Ауыл шаруашылығы

ВЕТЕРИНАРИЯ ПРОЦЕСТЕРІ АВТОМАТТАНДЫРЫЛАДЫ

ВЕТЕРИНАРИЯ ПРОЦЕСТЕРІ АВТОМАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Ветеринария саласы дұрыс жүйеленбесе малшаруашылығын тиімді дамытуға кедергі келтіреді. Үкіметте ауылшаруашылығындағы санитарлық-ветеринарлық шаралардың сапалы жаңа деңгейге көтерілуі үшін не істеу керек және ол үшін қазірдің өзінде қандай шаралар қабылданып жатыр? Міне, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар вице-премьер Серік Жұманғаринге таныстырылды. Қабылданған шаралар­дың арқасында соңғы үш жылда қауіпті аурулардың ошақтарының 44,7 пайызға төмендегені байқалады (2021 жылы – 331, 2022 жылы – 299). Процестерді автоматтандыру және жануарлардың жай-күйін қадағалау жүйесін құру Қазақстандағы эпизоотиялық қауіпсіздікті едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Ауылшаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің түсіндіруінше, ет өңдеу кәсіпорындарында, мал сою және ет сату орындарында жануардың жай-күйіне қатысты ақпа­раты бар QR-код арқылы сараптама актілерін беру ұсынылады. Яғни, вете­ринарлық тексеруден өт­пеген малды союға және сойылғаннан кейін етіне ветеринарлық-санитарлық сараптама жасауға жол берілмейтін болады. «Аталған процедураны автоматтандыру жобасы Атырау, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында және Алматы қаласында пилоттық режимде іске қосылды», деп мәлімдеді вице-министр. Ел аумағында мал союға арналған 937 нысан бар. 2023 жылдың басынан бері ветеринарлық-санитарлық инспекторлар ветеринарлық талаптарға сәйкес келмейтін 661 мал сою алаңының есептік нөмірлерін қайтарып алған. «Кезінде мал сою алаң­­дары жануарларды үй ауласында союға жол бермеу үшін уақытша шара ретінде құрылған болатын. Малды етін сату мақса­тында сою үшін мал сою орын­да­рын ветеринарлық-сани­тарлық сараптама зертха­­на­ларымен жабдықтау қажет. Біз әкімдіктерге осы алаң­дардың иелеріне оларды бар­лық қажеттіліктермен жаб­дықталған мал сою пунктеріне айналдыру қа­жеттілігін түсіндіруді тап­сырдық. Бұдан бөлек, алдағы уақытта вете­ри­нариялық бақылау жүйесін автоматтандыру үшін бұл нысандар компьютерлермен жабдықталып, интернет желісіне қосылуы қажет», деді Аманғали Бердалин. Сондай-ақ ветеринария жүйесін реформалау бары­сында бастапқы және тексе­рілген нақты деректерді ті­ке­лей автоматты түрде АЖБ, БАБЖ, «VETMOBILE», «TortTulik» және басқалардың негізгі ақпараттық жүйе­леріне жолдауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық өнімдер әзірленді. Бұл уақытты қысқартады, вете­ри­нарлардың жұмысын жеңілдетеді және сенімді деректерді автоматты түрде алуға мүмкіндік береді. Тағы бір күрделі мәселе – ветеринариялық зерт­ха­наларды мате­риалдық-техникалық тұрғыда жаб­дықтау. «ЕАЭО елдерінен және үшінші елдерден импорт­талатын мал өнім­дерінің қауіпсіздігін анықтау үшін сараптама ЕАЭО техни­калық регламенттерінің та­лап­тарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, техникалық регламенттер­мен белгіленген 70-тен астам көрсеткіштің ішінде қалдық заттарды анықтауға зерттеу жүргізілуі тиіс. Жұмыс істеп тұрған ветеринарлық зертханалар бар болғаны зерттеудің 7 түрін жүргізуге ғана мүмкіндік береді. Зертханалардағы талдамалық жабдықтар соңғы рет 2006-2008 жылдары жаңартылған. Көптеген құралдар ескірген және өндірістен шығарылған. Енді оларды жаңғырту мүмкін емес», деді вице-министр. Бүгінгі таңда антибио­тик­терді анықтау үшін зертха­налық жабдықтарға деген ең төменгі қажеттіліктің жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайды. Жабдықтарды жаңадан сатып алғанда ғана малдан алынатын өнімнің қауіпсіздігін бақылауға болады. Биыл қараша айының басында Қытайға өнімдерін шығару құқығына ие кәсіпорындарға инспекция жүргізу үшін ҚХР Бас кеден басқармасы өкілдерінің Қазақстанға келуі жоспар­ланған. Алдын ала жасалған келісім бойынша, Қытай тарапы аусыл мен құс тұмауын бақылау бойынша ветеринария жүйесіне кешенді аудит жүргізуге мүдделі. Бұл ет және құс шаруашылығы өнімдерінің экспортын ашу үшін қажет. Бұдан бөлек қазіргі уақытта қазақстандық және қытайлық тарап ірі қара мал етін экспортқа шығару үшін қойылатын ветеринарлық талаптар жөніндегі хат­тама жобасын белсенді талқылауда. Талғат Нұрханов