Жаңалықтар

ПАЛЕСТИНА МЕН ИЗРАИЛЬ ҚАҚТЫҒЫСЫ:

ПАЛЕСТИНА МЕН ИЗРАИЛЬ ҚАҚТЫҒЫСЫ:

7 қазан таңертең Израильге палестиналық ХАМАС қозғалысы шабуыл жасағаны белгілі. Зымырандармен соққы жасағаннан кейін олар ел аумағына басып кірген-ді. Елді мекендер мен музыкалық фестиваль шабуыл нысанына айналды. 11 қазанда Израиль әскерінің өкілі Джонатан Корникус 1200 адам қаза тауып, 2700 тұрғын жарақат алғанын мәлім етті. Жаңа деректер бойынша, мерт болғандар саны 1300-ге жетті. Оған жауап ретінде Израиль Газа секторына контртеррорлық операцияны бастады. 2700 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам тұрғын жараланғаны хабарланды. Соғыс қимылдары болып жатқан кезде желіде көптеген фейк пен деректерді бұрмалау пайда болды. Factcheck.kz олардың кейбірін талдап, ақ-қарасын анықтап көрді. Торда отырған Израиль балалары Шабуыл кезінде ХАМАС адам­дарды тұтқынға алды, олардың қата­рында балалар да бар. 8 қазанда әлеуметтік желілерде торда отырған балалардың видеосы тарап кетті. Бұл – ұрлап әкеткен израильдік балалар делінген. Түпнұсқа видеоның авторы ролик ХАМАС Израильге шабуыл жаса­ғанға дейін түсірілгенін, ал онда бейне­ленген балалар туыстары екенін мәлім етті. Ол әзіл ретінде түсірілген тәрізді. Ролик тарап кеткеннен кейін израильдік «FakeReporter» порта­лы видеоны «TikTok» желісіне @user6903068251281 атты қолданушы ХАМАС Израильге шабуыл жасағанға дейін (4-5 қазанда) салғанын анықтады. Бір қызығы, екінші тарап осы фактіні пайдаланып, видеодағы палестиналық немесе сириялық балалар деп сендіргісі келді. Видеорастауды ешкім жарияла­маға­нымен, видео авторы өзі мәлім­деме жасауды жөн деп шешкен. «kashif.ps» аудармасы бойынша, ер адам роликтегі Израиль бала­лары емес, өзінің туыстары еке­нін мәлімдеген. Онда тағы не айтыл­ғаны толық түсінікті емес. Әңгіме пранк жайлы болып отырған тәрізді. «Leadstories» фактчекерлері түп­нұсқа видеода «#الشعب الصيني_ماله_حل» хэштегі бар екенін атап өтті. Қолданушылар оны «TikTok»-тағы әзіл видеоны белгілеу үшін қояды. Египеттіктер Газа секторына су тасуда Газадан кетіп қалудың жалғыз жолы – Египетпен шекараны кесіп өту, бірақ өткізу-бақылау пунктіндегі жағдай қиын. БАҚ-та жалғыз өткізу пунктінің жұмысы туралы сенімді ақ­па­рат жоқ, ал кейбірі Египет босқын­дарға гуманитарлық дәліз ұсынудан бас тартқанын хабарлады. Осы оқиға аясында желіде «Оқиғаға бейжай қарамаған Египет тұрғындары Газаға тамақ пен су жеткізіп жатыр» делінген видео пайда болды. Видео желіге жанжал ушыққанға дейін жүктелген. Мәселен оны «X» әлеуметтік желісінің қолданушысы @BlazianP 2023 жылдың 7 қыркүйегінде жариялаған. 11 қыркүйекте арабтық «Misbar» платформасының фактче­керлері видеоны тексеріп, ол Ливия-Египет шекарасында түсірілген, ал ондағы адамдар контрабандамен айналысып жатыр деген қорытындыға келді. Гуманитарлық көмек жеткізіп жатыр Сонымен қатар Египет пен Газа шекарасындағы дағдарысқа байланысты Газаға кіру үшін рұқсат күтіп отырған гуманитарлық көмек тізбегі бейнеленген ролик тарады. Ролик израильдік 12 арнасы 2021 жылы көрсеткен видеоның үзіндісі болып шықты. Сюжетте Газаға Египет шекарасы арқылы өтетін бақылаусыз, белгісіз жүктер туралы айтылған. Жүк ХАМАС-қа арналған болуы мүмкін, сол себепті телеарнада Египет тарапынан дұрыс тексерістің жоқ екені талқыланған. «Х» әлеуметтік желісі (бұрынғы «Twitter») контентті «жасанды немесе арнайы өңделген медиафайл» деп белгілеген. 