Жаңалықтар

«Жамбылполитех»-тің жемісті жолы жемісті жолы

«Жамбылполитех»-тің жемісті жолы жемісті жолы

Елімізде білім беру саласын дамыту бағытында бірқатар реформалар жүзеге асып келеді. Мұның бәрі де өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы үшін қолға алынған бастамалар екендігі сөзсіз. Өйткені, жас мемлекеттің болашағы бүгінгі жеткіншектердің қолында. Сондықтан да адами капиталды дамыту ісіне айрықша назар аударылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында білім беру саласына ерекше тоқталуы тектен-тек емес. Себебі түсінікті. Біз білімсіз биік белестерді бағындыра алмаймыз. Бұл тұрғыда Президент: «Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек» деп атап өтті. Жоғары сұранысқа ие мамандар даярлау жолында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ұжымы да аянып жатқан жоқ. Біз бүгін осы оқу ордасының тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Тарихқа көз жүгіртсек... 1954 жылы КСРО Министрлері Кеңесінің бұйрығы негізінде суперфосфат заводы базасында кешкі Жамбыл химиялық-механикалық техникумы құрылды. 1956 жылы КСРО халық шаруашылық Кеңесінің өкімімен Жамбыл химиялық-механикалық техникумы күндізгі және кешкі бөлім болып қайта құрылды. 1995 жылы Жамбыл химиялық-механикалық техникумының атауы Жамбыл политехникалық техникум болып өзгертілді. 1996 жылы Жамбыл политехникалық техникумына колледж мәртебесі берілді. 1997 жылы колледж Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсіп технологиялық институтының құрамына кірді. 1998 жылы облыс әкімінің қаулысына сәйкес Жамбыл политехникалық колледжі мен Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжі бірігіп, Жамбыл политехникалық колледжі болып құрылды. Облыс әкімінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі №207 қаулысымен оқу орнына жоғары колледж мәртебесі берілді. Жамбыл облысы әкімінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі №165 қаулысына сәйкес «Жамбыл политехникалық жоғары колледжі» «Тараз химия-технологиялық колледжін» қосу жолымен қайта ұйымдастырылды. Осынау жылдарда оқу ордасы мыңдаған түлектердің томағасын сыпырып, қияға қанат қақтырды. Білім бәйгесінде биік белестерді бағындырды. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында республикамыздағы 807 техникалық және кәсіптік білім беретін колледждің арасынан іріктеліп, он іргелі оқу орындарының қатарына енді. Бүгінде білім ошағы «Кәсіпқор» холдингінің серіктес колледждерінің қатарында өңірдің басым салалары үшін кәсіпорындарға білікті мамандар даярлап келеді. Тағы бір айта кетерлігі, колледжде республикалық оқу-әдістемелік бірлестік жұмыс істейді. Осы орайда 2008 жылы «Аспап жасау», 2016 жылы «Машина жасау технологиясы», 2018 жылы «Технологиялық жабдықтар мен машиналар», 2020 жылы «Электроника жəне автоматтандыру» бейіндері бойынша арнайы мәртебе берілді. 2021 жылы облыс әкімдігі білім басқармасының «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы» ұйымдастырған, колледждер арасында өткен «Озық әдістемелік қызмет» облыстық байқауында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. 2022 жылы оқу орны облыстың «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болып, «Ең үздік қала колледжі» номинациясымен марапатталып, арнайы сертификатқа ие болды. Әрине, қандай жетістік болсын өздігінен келмейді. Мұның астарында білгір басшылардың, білікті мамандардың маңдай тері жатыр. Бүгінде колледждің педагогикалық қызметкерлер құрамы 266 адамды құрайды. Оның ішінде 1 педагогика ғылымының докторы, 1 техника ғылымдарының кандидаты, 48 магистр, 12 педагог–зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 16 педагог- модератор бар. 39 жоғары санатты, 40 бірінші санатты, 55 екінші санатты педагогтер еңбек етеді. Білім беру жүйесінде түрлі марапаттарға ие болған қызметкерлер де аз емес. 4 қызметкер «Ы.Алтынсарин белгісіне» ие болса, 1 маман Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі атанған. 4 оқытушы Қазақстан Республикасының «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары болса, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне 6 педагог ие болған. Сонымен қатар 11 қызметкерге Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы табысталса, 2 оқытушы Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі атанды. 