Ауыл шаруашылығы

БАСТЫ МАҚСАТ – ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ ӨНДІРІСІН ДАМЫТУ

БАСТЫ МАҚСАТ – ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ ӨНДІРІСІН ДАМЫТУ

Кез келген елде егіншілік саласы – аса күрделі де, жауапты сала. Бұл саланың еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, ел ризығын молайтуға қосар үлесі зор. Сол себепті Президент тапсырмасына сәйкес егіс алқаптарын әртараптандыру, басым бағыттағы рентабельді дақылдардың себу көлемдерін арттыруға көңіл бөлу керек. Сондай-ақ бос жатқан жерлерді ауылшаруашылығы айналымына қосу, озық үлгідегі жаңа технологиялар мен ғылыми жаңашылдықтарды пайдалана отырып, саланың дамуын өз биігінен түсірмеу – бірінші кезектегі міндет. Осыған байланысты саладағы басым бағыттағы дақылдарға сәйкес әртараптандыруды жалғастыру және олардың өнімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау арқылы тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған «Қант қызылшасы өндірісін дамыту» тақырыбындағы «Егінжай – 2023» облыстық дала семинарына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудан әкімдіктерінің ауылшаруашылығы бөлімдерінің басшылары, шаруа­шылық жетекшілері және респуб­ликадағы ғылыми-зерттеу институт­тарының ғалымдары қатысты. Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» ауылшаруашылығы кооперативінің қант қызылшасы алқабында өткен семинар барысында қатысушыларға ауылшаруашылығы техникаларының және өндіруші компаниялардың көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары егіншаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша баяндама жасап, шаруалармен өзара пікір алмасты. Биыл аймақта қант қызылшасы 10,8 мың гектарға орналастырылса, қуаңшылықтың салдарынан оның 6,2 мың гектары жарамсыздыққа ұшырады. Қазіргі уақытта жиналатын 4,6 мың гектар алқаптың 1,3 мың гектарынан 58 356,9 тонна тәтті түбір алынып, әр гектардағы орташа өнім 424,6 центнерді құрауда. Ал, қант зауытына 46 997,9 тонна қызылша өткізілді. Сондай-ақ, 2023 жылы 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарында тамшылатып, 18,3 мың гектарында жаңбырлатып суару технологиясы қолданылуда. Жалпы, озық технологияларды қант қызылшасына енгізу қолға алынуда және осы арқылы мол өнім алуға болатынына көз жеткізіліп келеді. Бұл бағыттағы, яғни жүннен өндірілген аграрлық биотыңайтқышты пайдалану, рентабельді дақылдардың тиімділігін арттыру сияқты жұмыстар семинар кезінде көпшілікке көрсетілді. Айта кету керек, биыл 459 гектар қант қызылшасы алқабына тамшылатып суару, 1 939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. Талғат Нұрханов