Қоғам

Мемлекеттік тілді білу – басты міндет

Мемлекеттік тілді білу – басты міндет

Тіл – ұлттық саясаттың негізі. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты да осы. Яғни қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға басымдық беру.

Қазір тіл үйренушілердің ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыру және дамыту мақсатында «Сөйле Time» клубының «You Tube» хостингінде арнасы жұмыс істейді. Бұл тіл үйренемін деп ынта танытушыларға орасан зор көмек. Сондай-ақ бүгінде көпшіліктің кең талқылауында жүрген латын қарпі жайында да тыңдаушыларға ақпараттар беріп отырмыз. Өйткені өңірімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы жобасын іске асыру бойынша белсенді және ауқымды жұмыстар жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 8 қарашадағы тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі латын графикасына негізделген қазақ тілінің жетілдірілген әліпбиін әзірледі. Оны Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгеріс енгізу арқылы бекіту жоспарлануда. Биыл 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің төрағалығымен өткен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында жетілдірілген әліпби, емле ережелері, әріптердің пернетақтада орналасу тәртібі жобалары қаралып, мақұлданғаны баршамызға мәлім. Сондықтан жетілдірілген әліпбидің жобасын көпшілікке насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Дегенмен елімізде латын қарпі толық қолданысқа енгізілмегендіктен әлі мекемелерге қолдану рұқсат етілмейді. 2025 жылға дейін халық латын қарпін толық меңгеруге тиіс. Осыдан кейін ғана латын қарпі толық қолданысқа енбек. Тіл мәртебесін көтеру, қазақ тілін сауатты меңгерудегі жұмыстарымыздың нәтижесі – тіл саясатын тұрақты түрде жүргізіп, қолданудағы жұмыстарымызбен нәтижелірек болмақ.

Әсел ОРАЗБАЕВА, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің мемлекеттік тілді үйрету бойынша штаттан тыс оқытушысы