12 арнасының скриншоттарынан біз, шынында, тізбектелген біркелкі жүк көліктерін көреміз, сол себепті клондалған тәрізді көрінеді. Дегенмен сурет өңделген деп нақты айта алмаймыз, себебі тасымалдауға бірдей көліктер жиі пайдаланылады. Жаһандық газ тапшылығы бола ма? Израиль контртеррорлық опе­рация жариялағаннан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та «Қатар әмірі Тамим ибн Хамад әл Тани Газаға шабуыл жасалса газ тапшылығы болады деп қорқытты» деген хабарлама тарады. Кейбір жариялымдарда бейнеролик қоса берілген. Dohanews басылымы бұл мә­лім­демені алғаш Х әлеуметтік желісінде @Qattar_Affairs есімді пайдаланушы жариялағанын анық­тады. Туит қандай да бір аудио немесе видео дәлелсіз жүктелген. Сөз сөйлеген тұсы әлеуметтік желілерге кейінгі нұсқаларында қосылған. Сонымен бірге Қатар әмірі жаһандық газ тапшылығын тудырамын деп қорқытқанына еш дәлел жоқ. Кейбір жариялымдарға қоса жүктелген ролик 2017 жылы жарияланған. Онда Әл Танидің «Тұрақтылық, даму және босқындар мәселесі» тақырыбындағы 17-ші Доха форумында сөйлеген сөзі таспаланған. Видеоның қазіргі қақтығысқа мүлдем қатысы жоқ. Қазіргі @Qattar_Affairs тіркеу жазбасының жұмысын Х әкімшілігі тоқтатты, бірақ интернетте архив жазбалар сақталған. Хамад бин Халифа универ­ситетінің таяушығыс зерттеу­лері доценті Марк Оуэн Джонстың Dohanews журналистеріне айтуын­ша, @Qattar_Affairs аккаунты күдікті. Ол үнемі Қатарға қатысты фейк ақпаратты ойлап тауып, шығарып отырады. «Еврейлерге көмек беру ақша шашумен тең» Баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде Helping jews = burning money («Еврейлерге көмек = ақша шашу») және Stand with Ukraine («Украинаны қолда») деген жазуы бар көше жарнамасының видеосы тарап кетті. Оның Нью-Йоркте шық­қаны, контентке украиндар, Украина шенеуніктері және Владимир Зеленскийдің өзі тапсырыс бергені айты­лып жүр. Төменде баннер бай­қа­латын роликтің скриншоты және «Telegram» желісіндегі пост скриншоты тұр. «Factcheck.kz» сайтының редак­циясы мұндай жарнама расымен АҚШ көшелерінде пайда болды ма деген сұраққа жауап іздеп көрді. 8 секундтқа созылатын видео шын мәнінде Нью-Йоркқа жасалатын виртуалды жаяу турдан қиып алынған. Ол желіге 2023 жылғы 23 тамызда жарияланған және фейк баннер салынып редакцияланған. Видеоның түпнұсқасында экранда басқа бейнежарнама шығады. Толығырақ айтсақ... Негізінен видео желінің орыс тіліндегі сегмен­тінде, сонымен қатар Кремль пропа­ган­дасын насихаттайтын шет тілде шығатын әлеуметтік желілердің аккаунт­тарында жарияланған. Одан бөлек, оны VOBLYA, Царьград ТВ, КУЧЕРА, ZERGULIO, Шейх Тамир, Кот Костян – ресми канал, ТалипоV Online Z, Саня во Флориде, Анатолий Урсида, Александр Семченко секілді каналдар да салған. Осы ресурстардың өзінде постты 1 миллионнан астам рет қараған. Видео «LiveJournal», «YouTube» платформаларында да кездеседі. Фейк хабарламаны пропагандалық сипаттағы жаңалық порталдары да жариялаған. Постардың көбі 13-15 қазанда шыққан, алайда ертерек шыққан жазбалар да бар. Мысалы, VOBLYA «Telegram»-арнасы видеоны 12 қазан күні кешке шығарған. Бұл жағдайда сурет бойынша іздеу нәтиже бермегендіктен, редакция «YouTube» желісінде қолмен іздеу әдісіне жүгінді. Бұған бізге тәжірибеміз бен басқа фактчекерлердің тәжірибесі көмек­тесті. Мұндай фейк роликтердің көбі көбіне «YouTube»-те танымал жаяу турларда жасалады және әрекет расымен Нью-Йоркте бол­ғаны болжанады. Соны біліп, біз мегаполистегі жаяу турларды зерт­теп шықтық. Біз қажет серуенді жыл­дам таптық. «New York City Virtual Walking Tour – Billionaires’ Row New York City 4K Walk» деп аталатын видео «The NYC Walking Show» деген арнада осы жылғы 23 тамызда жарияланған. Онда 6:03 уақытта тура сол фрагмент бар және ондағы баннерден басқасының бәрі әлеуметтік желіде тараған 8 секундтық роликтен аумайды. Түпнұсқада экранда Монреал туралы жарнамадан соң Stand Up To Cancer ракпен күрес қайырымдылық ұйымы өткізетін іс-шараның жарна­масы шығады. Шара 19 тамызда өтуі керек болған. Ұйым сайтында ивент туралы ақпарат та бар.