2012 жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Махаббат Айтбаева «Үздік педагог – 2012» байқауының жеңімпазы болса, 2013 жылы тағы бір оқытушы Қарлығаш Бекмолдаева осы тұғырдан көрінді. 2018 жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Райхан Шүленбаева, 2020 жылы Қанатбек Мұраталиев үздік педагогтер қатарын толықтырды. 2020 жылы облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Өз ісінің шебері» облыстық байқауында кәсіби шеберлігі үшін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің өндірістік оқыту шебері Доссерік Ахатаев екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. 2021 жылы Қанат Айдарова облыстың «Үздік педагогі – 2021» атанып, Мұғалімдер күні мерекесіне орай облыс әкімінің 875 000 теңге сертификатына ие болды. 2022 жылы жастардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамыту, жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту және еңбек нарығында олардың бәсекелестігін арттыру мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Профи – 2022» облыстық байқауында «Дәнекерлеуші» номинациясы бойынша Әбілғазы Ибраимов бірінші орын иеленді. Әрине, мұндай жетістіктерді тізе берсек, бір мақалаға сыймайтындығы ақиқат. Айта кету керек, оқу орнының 47 инженер-педагогі Германия, Түркия, Сингапур, Финляндия, Ұлыбритания, Франция, Малайзия, Ресей және Белоруссия мемлекеттерінде біліктілікті арттыру курстарынан және тағылымдамадан өтіпті. Колледж оқытушылары білім берумен қатар , ғылыми жұмыстармен де айналысады. Бүгінгі таңда 24 оқу құралы баспадан шығып, республика бойынша техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында кеңінен қолданылуда. Еселі еңбек ескерусіз қалмайды Биылғы Республика күні колледж ұжымы мен студенттері үшін ерекше есте қалатындығы даусыз. Олай дейтініміз, Астана қаласында өткен марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы білім ордасының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы Дүйсенбек Абдраимовқа «Ерен еңбегі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті. Бұл әрине, өскелең ұрпақтың игілігіне бағытталған ортақ еңбектің жемісі. Дүйсенбек Исахметұлы басшылыққа бірден келген азамат емес. Ол 1960 жылы 26 желтоқсанда Тараз қаласында жұмысшылар отбасында дүние есігін ашты. 1977 жылы орта мектепті бітірген соң Жамбыл вагон жөндеу депосында екі жыл слесарь болып жұмыс істеді. 1979-1983 жылдары Жамбыл технологиялық институтының есеп-экономикалық факультетінде оқып, 1983 жылы әскерге шақырылғанға дейін Жамбыл жүнді алғашқы өңдеу фабрикасында бухгалтер-ревизор болып еңбек етті. 1985 жылы Жамбыл есеп-экономикалық техникумында экономикалық пәндердің мұғалімі, 1989-1994 жылдары сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі, 1994-1998 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істеді. 1998-2004 жылдары Жамбыл политехникалық колледжінің директоры, 2004-2010 жылдары облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы, 2011-2013 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы көпсалалы колледжде директор болды. 2014-2018 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқытушы болып жұмыс істеді. Ал 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры қызметін атқаруда. Айта кету керек, іскер басшы қай кезде де ұтымды ұйымдастырушылық қабілетімен танылып келеді. Тоқсаныншы жылдарда коммуналдық қарыздардың қыспағынан шыға алмай жабылудың алдында тұрған Жамбыл химия-механикалық техникумына басшы болып келгенде Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық техникумын қосты. 1998 жылы облыс әкімінің қаулысына сәйкес техникум колледж мәртебесін алып, Жамбыл политехникалық колледжі болып құрылды. Осы жылдан оқу орнында қызу жұмыстың қарқын алғаны көптің есінде болар. Ғимарат жөндеуден өтіп, жаңа мамандықтар ашылды. Кәсіби мамандар оқытушылық қызметке шақырылып, материалдық-техникалық база уақыт талабына сай жасақталды. Әр кәсіп қажетті оқулықтар кешенімен жабдықталды. Колледжде 62 оқу кабинеттері мен зертханалары, тігін, нан пісіру цехтары, 5 компьютер, 3 лингафон сыныбы, кітапхана, 2 спортзалы, ақпараттық-баспа және оқу-өндірістік орталықтары, жатақхана, стадион, медициналық пункт білім алушыларға есігін айқара ашты. Оқу орнындағы ерен еңбек ерекше бағаланып та отырды. Колледж «Кәсіптік білім – 99» көрмесінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «XXI ғасырдағы кәсіптік және техникалық білім» халықаралық конференциясында ҚР Парламенті Мәжілісінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Үздік колледж – 2001» республикалық байқауында «Оқытудың жаңа технологияларын тиімді қолдану» номинациясын жеңіп алды. Д.