Жаңалықтар

Отан қорғаушылар университетте тегін оқиды

Отан қорғаушылар университетте тегін оқиды

Қорғаныс министрлігі азаматтарға әскерде қызмет еткеннен кейін Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ тегін білім алу мүмкіндігін беру бойынша «Срочники 2.0» жобасын табысты іске асыруда. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қорғаныс министрлігінің аппарат бас­шысы, полковник Ербол Құмарбекұлы мен бас инспектор – Қор­ғаныс министрінің көмек­шісі Айгүл Төлембаева еліміздің жоғары оқу орын­дарына түсу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында жүргізілген іріктеу­лердің қорытындылары мен ведомствоның басқа да баста­малары туралы айтты. Айгүл Төлембаева түсін­діргендей, қызмет бары­сында мерзімді сарбаздар өтеусіз негізде білім алу конкурсына қатысқан. Үміткерлердің жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер Қорғаныс министрлігінің сайтында «Срочники 2.0» цифрлық платформасында тіркелген. Конкурстық іріктеуде 2022 жылғы көктем және күз мезгілдерінде әскерге шақырылған, биыл запасқа шығарылған 29 491 сарбаз бақ сынаған. Азаматтық жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін 3 000 орын, оның ішінде 350 орын елдің әскери оқу орындарына бөлінген. Конкурстан өткен­дердің тізімі әлеуметтік желі­лерде жарияланып, оқу орын­дарына жолданған. – Қорғаныс министрлігі әскер мектебінен өткендерге білім беру жеңілдіктерін заңнамалық реттеу бойынша жұмыс жүргізуде. Егер бүгінге дейін тегін оқыту ЖОО есебінен қамтамасыз етілсе, енді келер жылдан бастап осы норма заңда бекітілгеннен кейін азаматтардың бұл санаты мемлекет грантын алатын болады. Бұл жаңалық оларға шәкіртақы мен жатақхана алуға да кепілдік береді. Жа­тақ­ханалардағы орындар жоғары оқу орындарына түсетін азаматтарға бірінші кезекте беріледі. Сонымен қатар бұл тегін және ақылы негізде оқитын студенттерге де қатысты, – деп атап өтті полковник Ербол Құмарбекұлы. Бүгінде «Срочники 2.0» платформасында Қарулы күштердің, ҰҚК Шекара қызме­тінің, Мемлекеттік күзет қызме­тінің, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ұлттық ұлан­ның әскери бөлімдері тіркелген. Олардың барлығы 2022 және 2023 жылдары шақырылған – 49 349 сарбаз. – Биылғы қыркүйек айынан бастап 2022 жылғы көктемгі әскерге шақырылған 600-ден аса азамат білім беру жеңілдіктерін алып, жоғары оқу орындарында оқуды бас­тады. Жеңілдетілген оқытуға үміткерлер, әсіресе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетіне, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, Astana IT University ЖШС мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне үлкен қызығушылық танытты, – деді Айгүл Төлембаева. Сондай-ақ ведомствоның өкілдері келер жылдан бастап әскерде қызмет еткен жастар ҰҚК Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның жоғары оқу орындарына түсе алатынын да хабарлады. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің жо­ғары оқу орнына түсу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мерзімді қызметін өтейтіндер үшін жеңілдіктер тізімі кеңейтілетін болады. Мем­лекет басшысының мер­зімді әскери қызметтің тартым­дылығын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шең­берінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне кре­диттік каникулдар беру жөнін­дегі жоба да іске асырылуда. Бүгінде 5 мыңнан аса мерзімді қызметтегі сарбаздың төлем­дері кейінге қалдырылды. Ақтоты Жаңабай