Руханият

Еркін елдің ертеңі

Еркін елдің ертеңі

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы «Жамбылтану» бөлімінің ұйымдастыруымен жуырда «Еркін елдің ұрпағы» атты зиялы қауым өкілдерімен «дөңгелек үстел» басындағы кездесу өтті. Еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған басқосуда ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы ұрпақ тәрбиелеу мәселесі сөз болды. Бөлім қызметкерлері алдымен келген қонақтарды «Жамбылтану» бөлімінің көрме залдарымен таныстырып өтті. Мұнан соң екінші қабаттағы конференция залында мерекелік «дөңгелек үстел» іс-шарасы жалғасты. Салтанатты жиынды «Жамбылтану» бөлімінің мәдени жұмыстарын ұйымдастырушы Гүлгаухар Құрманәліқызы жүргізді. Басқосуды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі Көсемәлі Сәттібайұлы кіріспе сөзбен ашып, жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтады. Іс-шараға филология ғылымдарының кандидаты, тіл жанашыры Сейсекүл Исматова, облыстық «Jambyl» радиосының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Советұлы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ғылыми-зерттеу орталығының маманы Қаракөз Тамабаева қатысты. Сондай-ақ жиынға «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары және Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің ұстаздары да қатысты. Кеш қонақтары құттықтау сөз сөйлеп, тақырып төңірегінде ой қозғады. Бастарынан өткен оқиғаларын айтып, үлгі-өнеге, өсиеттерін жастармен бөлісті. Басқосуда жастарға да сөз берілді. Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушысы Жасмин Сәрсенбай «Сіздердің айтқан өсиет-өнегелеріңіз жадымызда мәңгі сақталады» деп, пікірін білдірді. Мұнан соң жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңін мәнерлеп оқыды. Ал аталған білім ордасының оқушысы Қымбат Болтай болса Жамбыл ақынның «Отан әмірі» жыр жолдарын нақышына келтіре орындады. Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінен келген білімгерлер де мерекеге дайындап келген Ж.Жабаевтың «Шекарада», Алмас Темірбайдың «оянба қазақ, оянба!», «Ел туралы» өлеңдерін жатқа оқыды. Осылайша Республика күніне арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шараның өтуіне белсене атсалысқан кеш қонақтары Алғыс хаттармен марапатталды. «AR-AI»-ақпарат