралы Заңын іске асыру бағытында, 2006 жылы осы түзету кабинеті ашылғанын айтады. «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мемлекеттік мекемесінің негізгі мақсаты – аудан бойынша 18 жасқа дейінгі денсаулығында ауытқушылығы бар балаларды есепке алып, бақылауда ұстау. Бүгінде аталған түзету кабинетінің мамандары мүмкіндігі шектеулі балалардың физиологиялық дамуы, ақыл-ойы, сана-сезімінің жетілу барысындағы ерекшеліктерін көріп-біліп, сезе алу арқылы жеткіншектердің бойындағы ауытқушылықты болдырмау мақсатында тиісті жұмыстарды ұйымдастырып отыр. – Бізде қазіргі таңда 171 бала тіркеуге алынған. Осы балалардың бәріне арнайы мамандардың түзету-дамыту жұмыстары сабақ кестесімен жолға қойылған. Әр айдың соңында бала бойындағы ақаудың түзетіліп немесе жүргізілген жұмыстың аяқталуына байланысты тиісті мамандардан қорытынды есеп алынады, денсаулығы жақсарған балалар тіркеуден шығарылып отырады. Осы оқу жылында мекемеден 23 бала түзетіліп шықты. 19 баламен жүргізілген жұмыс қорытындылары аяқталып, олар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға жіберілді. Ал ата-анасының өтінішімен шыққан балалар саны – 5, өзге қалаға қоныс аударғандар – 2. Мекеменің жалпы жұмыс жоспары, мамандардың жылдық және жеке жұмыс жоспарлары бекітіліп, диагностикалық және коррекциялық секілді бағыттарда жұмыс жүргізіледі. Мекемеде түзету-дамыту жұмыстарын жүргізудегі негізгі мақсат – балалардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, оқытудың тиімді әдістерін пайдаланып, түзету жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру. Биылғы оқу жылында мамандарды топтастырып жұмыс жүргізу мақсатында 29 шағын топ және жеке сабақтар құрылды және кесте бойынша апталықтар қойылды. Апталықта барлық іс-шаралар қамтылып, ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізілді. Ауданға қарасты емхана, кітапхана, орта білім беру мекемелерінің әлеуметтік педагогтары мен психологтары «дөңгелек үстелге» шақырылып, тәжірибе алмастық. Мерекелік іс-шараларды уақытылы ұйымдастырып, түрлі жарыстарға балаларды қатыстырып, олар жүлделі орындарға ие болды, – дейді Айша Тұрсымбекқызы. Түзету кабинеті арқылы болашаққа нық қадам басып, сәті келгенде түрлі сайыстарға қатысып жүрген жеткіншектер аз емес. Мәселен, осы жылы өткізілген «Біздің таланттар» конкурсынан Бахтияр Мүслим дипломмен марапатталып, республикалық конкурсқа жолдама алыпты. Сүндет Жания мен Мырзабек Нұрислам алғыс хат иеленген. Мекемеде әдістемелік жұмыстар да жүйелі жүргізіліп келеді екен. А.Жапарова мамандар арасында өзара тәжірибе алмасуда жаңа инновациялық технологиялар қолданылатынын, олар білгенін бір-бірімен өзара бөлісетінін сөз етті. – Кез келген атқарылған жұмыстың есебі жасалып, өткізілген іс-шаралардың барлығы хаттама ретінде жинақталады және ол жайлы таратылған ақпараттан бөлек, іс-шаралар барысы суретке және бейнетаспаға түсіріледі. Қызметкерлер уақытылы біліктілігін көтеру мақсатында курстарға, онлайн курстарға қатыстырылып жатыр. Мамандар мониторингі туралы да атқарылған жұмыстар көп. Мамандардың әр балаға жасаған анализдерін сараптайтын болсақ, айтарлықтай нәтиже бар екеніне көз жеткіземіз. Мысалы дефектологтардың көрсеткіші – 110 бала. Жоғары деңгейдегісі – 35. Ал орта деңгейлі 63 бала бар болса, төмен деңгейдегісі – 12. Логопед мамандардың көрсеткіші – 135. Оның ішінде жоғары деңгейде – 47, орта деңгейде – 65, төмен деңгейде – 28 бала бар. Психолог мамандардың көрсеткіштері 102 бала. Жоғары деңгейде – 25, орта деңгейде – 59 бала болса, төмен деңгейдегісі – 18 бала. Сурдопедагог мамандардың көрсеткіші бойынша орта деңгейде бір ғана бала бар. Емдік дене шынықтыру мамандарының көрсеткішіндегі 27 баланың жоғары деңгейлісі – 1,4 пайыз, 7,4 пайызы орта, 1,2 пайызы төмен деңгейдегі бала. Музыка маманының көрсеткіші бойынша 30 баланың жоғары деңгейдегісі 5 бала, қалғаны орта және төмен деңгейлі. Жалпы мамандардың бала деңгейі бойынша пайыздық көрсеткіші – жоғары деңгейде 12,9 пайыз. Орта деңгейде – 35, төмен деңгейде – 8,9 пайыз. Бұл жалпы мекеменің балаларды түзету-дамыту бағытындағы