Қысқа-нұсқа
Қысқа-нұсқа
Шахтадағы өрттің фейк видеосы Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада түсірілді деген өрттің видеосы таратылуда. Бұл жалған. «Әлеуметтік желілерде Костенко атындағы шахтада орын алған оқиғаның видеосы таралды. Бұл видео шындыққа сәйкес келмейді деп ресми түрде мәлімдейміз. Ресми дереккөздерге ғана сеніп, жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз» деп, хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі. Бұл видео Қазақстанда түсірілмеген. Ол бірнеше жазбадан тұрады. Олардың бірі желіде өткен жылдың маусымында тараған. Видеода Севильяда (Испания) Дос-Эрманастағы алюминий зауытында болған өрт көрсетілген. Ал ақ-қара кадрлар – бұл 2014 жылдың мамырында Түркияның Сома қаласындағы шахтада арты өртке ұласқан жарылыс кезінде бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрлар. Тағы бір видеода Қытайдың Шаньси провинциясында Лулян көмір шахтасында болған апат көрсетілген. Таралған видеоның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Алаяқтар дыбыстаған жалған видео «Facebook»-те ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым азаматтарға арналған жаңа «TON» жобасы туралы баяндаған бейнеролик таратылуда. Ол кәсіпкер Павел Дуров туралы айтады, бұл оның жобасы екен. Бұл видео фейк, оған сенбеген жөн. Бұл видео дыбысталған. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы мамырда «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» ұранымен өткен II Еуразиялық экономикалық форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінің жазбасы. Оның баяндамасының толық мәтінін Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтынан оқуға болады. Онда «TON» жобасы туралы айтылмайды. Алаяқтар Павел Дуровтың есімі мен «Ton» криптовалютасының атауын желіде кем дегенде 5 жылдан бері қолданып келеді. Олар жарнамаға жауап берген адамдарды акцияларға немесе криптовалюталарға инвестиция салуға шақырып, көрсетілген шотқа ақша аударуды ұсынады. Олай болса, ҚР азаматтарына арналған жаңа жоба туралы видео – фейк. Алматыда НАТО бітімгерлік орталығы ашылғаны рас па? Бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде Алматыда НАТО-ның бітімгерлік орталығы ашылғаны туралы ақпарат тарады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бізде мұндай орталық ашылған жоқ. Бұл дереккөздер ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының жаңа конференц-залын НАТО орталығы деп хабарлаған. Залдың ашылуына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниэль Розенблюм шақырылды. ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы оқу орны ретінде 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда қазақстандық әскерилерді БҰҰ стандарттары бойынша бітімгерлік операцияларға қатысуға үйретеді. Елімізде «НАТО орталығының» ашылғаны туралы хабарламалар жалған. «Facebook»-тің Қазақстандағы бағдарламасы «Facebook» әлеуметтік желісінде «Meta» негізін қалаушы Марк Цукербергтің видеосы тарады. Оның айтуынша, компания әрбір қазақстандыққа пассивті табыс табуға мүмкіндік беретін арнайы «Libra» платформасын іске қосты. Жаңалық «Хабар 24» деп аталатын аккаунтта жарияланды. Мұның бәрі алдау және алаяқтық. Ролик шыққан «Facebook» парақшасының қазақстандық «Хабар 24» телеарнасына ешқандай қатысы жоқ. Бұл 2023 жылдың 2 қазанында ашылған және ештеңе жарияламаған фейк аккаунт. Сонымен қатар парақшада «Хабар 24» телеарна емес, спорттық команда деп көрсетілген. Телеарнаның «Facebook»-тегі парақшасы «24kz» деп аталады және онда қазақстандықтарға арналған пассивті табыс табуға болатын «Meta» жобалары туралы жазылмаған. Цукербергтің тараған видеосының скриншотын тексергенде үзіндінің кәсіпкердің 2022 жылғы 24 наурыздағы сұхбатынан алынғаны анықталды. Ағылшын тіліндегі түпнұсқа видеода ол компанияның даму және өсу стратегиясы туралы айтады, Қазақстан мен «Libra» жобасы туралы сөз қозғамайды. Айта кетейік, «Meta»-да осылай аталатын жоба болған. Кез келген адамға пассивті табыс табуға мүмкіндік беретін платформа емес. Компания шығаратын криптовалюта осылай аталуға тиіс еді. Бірақ, 2022 жылдың ақпанында «Libra» «Meta» компаниясына айтарлықтай табыс әкелмейтіні белгілі болып, жоба басқаға сатылды. Бұған дейін Марк Цукербергтің жоқ платформаны жарнамалаған орыс тілінде дыбысталған видеосы Грузияда тараған болатын. Оны фактчекерлер жоққа шығарды. Жасұлан Сейілханов