Абдраимов Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне қайтадан директор болып тағайындалғанда да бірінші кезекте оқу орнының материалдық-техникалық базасын толықтырып, заман талабына сай жарақтандыруға күш салуда. Ол пандемия кезіндегі оқу үрдісінің үздіксіз жүруін қамтамасыз етті. Колледждің жоғары жетістіктерге жетуіне ұжымды жігерлендіре білді. Жүйелі жұмыс өзінің оң нәтижесін де беруде. «WorldSkills» – шеберлікті шыңдайтын чемпионат Қазіргі таңда білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау үшін алдымен кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру керек. Құзыреттілік – бұл кәсіби әдіс-тәсілдерді жан-жақты игеру арқылы көрініс табатын білім нәтижесі. Болашақ маман иелерінің бойында білімділік, біліктілік, саналық, жауапкершілік қасиеттерді сіңіруде, яғни кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда «WorldSkills» чемпионаттарының рөлі зор. Баршаға белгілі, Қазақстан 2014 жылдан бастап «WorldSkills International» (WSI) халықаралық ұйымының толыққанды мүшесі. Еліміздің «WorldSkills» қозғалысына қосылуы жаңа талаптарға сәйкес техникалық және кәсіптік білім кадрларын даярлаудың ұлттық жүйесін қайта қарауға негіз болды. «WorldSkills» халықаралық чемпионаттарына қатысу жұмысшы мамандықтарын дайындаудағы өзекті әлемдік трендтерді зерделеуге, сондай-ақ отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін салыстыруға және бағалауға мүмкіндік береді. «WorldSkills» қозғалысы жастарды жұмысшы мамандығын меңгеруге тартады, сондай-ақ әлемдік аренада еліміздің мамандарының кәсіптік дағдылары мен құзіреттіліктерін көрсетуге жол ашады. Елімізде техникалық және жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру үшін 2015 жылдан бастап өңірлік және республикалық деңгейлерде «WorldSkills Kazakhstan» (WSK) чемпионаттары өткізіледі. Осы орайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Д.Абдраимовтың басшылығымен оқу ордасының студенттері «WorldSkills» өңірлік және республикалық чемпионаттарына жыл сайын қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бүгінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің құзыреттілік орталығы «WorldSkills» чемпионаттарына қатысушыларды халықаралық стандарттар бойынша дайындайтын жаттығу алаңына айналды. 2021 жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Worldskills Kazahstan» VI республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Визуалды мерчандайзинг», «Мехатроника» құзыреттіліктері бойынша үшінші орындарды иеленсе, «СББ станоктардағы токарьлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша «Үздік маман» номинациясымен марапатталды. 2022 жылы «Worldskills Jambul – 2022» облыстық чемпионатына колледждің үздік студенттерінен жасақталған командасы 11 құзыреттілік бойынша қатысып, 8 алтын және 2 күміс медаль алды. Чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен колледж мақтаныштары республикалық чемпионатқа жолдама алып, «Worldskills Kazahstan – 2022» республикалық конкурсында 5 құзыреттілік бойынша «Үздік маман» атанды. Биылғы сәуір айында облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен, аймақтағы колледж студенттері арасында экономикалық өсім мен дербес даму үшін құзыреттіліктердің маңыздылығын көрсету, кәсіби құзыреттілікті арттыру, жоғары білікті мамандардың дәрежесін көтеру мақсатында «WorldSkills Zhambyl – 2023» өңірлік чемпионаты өткізілді. Чемпионатқа Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің студенттері 10 құзыреттілік бойынша қатысты. Атап айтқанда жастар «Кузов жөндеу», «Жеңіл автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету», «Веб-технология», «Графикалық- дизайн», «Электромонтаж», «Пісіру технологиялары», «Аспаздық ісі», «Киімді үлгілеу және дизайн», «Кірпіш қалау», «Зертханалық және химиялық сараптау» құзыреттіліктері бойынша өздерінің білімдері мен тәжірибелерін көрсетті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, сайыс нәтижесінде колледж студенттері 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен марапатталды. Жастар тәрбиесі – өзекті мәселе Жас ұрпақтың бойындағы негізгі құндылықтар отбасынан басталады десек, оқу орындары – бағыт-бағдар беруші орта. Бүгінгі таңда жасөспірім ұл-қыздарымыздың арасында қоғамға жат әдеттер мен жағымсыз қылықтар көбейіп кеткеніне байланысты жас ұрпаққа жан-жақты өнегелі тәрбие беру – қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс» деген болатын. Осы тұста айтатын болсақ, өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, қоғам алдындағы парызымыз – ұлттық болмысын жоғалтпаған, рухы асқақ, адами құндылықтарды әрдайым артық көретін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Колледж жағдайында болашақ маман тұлғасының рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыру мәселесі белгіленген жағдайларға тікелей байланысты. Бұл тұрғыда қоғамның дамуындағы динамикалық өзгерістер мен қарама-қайшылықты тенденциялар, ақпараттың жедел дамып келе жатқан ағыны сияқты факторларды жоққа шығаруға болмайды. Осыған байланысты студенттердің рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәрбие оқу орнындағы заманауи білім беру жүйесінің басым мақсаттарының бірі болып табылады. – Мәдени-адамгершілік тәрбие – бұл студенттің рухани-адамгершілік мәдениетін дамытуды ынталандыратын формалар, құралдар, әдістер мен қағидаттар кешені, адамның әлеуметтік тәжірибені, мәдени-аймақтық қоғамдастық құндылықтарын, мәдениетін игеру дәрежесін арттыру, студенттерді адамгершілік құндылықтарға тарту. Колледжде тәрбие жүйесін жүзеге асыру үшін құнды теориялық тұжырымдама, теориялық идея қажет. Осы орайда құқықтық тәрбиені ұлттық тәрбиемен ұштастырудың маңызы зор. Бұл тұрғыда оқытушылардың өзара тәрбие сағаттарына, түрлі іс-шараларға қатысып, озық іс-тәжірибе алмасу жұмысы да жолға қойылған. Іс жүзінде бұл жастардың кез келген істе және кез келген мамандықта шығармашылық бастауға деген ұмтылысын тәрбиелеуді білдіреді. Тек материалдық қызығушылыққа ғана емес, сонымен қатар олардың мүдделері мен қажеттіліктерін рухани жүзеге асыруға баса назар аударылады, – дейді колледждің кітапхана меңгерушісі Гүлдариха Жаңабаева. Ақпараттық технологияның дамыған заманында еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарының тек мамандық бойынша кәсіби білім алып қана қоймай, білікті де тәрбиелі маман болып шығуына Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ұстаздарының қосып жатқан үлесі зор. Оқу жылының басынан студент-жастардың колледжде әлеуметтік бейімделуіне, рухани дүниесі кең жеке тұлға болып қалыптасуына міндеттелген арнайы топ жетекшілері бекітіледі. Олар тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің 8 бағыты бойынша өткізілетін іс-шараларды жоспарлап, өткізеді. Сондай-ақ, студенттердің таңдап алған мамандығы бойынша тәрбие жұмысының тиімді жоспарын жасауға ықпал етіп, қажетті жүйені ыңғайлы ұйымдастыруға бағыттар береді. Сонымен қатар, топ жетекшілері тәрбие сағаттарын топтың шығармашыл, белсенді мүшелерінің ұсынысы бойынша түрлі жарыс, эстафета, акция, қайырымдылық шаралары және атаулы мереке күндеріне арналған ашық тәрбие іс-шараларын жоспарлайды. Бекітілген жоспарда болашақ маман иесі – студенттердің бойында ұлттық мәдениетімізді, озық салт-дәстүрімізді, тарихымыз бен әдебиетімізді бағалап, оны өмір тәжірибесінде насихаттай білуге жіті көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, колледжде бәсекеге қабілетті, парасатты, адал ұрпақтарды тәрбиелеу мақсатында «Саналы ұрпақ», «Көркем қыздар», «Мұрагер» әкелер, «Зере» аналар клубтары өз жұмысын атқаруда. Бұл клубтар жалпы патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Студенттік кезең жастар үшін өміріне қажетті жағымды сапарлар кезеңі. Сондай-ақ рухани құндылықтар жүйесін бойына сіңіріп, өмірлік тәжірибе жинақтайтын уақыт. Оқу орнында студенттердің өзін-өзі тәрбиелеу арқылы жеке басын жетілдіруге, олардың тұлғалық дамуының әлеуметтік маңызды қасиеттерін қалыптастыруға басымдық беріледі. Міне, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің жемісті жолы осылай жалғасып жатыр. Инабат Бақытқызы, Тараз қаласы