жұмыстарының көрсеткіші. Жыл басынан бері мекемеден түзетіліп шыққан балалар 6 пайызды құрап отыр. Фонетикалық-фонематикалық дамымау бойынша – 11, тұтығатын – 2, ЖТК, яғни жалпы тіл кемістігі бойынша – 8, тіл дамуы тежелген 2 бала бар. Осы мақсатта біздің «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мемлекеттік мекемесінде мүмкіндігі шектеулі балалардың дамып, жетілуіне білікті мамандар атсалысып, өз міндеттерін абыройлы атқарып келе жатқанын айтқым келеді, – дейді ол. Логопед Назгүл Түлкібаева өзінің жұмыс жүргізу әдіс-тәсілі баланың жас ерекшелігі мен аңғарымына қарай жүзеге асырылатынын тәптіштеді. Жалпы тіл кемістігі жоғары деңгейде болатын болса, сөздік қорды молайтып, сөйлемді байланыстыру тұрғысында бала тілін дамытуға күш салады екен. Егер жиі кездесетін «р», «ж», «ш», секілді дыбыстарды жеткіншек анық айта алмаса, сол дыбыс бар сөйлемді буынға бөліп айтқызатын көрінеді. Назгүл Өмірханқызы тұтығып сөйлейтін балаға тыныс алу, логомассаж жасайды. Сөйлеу қарқынының ырғағымен жұмыс істеп, тіл, тыныс алу секілді өзге де жаттығулар арқылы баланың тілін дамытады. – Бала мекемеге жаңадан келгенде психолог оның адаммен қарым-қатынас орнатуын, қарсы алдындағы адамның көзіне қарауын, айналаға назар алу қабілетін бақылайды. Одан бөлек баланың көңіл күйінің қандай болатынына, қандай кезде көңіл күйі бұзылып, жалпы ортада өзін қалай ұстайтынына да мән береміз. Одан кейін барып баланың танымдық үдерісін дамытуға кірісеміз. Сабақ барысында, мысалы бала жаңадан келгенде екі апта бейімделу кезеңінен өтеді. Сол кезде ол балаларды жіті бақылап, қай жағында қиындық бар, сол бойынша бала түзету жұмыстарымен қамтылады. Негізі баламен бірден дөрекі сөйлесуге болмайды. Ондай жағдайда жеткіншек шошып қалуы мүмкін. Біз бірінші кезекте осы қағиданы берік ұстанамыз. Неғұрлым жылы сөйлесіп, көңілін табу арқылы сабақ өтеміз. Сонымен қатар ата-анамен де тығыз байланыс орнатып, оның қалай дүниеге келгенін, үйдегі мінез-құлқы қандай, бауырларымен арақатынасы қай деңгейде, көшедегі балалармен тіл табысуы, бірге ойнайтын достары бар ма, деген мәселелер бойынша жіті зерделеу ісін жүргіземіз. Сондай-ақ баланың қандай ойын түрін, немен ойнағанды ұнататынын назарға аламыз. Бала үйіне қайтатын кезде ата-анаға «Бүгін балаңыз мына нәрсені үйренді немесе үйрене алмады, сол үшін мына жұмысты үйде жалғастырыңыздар» деп түсіндіреміз. Үйдегі майда-шүйде шаруаға баланы тарту, онымен әңгімелесу, арасында белгілі бір іс бойынша ақыл-кеңесін сұрап, оның айтқан ақылын лажы болса үй шаруасында қолдануға кеңесімізді береміз. Өйткені бала көру, есту қабілеті арқылы ғана емес, нақты іс-әрекеттер арқылы да дамиды, – дейді мекеме психологі Назира Шарипова. Аталған түзету кабинеті мамандарына олардың қызметін тұтынушы балалардың ата-аналары тарапынан айтылар алғыс көп. Мәселен Әлихан Алмазұлының анасы «р» дыбысын айта алмайтын баласының тіл кемістігінен осы мекемеге келгелі құтылғанын айтады. Тағы бір ата-ана Ақмарал Маратқызы: «Осы ауданның орталығы – Аса ауылында тұрамыз. Өзім жұмыссызбын, үйде бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысамын. Осы жылдың ақпан айынан бастап 6 жастағы Тұрдымұрат Нұрдәулет есімді баламды аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне әкеліп жүрмін. Балам сөз арасында кездесетін бірнеше әріптерді дыбыстай алмайтын. Логопед Назгүл Түлкібаеваның баламмен жұмыс жүргізуінің арқасында бүгінде керемет нәтижеге қол жеткіздік. Қазір аталған әріптерді дыбыстап, сөз құрауды, сөйлеуді меңгерді. Бұрын «с», «ж», «қ», «р» секілді әріптерді дыбыстай алмайтын. Қазір «су», «қу», «жу» деп қайталатсам, анық айтады. Осы мекеменің аталған логопед маманына, әдіскер Гүлмира Сейдуалиева бастаған өзге де ұжым мүшелеріне айтар алғысым шексіз!», дейді. Аталған мекеме ұжымының баланың тілін, ой-өрісін дамытып, сөздік қорын молайтуда атқарып жатқан тірлігі орасан. Мұнда баламен ойын ойнау арқылы да ойлау, сөйлеу жүйесі қалыптастырылады. Бастысы балалар сөйлеу қабілетіне машықтанып, тіл мәдениетін өн бойында қалыптастыруға дағдылануда. Нұрым Сырғабаев