Мерейі үстем медицина қызметкері
Мерейі үстем медицина қызметкері
Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігінің арқасында науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар – мейірбикелер. Денсаулық сақтау ісінде ерліктердің басым көпшілігін мейірбикелер атқарады десек қателеспейміз. Дертіңе шипа сыйлайтын бұл жандар білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, жылы шырай көрсете білетін қоғамның белсенді тұлғасы. Айтылған талапқа сай деп жас та болса білікті маман атанған, тараздық тұрғындармен қатар көптеген облыс орталықтарына, қалаларға сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан 12 жылдық тәжірибесі бар «Анестезиология және реанимация бөлімінің аға маманы» Фирюза Ғаниқызын айтуға болады. Фирюза бала күнінен медицина қызметкері болуды армандаған екен. Кейіпкеріміз Меркі ауданы, Меркі ауылының тумасы. Жастайынан білімге құштар, озат оқушы әрі қатарының алды болған. Жас күнінен көптеген медициналық кітаптарды оқып, деректі фильмдерді көруді әдетке айналдырады. Мектепті үздік тәмамдаған жас талапкер жанымен сүйіп қалаған мамандығына оқуға түседі. Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық колледжіне «Жалпы медицина» мамандығына оқуға қабылданып, аталмыш оқу орнын 2010 жылы үздік бітіріп шығады. Тараздағы №2 қалалық емханада қызметін бастаған кейіпкеріміз көптеген жерде тәжірибе жинақтаған. Мәселен, Меркі ауылында жедел жәрдем фельдшері, Меркі аудандық емханасының медбикесі, Гвардейский кентінің медициналық батальонында (63302 әскери бөлімі) операциялық бөлімшенің медбикесі болып білімін одан сайын арттырады. Сонымен қатар 2019 жылы ефрейтор әскери шенін алған. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы әскери госпитальде (73928 әскери бөлімі) «Анестезиология және реанимация бөлімінің аға маманы» болып қызмет атқарып келе жатыр. Бала күнгі өзіне берген сертінде тұрған маман ем іздеп келгендерге шынымен-ақ сапалы қызмет көрсетіп жүр. Фирюза бізбен әңгімелесу барысында мамандықтың артықшылығы мен қиындығы жайлы сөз қозғап, кеңес беруден де тартынбады. – Анестезиология мен реанимациядағы жұмыс медбикеден керемет ұтқырлықты, жоғары ілтипаттылықты және икемділікті талап етеді. Мен өз командамды жақсы көремін және құрметтеймін. Әр қызметкер жұмысқа 100 пайыз жұмылдырылған. Біздің барлық ұжым науқастарға үлкен ілтипатпен қарайды. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастар мейірімділікті, жылы сөзді, шыдамдылықты және жанашырлықты қалайды. Бірақ әрбір істі өз басынан өткізу өте қиын. Біреудің қайғысына бейжай қарау мүмкін емес, – дейді Фирюза Ғаниқызы. Кейбір жайттарда аурудың басым бөлігі адамдардың өз денсаулығына жіті көңіл бөлмей, немқұрайды қарауынан қалыптасып жатады. «Жасырғанның жарасы асқынады» немесе «Ауруын жасырған – өледі» деген мақалдар осыған дәлел. Адамдардың екіден бір бөлігі ауруы әбден асқынғаннан кейін ғана дәрігердің көмегіне жүгінетіні бар. Мұндай жағдайда көбіне дәрігерлер қауқарсыздық танытып жатады. Сондықтан дәрігерге уақтылы қаралып, аурудың алдын алу әлдеқайда арзанға түсетінін әр адам ұғынуы тиіс. Қазір медицина қарыштап тұрған заманда мүмкін емес нәрсе қалмады. Өз денсаулығымды күтемін, емделемін деген әрбір жанға әрдайым көмек қолын созатын жандардың барын ұмытпағанымыз абзал.
Әнел ӘШІРҚҰЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің III курс студенті