ЖАҢА ШТАММ ҚАУІПТІ МЕ?
ЖАҢА ШТАММ ҚАУІПТІ МЕ?
Әлемді екі жылға жуық уақыт әуре-сарсаңға салған коронавирус індетінің қаупі сейіле бастады ма дегенде вирустың жаңа түрі пайда болғаны мәлім болды. Көпті үрейлендірген бұл қандай вирус? Ол қаншалықты қауіпті? Пандемиядан кейін енді-енді ес жия бастаған халықты тағы да түрлі шектеулер күтіп тұр ма? Алдағы ахуал қалай болмақ? Осы орайда мамандармен тілдесіп, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл тамыз айында әлемде коронавирус жұқтырғандар саны артқанын мәлімдеді. Яғни, шілде және тамыз айларында дертпен ауырғандар саны 63 пайызға күрт өскен екен. Індет негізінен Оңтүстік Корея, Италия, АҚШ, Ұлыбритания мен Аустралия және Сингапур елдерінде таралған. Мамандардың айтуынша, дертті жұқтыруға нақты екі себеп бар. Бірі – шет мемлекетте демалу, екіншісі – иммунитеттің әлсіреуі. Ал жаңа штамм туралы қандай дерек бар? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирустың жаңа штамы «Эрис» деп аталады. Вирус ақпан айында анықталып, әлемнің 51 елінен байқалған. Вирустың таралуы әсіресе Үндістан мен Ұлыбританияда белсенді көрінеді. «Омикронның» жаңа штамы «Эристің» жарты жыл ішінде анықталу деңгейі 6,2 пайыздан 11,6 пайызға дейін өскендіктен ДДҰ жаңа штамды бақылауда ұстауда. Дегенмен ДДҰ-ның мамандары жаңа штамм қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтінін айтады. Шотландиядағы «Эдинбург» университетінің эпидемиологы Роуланд Као штамның өзге вирус мутацияларынан айырмашылығы бар екенін хабарлады. Бірақ эпидемиолог қазіргі жағдай дәл 2021 жылғыдай күрделі емес екендігін жеткізді. Сондай-ақ Джон Хопкинс университетіндегі молекулярлық микробиология кафедрасының профессоры Эндрю Пекоштың айтуынша, жаңа штамның белгілері жедел респираторлық вирустық инфекциялардан немесе коронавирустың басқа нұсқаларынан іс жүзінде еш айырмашылығы жоқ. Бас ауру мен мұрыннан су ағу, түшкіру және әлсіздік, тамақ ауруы мен буындардың ауруы сынды симптомдары бар көрінеді. Ал биыл тамыз айында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистердің сауалына жауап берген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова елімізде коронавирустың жаңа штамы тіркелмегенін жеткізді. Комитет төрағасы брифинг барысында Қазақстанда коронавирустық инфекция бойынша жағдай тұрақты екенін де айтып өтті. Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 36 есеге, ал биылғы шілдеде маусыммен салыстырғанда бір жарым есеге төмендегендігіне тоқталды. Алайда қазан айында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен өткен брифингте коронавирустың жаңа штамы елімізде тіркелгені мәлім болды. Соңғы генетикалық зерттеулер Қазақстанда «Эрис» штамының анықталғанын көрсеткен. «Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалса да, өткен айдың нәтижелері бойынша зерттеулер елге «Эрис» штамының келгенін көрсетті. Жалпы біз ай сайын КВИ-ге генетикалық талдау жүргіземіз. Бұл елде жаңа штамның барын және вирустың түрі өзгерген-өзгермегенін түсіну үшін қажет», деді А.Ғиният. Министр вирустың Қазақстанның барлық өңірлерінде анықталғанын айтты. Осы орайда аймақтағы ахуалды білмек мақсатта облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликоваға сауалымызды жолдаған едік. – Облыс тұрғындары арасында биыл 9 айда коронавирус инфекциясының 277 жағдайы тіркелді. Коронавирустық инфекцияға қарсы облыста қазіргі таңда «Синофарм» вакцинасы бар, – деген Неили Орынбасарқызы жаңа штамның облыста тіркелмегенін атап өтті. Жалпы ЖРВИ мен тұмау маусымының басталуы коронавирусты анықтауда қиындық туғызуда. Белгілері ұқсас болғанымен, емдеу тәсілдері мүлде бөлек. Осы орайда дәрігер-терапевт Виктория Еркебаева коронавирустан сақтану және оны асқындырып алмау жолдарын айтып берді. Маманның пікірінше, дертке шалдыққан уақытта антибиотикті қолданудың өзіндік салдары бар екен. Яғни, антибиотик те, антикоагулянт та коронавирусқа қарсы профилактикалық шара ретінде қолданылмайды. Бұл препараттар тек емдеу кезінде және коронавирус салдарымен күрес үшін ғана тағайындалады. Мәселен, сырқат пневмонияға ұласқан кезде өкпенің тамырлары бітеліп, бактериялық флораның белсенді болуына байланысты не жаңа бактериялық флораның қосылуына байланысты өкпе қабынады. Коронавирус иммундық жүйені де әлсіретеді. Бөлмені желдетудің де өзіндік ережелері бар. Коронавирустан сақтану үшін жеке гигиена мен үй тазалығы қатаң талап етілген. Алайда, қысқы уақытта бөлмені желдету кезінде суық тигізу қаупі бар. Сондықтан желдеткен кезде тоңып қалмас үшін бөлмеден шыға тұру керек. Егер үйде коронавирус жұқтырған науқас оқшауланған болса, бұл бөлме міндетті түрде желдетілуі керек. Үшіншіден, науқас созылмалы аурумен сырқаттанған болса, бұл санаттағы азаматтар коронавирустан сақтану үшін міндетті түрде оқшаулануы тиіс. Өйткені коронавирус жұқтырып алса, созылмалы ауруы асқынып, емделу қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігінше инфекция жұқтыру қаупі бар қоғамдық орындарға бармауы керек. Созылмалы ауруы бар адамдарда коронавирустың алғашқы белгісі пайда болса, дереу медицина қызметкеріне жүгінгені абзал. Дәрігер оны емдеудің әдістемесін айқындайды. – Айталық, коронавирус инфекциясы негізінен оны жұқтырған адамның өкпесін нысанаға алады. Адамның өкпесінде тромб түзілуі мүмкін. Осыдан кейін бактериялық флораның белсенділігі күшейіп, өкпе қабынады. Бұл жағдайда әдетте ЖРВИ мен тұмау барысында вирусқа қарсы иммунитетімізді күшейтетін дәрілерді қабылдауға тыйым салынады. Олар бактериялардың белсенділігін одан әрі арттырып жіберуі ықтимал. Сондықтан дұрыс диагноз қоймайынша өздігімен емделуге болмайды, – дейді маман. «Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыз тегіннен-тегін айтпаған. Сондықтан деннің саулығына назар аударайық. Коронавирустың алғашқы симптомдары байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн. Аяулым Жаманқара