Жаңалықтар

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану керек

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану керек

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген алқа мәжілісінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде бірқатар мәселелер қаралды. Жылдың 9 айында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасап, жыл басынан бері облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтиже қалыптасқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім осы жылдың І тоқсанында 1290,7 миллиард теңгені құрап, көрсеткіш 6,1 пайызға артқан. Экономикалық өсім 1,3 пайызды құраған. Сонымен бірге 9 айда өнеркәсіп өнімінің өндірісі 3,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 12,6, тұрғын үй – 0,2, сауда – 2,5, байланыс 8,2 пайызға артқан. Алайда ауылшаруашылық – 3, көлік қызметі 0,7 пайызға төмендеген. Жыл басынан бүгінге дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында оң динамикаға қол жеткізілген. Бұл салада 634,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. – Негізгі капиталға жалпы 314,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, жеке инвестиция 35,2 пайызға артты. Есепті кезеңде жалпы инвестиция көлемінде үлесі 23,3 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 62,6 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, көрсеткіш 26,8 пайызға төмендеді. Ауылшаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,6 есеге артып, 24,5 миллиард теңгені құрады. Соңғы 9 айда 174,1 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстары көлемінің 84,54 пайызы жекеменшік, 15,25 пайызы шетелдік, қалған 0,21 пайызы мемлекеттік меншік қаражаты. Есепті кезеңде мемлекеттік қаражат 2,2 есеге, шетелдік қаражат 49,3 пайызға, жекеменшік қаражат 12,3 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар 389,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, барлық аудандар мен Тараз қаласында өсім қалыптасты. Жекеменшік қаражат көлемінің жылдан-жылға артуы есебінен үлес салмағы 89,8 пайызға жетіп, ал мемлекет қаражаты бар болғаны 10,2 пайызды құрап отырғаны байқалады. Сауда айналымы 652,2 миллиард теңгені құрап, оның да көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға артты, – деді Сандуғаш Ермаханқызы. Ал көтерме сауда 1,2 пайызға, яғни 302,5 миллиард теңгеге артқанымен, Байзақ ауданында – 10,5, Қордай ауданында – 29,5, Жамбыл ауданында – 46,5, Мойынқұм ауданында 98,4 пайызға төмендеген. Облыста ана өлімінің 5 жағдайы тіркелген екен. Нәресте өлімі 3,4 пайызға артқан. Бұл жағдай Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандарында орын алып отыр. Аталған басқарма басшысы жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексін жоспардағы 103,4 пайыз деңгейіне жеткізу үшін жыл қорытындысымен өндіріс көлемдерін қосымша 43,6 миллиард теңгеге ұлғайту қажет екенін атап өтті. Баяндаманы мұқият тыңдаған аймақ басшысы Сандуғаш Ермаханқызынан моноқалалардың қазіргі жай-күйін сұрады. Баяндамашының мәліметінше, келер жылы Жаңатас қаласына бір миллиард, Қаратау қаласына екі миллиард теңге бөлінбек. Осы арқылы аталған шағын қалалардың дамуына бар жағдай жасалмақ. Жиын барысында Ербол Шырақпайұлы аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына бюджет шығындарын тиімді пайдалану керектігін ескертіп, тиісті салалар бойынша инвесторлар тарту керектігін баса айтты. – Экономикалық өсім республикалық деңгейден төмен. Бұған бірнеше себеп бар. Менің айтарым, «бір көзден» мемлекеттік сатып алуға жол берілмеуі керек. Қанша жерден айтсақ та осы олқылыққа жол берген аудандар бар. Атап айтсам, Тараз қаласы, Байзақ, Талас, Мойынқұм, Сарысу, Жамбыл аудандары «бір көзден» мемлекеттік сатып алуға жол берген. Байзақ ауданында 1 миллиард теңгеге, Талас ауданында 234 миллион теңгеге «бір көзден» сатып алу дерегі анықталып отыр. Мұндай мәселе жемқорлыққа жол ашады. Сол себепті екінші мәрте мұндай іс қайталанбасын. Тек табиғи апат, төтенше жағдай орын алғанда ғана «бір көзден» мемлекеттік сатып алуға рұқсат. Бұл ретте айыппұл салып, ескерту жасаумен шектелмейміз. Енді осы мәселеге жауапты адам қызметінен шеттетілетіндей шара қолданамыз. Жылдың аяқталуына екі ай ғана уақыт қалды. Кейбір басқармалар қаражатты толық игере алмай отыр, – деген облыс әкімі тиісті аудан басшыларына сын көзбен қарап, оларға нақты тапсырмалар жүктеді. Келесі кезекте облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек бюджет қаражатының игерілуі бойынша көрсеткіштерге тоқталды. Баяндамашы келтірген мәліметке сүйенсек, осы жылдың 1 қыркүйегіне облыс бюджетінің кірісі 390,2 миллиард теңгені құрап, нәтиже 106,4 пайызға орындалған. Меншікті кірістер жоспары 96,2 миллиард теңгеге, яғни 132,3 пайызға орындалып, 23,5 миллиард теңге жоспардан артық түскен. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда меншікті кірістердің өсімі 120,2 пайызға жетіп, кіріс көлемі 16,2 миллиард теңгеге артқан. Меншікті кірістер жоспары барлық аудандар мен Тараз қаласында тиісті деңгейде орындалған. – Жалпы облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 433,3 миллиард теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың арасында қалыптасқан үш көрсеткіш бар. Бұл ретте қаржыны игерудің республикадағы орташа көрсеткіші 99,5 пайызды құрап отыр, – деді баяндамашы. Жиын соңында облыс әкімі аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеп, жұмысты күшейтуді тапсырды. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru