Теңгенің құнсыздануының себебі неде?
Теңгенің құнсыздануының себебі неде?
Ұлттық Банктің қызметіне қатысты ел аузында түрлі қауесет бар. Мысалы, жұрт «Валюталар бағамын Ұлттық Банк қолдан құрайды» деп ойлайды. Яғни, базбіреулердің көкейінде «теңге құнсызданса оған орталық банк кінәлі немесе «Цифрлық теңге» жобасын енгізу арқылы Ұлттық Банк қазақстандықтардың жүріс-тұрысын аңдуды көздейді» дейді деген наным бар. Әрине, мұның бәрі – жаңсақ пікір. Валюта бағамы дегеніміз не? Алдымен осыны анықтап алайық. Мысалы, әрбір елдің өзінің ұлттық валютасы болады. Ал өз ақшасы бар ел – экономикалық тұрғыда тәуелсіз саналады және ешбір елдің саясатына бағынбайды. Қарапайым тілмен айтсақ, валюта бағамы белгілі бір елдегі ақша құнының өзге елдердің валютасына шаққандағы айырмасын көрсетеді. Мысалы, біздің жағдайда доллар немесе рубльдің қанша теңге тұратынын айқындайды. Валюта бағамы қалай жұмыс істейді? Егер валюта бағамын нарықтың өзі қалыптастыратын болса, мемлекет оған валюталық интервенция жүргізу арқылы ықпал ете алады. Интервенция деп сатып алу және сату механизмін айтады. Яғни, қандайда бір мемлекеттің Орталық банкі (біздің жағдайда Ұлттық Банк) нарықтағы бағаларды реттеп отыру үшін валюталарды алып-сатумен айналысады. Демек, Орталық банк нарықта сұранысты да, ұсынысты да қалыптастыра алады деген сөз. – Қазақстанда валюталар бағамын Ұлттық Банк қолдан құрамайды. Бұл – миф. Күнделікті теңге бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Оған Ұлттық Банк араласпайды. Ақпарат үшін айта кетсек, қазіргі таңда валюта биржасындағы саудаға 33 қаржы институты қатысады. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер де бар. Олар валюта бағамын белгілегенде жеке және заңды тұлғалар мен олардың клиенттерінің сұранысына қарай жұмыс істейді. Ал Ұлттық Банк орталық банк ретінде ішкі валюта нарығында бір ғана операция түрін орындайды. Ол – валюталық интервенция жүргізу. Жоғарыда оның не екенін жазып кеттік. Сөзіміз дәйекті болуы үшін айтайық, өткен жылдың мамыр айынан бері Қазақстан Ұлттық Банкі валюталық интервенция жүргізген емес. Яғни, валюта алып-сатумен айналысқан жоқ, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Дәурен Төлепбергенов. Айтпақшы, валюта нарығында атқаратын Ұлттық Банктің тағы бір миссиясы бар. Ол – Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтеріне қатысты операциялар. Сол қорларды басқарушы Ұлттық Банк Үкіметтің агенті ретінде операция жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер береді. Алдымен еліміздің Қаржы министрлігі өтінім жасайды, соған сәйкес Ұлттық қордан валюта сатылады. «Цифрлық теңге» жобасын сөз етсек, ол қолданысқа енген күні заманауи жоба болары сөзсіз. «Цифрлық теңгенің» жұмысы онлайн-транзакциялардан тұратынын ескерсек, «Қазақстандықтардың ақша аударымдары мемлекеттің бақылауында бола ма?» деген заңды сауал туындайды. Жауап дайын. Ұлттық Банк қазақстандықтарды цифрлық теңге арқылы бақылайды деген пікір де – миф. Себебі Ұлттық Банк пайдаланушының «Цифрлық теңгедегі» транзакцияларына қол жеткізе алмайды. Барлық ақпарат бүгінгі банк шоттары секілді банктік құпиямен қорғалады. Өйткені еліміздің бұл салада арнайы заңнамасы бар. Соның талаптарына сай ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, цифрлық теңгемен жасалатын транзакцияларда құпиялылық пен анонимділік сақталады. Эльмира БАЙНАЗАРОВА