ЖАҢА ТЕХНИКАлар қатары толықты
ЖАҢА ТЕХНИКАлар қатары толықты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын айтып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. «Қазір ауылшаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал» деді Мемлекет басшысы басты құжатта. Жолдау жүктеген міндеттер бүгінде облысымызда да жүйелі жүзеге асырылуда. Мәселен жуырда Байзақ ауданы, «БНК GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқабында 10 ауданнан келген 15 кооператив төрағасына 55 ауылшаруашылық техникасы табысталды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек көпшіліктің қуанышымен бөлісіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. – «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл өңірімізге 24 миллиард теңге қаржы бөлініп, 33 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтерге ауылшаруашылық техникасын алуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 2,3 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылшаруашылық техникалары паркін 10 пайызға жаңарту тапсырмасын орындауға мүмкіндік беруде. Бүгінгі беріліп жатқан жаңа тракторлар – соның бір көрінісі. Айта кету керек, техникалардың жалпы құны 803 миллион теңгені құраса, оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Біз бұл іспен шектелмей, тұрғындардың табысын арттыру үшін жоба аясында өндіріс орындарын құруымыз қажет. Бұл өз кезегінде 2025 жылға дейін ауыл халқының табысы мен өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, агрокешенді дамытуға оң әсер ететіні анық. Өздеріңіз білетіндей, агроқұрылымдарға қызмет көрсететін сервис орталығы ашылып отыр. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеп, саланың дамуына үлес қосады деген сенімдемін, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы кооператив төрағаларына «Ловол», «Зумлион», «Юто», «Мтз» маркалы тракторлардың кілтін табыстады. Кооперативтерге берілген техникалардың жалпы құнының 50 пайызға дейінгі көлемі мемлекет тарапынан субсидияланады. Айта кетейік, 2019 жылы облысымызда пилоттық режимде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өзінің тиімділігін көрсетіп, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, оң тәжірибе республика көлемінде таралуда. Жалпы биыл облыста 1 885 ауылшаруашылық техникасын алу арқылы техника паркін 15 пайызға жаңарту жоспарланған. Бүгінде барлығы 1 283 техника (8 комбайн, 306 трактор, 969 басқа да техника) алынып, 10,2 пайызға жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 149 800 трактор, 38 мың комбайн, 4 900 егіс кешені және 76 300 сепкіш, сондай-ақ 219 мың әртүрлі топырақ өңдеу құралдары бар. Бүкіл парктің орташа тозу деңгейі 76 пайызға жеткен. Ал технологиялық жаңару нормасы жылына 8 пайыздың орнына 4,5 пайызды ғана құрайды екен. Ал осыдан бірнеше жеті бұрын Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен машина-трактор паркін жаңғыртуға және жаңартуға қатысты отырыс өтті. Жиында отандық ауылшаруашылық техникаларын жасауды дамыту, саланы мемлекеттік қолдау, сондай-ақ техниканы лизингке алу бағдарламаларына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Мәжіліс депутаты, комитеттің мүшесі Жигули Дайрабаевтың айтуынша, техника паркін жаңарту – елімізде оңтайлы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселенің бірі. – Техниканы жаңартпай, еңбек өнімділігі мен фермерлердің табысын арттыру мүмкін емес. Мұны Үкіметтегілер жақсы біледі. Бірақ Үкімет тарапынан қолда бар жеңілдетілген лизинг құралдарына қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтуға қандай кедергі бары түсініксіз. 19 қыркүйекте Үкімет басшысы өз қаулысымен жеңілдетілген лизингке 20 миллиард теңге бөлу туралы шешім шығарды. Бөлінген қаражатқа фермерлер лизингке 500-ден астам техника, шамамен 80 комбайн және 450 трактор сатып ала алады. Алайда бұл қаражат әлі күнге шаруаларға жетпей жатыр, – деді депутат. Жигули Дайрабаевтың пікірінше, тозығы жеткен техниканы пайдалану жанар-жағармайға жұмсалатын шығындардың 20 пайызға артуына, жин алымның 14 пайызға дейін жоғалуына әкеліп соқтырады. Ал Ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек өз баяндамасында шаруашылық техникаларын және суарудың ұтқыр жүйелерін сатып алу үшін министрлік «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 20 миллиард теңгеге жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыра бастағанын, бюджеттен 2024-2025 жылдары тағы 30 миллиард теңгеден бөлу жоспарланғанын айтты. Жиынға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен ауылшаруашылық техникасын өндірушілер және шаруа қожалық иелері жедел шешуді қажет ететін көптеген проблеманы ортаға салды. Мәжіліс депутаттары талқыланып отырған мәселенің өзектілігін алға тартып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова бейнебайланыс арқылы Татарстанның ауылшаруашылық техникасын жаңғырту бойынша ұтымды тәжірибесімен бөлісті. Комитет төрағасы Серік Егізбаев ауылшаруашылық техникасының барлық түрлерінің – құралдар мен жабдықтардың жаңартылу және істен шығу деңгейіне жыл сайын нақты талдау жасау үшін оларды электрондық тіркеу мен есепке алуды көздейтін тиісті ұсынымдар әзірленіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетінін айтты. Талғат Нұрханов