Білім

ҰРПАҚ БІЛІМДІ БОЛСА, ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЛЫ БОЛАДЫ

ҰРПАҚ БІЛІМДІ БОЛСА, ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЛЫ БОЛАДЫ

Биыл тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл толады. Бұл уақыт еліміздің дербес мемлекет болып қалыптасуына, әлемдік қауымдастықтан өз орнын табуына, ел болып түбегейлі орнығуына жол ашқан айтулы кезең болғаны ақиқат. Осы мерзімде Қазақстан экономика тұрғысынан қарыштап алға басумен қатар әлеуметтік салада да бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Мұның ішінде білім жүйесі де бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында «Білім беру туралы» (1993 жыл), «Білім туралы» (1999 жыл), «Ғылым туралы» (1999 жыл) жаңа заңдар мен сол заңдарға байланысты Үкіметтің қаулы-қарарлары және еліміздегі білім саласын дамытуға бағытталған 6 мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол жылдары осы заңдар мен қаулыларды жүзеге асыру үшін бүкіл еліміз бойынша үлкен айтулы іс-шаралар атқарылды: саралау-сараптау жұмыстары жүргізілді, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен ғылыми іс-шаралар өткізілді. 1993 жылы еліміздің танымал ғалым-ұстаздарының дайындап, ұсынуымен «Білім беруді мемлекеттік қолдаудың ұлттық бағдарламасы» дүниеге келді. 1996 жылы білім беру жүйесін реформалаудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы дайындалды. 2000 жылы 26 тамызда «Мемлекеттік міндетті білім стандарты» қабылданып, содан көп кешіктірілмей, 2000 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Білім беру бағдарламасы» бекітілді. Қазақстанның білім саясаты мен білім жүйесіне елеулі бетбұрыс 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламасы өмірге келген кезден басталды. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға кіріскен еліміз экономика мен әлеуметтік салалардың барлық бағытын жаңаша құру үшін пәрменді іс-әрекеттерге көшіп, қазақстандық дамудың жаңа сатысына бет алды. Еліміздің білім саясаты мен оның жүйесі де осы бағдарлама аясында атқарылған ауқымды да маңызды жобалардың бел ортасында болды. Айта берсек, тәуелсіздіктің 32 жылында еліміздің білім жүйесі жан-жақты қанат жайғанын байқар едік. Осы жылдары елімізде ондаған жоғары оқу орны, колледждер, лицейлер, гимназиялар ашылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары өмірге келді. Кеңестік дәуірде бүкіл еліміз бойынша жоғары оқу орындарының саны 50-ге жетер-жетпес болса, тәуелсіздік жылдарында ол 3 есе артты. Қазақстанның әр аймағында өңірлік университеттердің құрылуы ел жастарын өз өңірлерінде оқытуға мүмкіндік берді. «Болашақ» бағдарламасымен соңғы 20 жылда жиырма мыңға жуық жастарымыз шетелдердің ең үздік университеттерінде білім алып, бүгінде еліміздің халық шаруашылығының әралуан салаларында қызмет істеп жүр. Кеңес өкіметі кезінде қазақ мектептері жаппай жабылып жатты. Халық жылма-жыл өсіп, мектеп тапшылығы да айқын сезіліп, 3-4 ауысымда оқытатын мектептердің білім беру сапасы сын көтермеді. Бұл бүкіл Қазақстанға ортақ мәселе болатын. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастап елімізде жаңа мектептер салу, оларды заманауи ақпараттық техникалармен жабдықтау ісі жедел жүзеге асырылды. Өткен 32 жылда елімізде 1800-ден астам мектеп, 2 мыңнан аса мектепке дейінгі тәрбие мекемелері, балабақшалар салынды. Дарынды балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесі құрылып, елімізде 20-дан аса зияткерлік мектептер салынып, пайдалануға берілді. 2002 жылдан бастап отандық арнайы білім беру жүйесінде оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері сияқты жаңа құрылымдар пайда болды. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға айырықша көңіл бөліне бастады. Орта білім жүйесінде педагог-магистрлер санының арта түсуі білім сапасына едәуір әсерін тигізді. Өткен ғасырдың 90-жылдары мектепке дейінгі балалар мекемелерінің көпшілігі жабылып немесе жекешелендіріліп кеткені белгілі. Ал 2000 жылдарға қарай, ел экономикасының жаңа тынысы ашылып, жаңа балабақшалар салу, ескілерін қалпына келтіру, жекешеленіп кеткендерін қайтару нәтижесінде балалар мекемелері көбейе түсті. Соңғы 20 жылдың көлемінде жеке балабақшалардың саны артты. Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру, оларды оңалту және түзету мекемелерімен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Мектепке дейінгі тәрбиеге мемлекеттік тапсырыс беру ісі заңдастырылып, мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау айтарлықтай жеңілдетілді. «Балбөбек» (1996 жыл), «Қайнар» (2007 жыл), «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» сияқты отандық бағдарламалар жемісті жұмыс істеуде. 2016 жылы енгізілген мектепке дейінгі тәрбие және білім беру типтік бағдарламасы бүлдіршіндердің базалық дағдыларын қалыптастыруға қызмет етуде. Жаңартылған мазмұн шеңберінде 2017 жылдан бері балалардың қабілеті мен дағдысын бағалаудың индикаторлық жүйесі енгізілді. Ал 2018 жылы мектепке дейін білім мен тәрбие берудің мемлекеттік стандарты қабылданып, 2019 жылы балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілді. Мұның өзі ерте жастағы (0-3 жас) балдырғандардың әлеуметтік дағдысын қалыптастыруға, өздігінше білім алуын қамтамасыз етуге, педагогтер мен ата-аналардың құзыреттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қамқорлық деп білуіміз керек. Сонымен бірге мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді дамытудың толыққанды моделі жасалып, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту аясы кеңейе түсті. Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға орын бөлудің ашықтығы мен ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін аймақтарда балабақшаларға жолдама білім басқармалары мен бөлімдерінің қатысуынсыз автоматты түрде берілетін болды. Балабақшаны ата-аналардың өз беттерінше таңдау еркіндігінің берілуі бұл мекемелердің жауапкершілігін арттыра түскені белгілі. Әрқашан халқымыздың ұстазға деген құрметі зор. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы еліміздің мұғалімдер қауымына жаңаша жұмыс істеуге кең жол аш қаны сөзсіз. Аталмыш заңның қабылдануы білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен бірге, еліміздің бүкіл ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруге, ұстаз деген ардақты аттың абыройын арттыруға қызмет еткені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында еліміздің білім жүйесін одан әрі дамыту туралы өз ой-тәжірибесімен бөлісіп, Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп келеді. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында да білім беру саласына айрықша тоқталып: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар сала­сында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұ­мысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн» деп атап көрсетті. Жолдау жүктеген міндеттер бүгінде облысымызда да жүйелі жүзеге асырылуда. Айжан Өзбекова