ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ
Білім беру саласында тәжірибелі де білімді кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – техника ғылымдарының кандидаты, профессор Әбдіғали Шолақ. Кейіпкеріміз ұстаздық қызметке елу жылын арнап, талай жастың еңбек нарығында қажетті маман болуы үшін аянбай еңбек етті, білгенін үйретті. Қазір де М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде болашақ химиктерге білім беруде. Әбдіғали Әбділдаұлы Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыстан кейінгі қиын кезеңде өтті. Мектепті Қаратау қаласында бітіріп, Шымкент қаласындағы Қазақ химия технологиялық институтының «Химиялық технология» факультетіне оқуға түседі. Ауылда оқыған қазақтың қара домалақ баласы үшін орыс тілінде білім алу оңайға соқпады. «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша оқуды тәмамдап, кафедрада ассистент қызметіне қалдырылады. Ғылым жолында шыңдалуды көздеген маман әрмен қарай Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия технологиялық институтының «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» кафедрасына аспирантураға түседі. «Силикагельмен газдарды кептірудің кейбір мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған ғалым өзі түлеп ұшқан институтқа оралып, аға оқытушы қызметін атқарды. Кейін Жамбылдан шақыру түсіп, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына бағыт алды. Міне, сол кезден бері Әбдіғали Әбділдаұлы оқу ордасында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ұлағатты ұстаз осы уақытқа дейін 1 монография, 1 оқулық, 10 әдістемелік оқулық шығарып, 150-ден аса мақала жариялады. Еңбектерінде көбіне есеп шығаруға көңіл бөлетін ғалым технология саласында қазақ тіліндегі әдебиеттердің кезінде тапшы болғанын тілге тиек етті. – Кезінде химия саласы бойынша оқулықтар аз еді, жоқ десе де болады. Бүгінгі студенттердікі жақсы ғой. Өз ана тілінде кез келген мамандық бойынша әдебиеттер баршылық. Тек оқыса болғаны. Мен көбіне химиядағы есептерге ден қоямын. Себебі есеп шығара алатын студенттің қарым-қабілеті, зеректілігі жоғары болады. Есепті екінің бірі шығара бермейді. Оқулықтарым химиядағы есептерді шығаруға бағытталған, – деген ғалым осы уақытқа дейін 15 магистранттың ғылыми жетекшісі болғанын тілге тиек етті. Химия – күрделі сала. Бұл бағытты таңдап, химия саласының маманы болуды қалайтын жастардың қатары қалың емес-ау. Десе де биыл жағдай басқаша. Өткен жылдарға қарағанда химик болуды қалаған жастар санының өскені байқалады. Оның себебін ұлағатты ұстаз: «Университетіміз Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық университетімен келісімшартқа қол қойып, біздің студенттер Ресейде оқу мүмкіндігіне ие болғалы химия саласына қызығушылық танытқан жастардың қатары артты. Былтырғыға қарағанда биыл біздің мамандықты таңдаған жастар көп. Демек химия саласына жастарды көптеп тарту үшін жаңа мүмкіндіктер, жан-жақты қолдау керек деген сөз. Баяғыда химия саласы мамандары үшін жеңілдіктер көп қарастырылатын. Сол үшін де химияны таңдап келетін. Қолдауды әлі де күшейте түссе жастарды қызықтыруға, көптеп тартуға болады. Білікті маман көбейсе, химия өнеркәсібі дамиды. Өнеркәсіп дамыса ел экономикасы жақсарады, – деп түсіндірді. Сондай-ақ ұстаз студенттердің оқумен қатар жұмыс істеуі білім алуға кедергі екенін айтады. «Жұмыс істеп жүрген студент оқуды қайдан қарық қылсын? Жұмыстан шаршайды, оқуға зауқы болмайды, кешігіп келеді, я мүлдем келмейді. «Не үшін жұмыс істейсің, оқымайсың ба?» десең, оқудың ақысын төлеуім керек дейді. Студент кезде бар білімді үйреніп, көңілге тоқып қалу керек. Ол өмірлік азығың болады. Нашар маманды еш жер де жұмысқа алмайтынын жастарға шамам жеткенше түсіндіремін» дейді ол. «Елу жылда ел жаңа» дейміз. Елу жыл сабақ берген ұстаз талай өзгерістің куәсі болды. Білім саласындағы өсу мен өнуді көрді, артықшылығын көрсе қуанып, кемшілігін көрсе қынжылып қалған кездері болды. Әркез саланың дамуы үшін шамасы жеткенше үлесін қосып бақты. Еселі еңбегі еленіп, профессор талай марапатқа, құрмет-қошеметке кенелді. Әбдіғали Әбділдаұлы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2017 жылы Халықаралық энциклопедияның «Білім беру ісінің үздіктері» атты номинацияға қатысып, арнайы төсбелгіге ие болды. Кейіпкеріміз бұдан бөлек өзге де көптеген марапатты иеленген. Әрине, мұның бәрі еселі еңбектің, жылдар бойы төккен тердің арқасы. Ғылымға арнаған ғұмырында химияны зерттеп, шәкірт тәрбиелегеніне көпшілік куә. Ерекше ілтипат танытып, құрметтейді ұстазды. Ұстаз өз шәкірттері үшін екінші ата-анасындай. Университет қабырғасында студенттері «Ұстазым» деп сыйласа, үйдегі немере-шеберелері үшін Әбдіғали ағай қамқор ата, ең мейірімді адам. Бес бала тәрбиелеп өсірген әке бүгінде сегіз немере, тоғыз шөберенің атасы. – Үлкен балам мен кенже балам бизнеспен айналысады, бірі экономист, банкте жұмыс істейді. Бір балам – заңгер. Кенже қызым физика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттық технология университетінде ағылшын тілінен сабақ береді. Қазір немеремнің қолында тұрамын. Немере келінім бар. Шүкір, немере мен шөберелерімнің қызығын, қуанышын көріп отырмын, – дейді профессор. Айжан Өзбекова