Білім

ПЕДАГОГ өз МӘРТЕБЕСІн өзі көтереді

ПЕДАГОГ өз МӘРТЕБЕСІн өзі көтереді

Педагог – жас ұрпақты, адамдарды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін тұлға. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана нағыз педагог-ұстаз бола алады. Ұстаз туралы қалам тартпаған ғалымдар мен ағартушы-ойшылдар кемде-кем. Солардың ішінде әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Ұста жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл. жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» десе, орыс педагогі, ғылыми педагогиканың авторы К.Д.Ушинский «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» деп айтқан. Сондай-ақ «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын, тынымсыз лаулаған жалын иесі» деген Ян Амос Коменскийдің қанатты сөзінде айтылғандай, қоғамда ең сыйлы адам – ұстаз. Бұл пікірді Мұстафа Кемал Ататүріктің «Ұстаздар – ұлтты құтқаратын ең ұлы тұлғалар!» деген қанатты сөзімен ұштастыруға болады. Педагог берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ сияқты. Ғылымның сырын терең ұққан ғалым да, ел қорғаған ер жүрек батыр да, өткір тілді, орақ ауызды ақын да, егін салған еңбекқор диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі-бәрі ұстаздардан тәлім-тәрбие, білім алған. Сондықтан ұлағатты педагог-ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. «Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзінде айтылғандай, тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне қазіргі кезде осындай рухы асқақ, ұстаздық ісі ұлағатты, жастар талантын терең таразылайтын, адамгершілігі жоғары, ойы биік, білгір азаматтар өте қажет. Қазіргі қоғамдағы әрбір мұғалімнің мәртебесі осы кісі сияқты жандардың қатарын толықтыратын болса, біздің еліміздің абыройы әрдайым асқақ, мәртебесі де биік болатыны сөзсіз. Қоғамдағы педагогтің мәрте­бесі деген сұраққа тоқталсам, біздің өмір сүріп отырған заманымыз ғылыми-техникалық, жаһандану дәуірімен тұспа-тұс келіп тұр. Небір заманауи құрылғылар мен әдіс-тәсілдер де қарыштап дамып келеді. Десек те осы заман талабына сәйкес мұғалімдер статусы да біршама өзгерістерге ұшырауда. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, қазіргі қоғамдағы мұғалімдер де екі түрлі категорияға жіктеліп кеткен. Қайсысымыз болсақ та шындықтан қаша алмаймыз, қазіргі уақытта күнкөрістің қамы үшін көптеген адамдар мұғалімдік мамандықты қашық­тықтан оқып алып, арнайы білім беру ошақтарында қызмет етіп келеді. Алайда бұл орны толмас кемшіліктерге жол беруде. Сонымен қатар бүгінгі таңда кейбір ұстазбыз деп жүрген жандардың бойкүйездігі, жауапкершіліктен қашып, өз жұмысына немқұрайды қа­райтыны мұғалімнің қадір-қасиетіне көлеңке түсіруде. Күнделікті күнкөрістің қареке­тімен мамандықты сан мәрте ауыстырудың өзі ұстаз беделінің төмендеуіне әкеп соқтыруда. Мен өзім мұғалімдікті кәсіп еткен әулетте туып-өстім. Анам да осы ұстаздық жо­лында аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Соның әсерінен болар, мұғалім болуды бала күнімнен армандап, осы кәсіптің шебері болуды мақсат тұттым. Мұға­лімнің рөлі қай кезде де өте мәртебелі, жоғары деңгейде болуы тиіс. Буыны қатпаған балаға дұрыс жолды сілтеп, оң-солын ажыратуды үйретуі керек. Менің ой топшылауым бойынша педагог деген – зиялы тұлға, өзін жинақы ұстайтын, үнемі ізденісте жүретін, өзіндік сыни көзқарасы қалыптасқан, ұстамды, өзгелердің пікіріне сыйластықпен қарайтын, рухани бай, кемелденген тұлға болуы керек. Сонымен қатар шығармашылықты қатар ұстайтын, адамгершілігі мол, мейірімді, бәсекеге қабілетті болғаны дұрыс. Педагогтің өзі заманның ағымына қарап әрекет жасай жүріп, үздіксіз өзінде дамытатын тұлға болғаны абзал. Киелі қазақ халқының бо­ла­шағын айқындауда, бала қазақ халқының дара тұлға­ларының қалдырған ізі туралы ақпараттармен қанығып, елінің асқақ абыройын бірінші кезекке қоятындай патриоттық сезімнің ұшқынын сонау бал­ғын шағынан бойына сіңіруі, тояттап, сусындауы қажет. Ол үшін баланы тәр­бие­легенде балабақшада жүрген кезінен ұлттық салт-дәстүрлерімізді бойларына сіңіріп, жаңғырта отырып үздіксіз ата-бабаларымыздың еңбектерін насихаттау керек. Олар кім десек Абай, Шәкәрім, Мағжандардың және де қазақ халқының батырлары мен ақын-жырауларын, термешілері мен сал-серілерін, би-шешендерін, ағартушы топ өкілдерінің шығармалары мен ұлт үшін еткен еңбектерін аса терең дәрежеде балаға айтып, түсін­діріп саналы түрде сондай тұл­­ға­­лардың ұрпағы екенін түсі­нетін толыққанды адамды тәрбиелеуіміз керек. Мәселен, Абайдың барлық еңбектері ұрпақтарының саналы болуына, кемел адам болып қалыптасуы үшін толық адам деген ұғымды тереңінен қозғайды. Мен күні бүгінге дейін Абай атамыздың қарасөздерін, өлеңдері мен қанатты ойларын жиі-жиі оқып әр кезде болсын өзіме сабақ алып жүремін. Сонымен бірге Абайдың, Мәшһүр Жүсіп бабаларымыздың ілімін наси­хаттайтын заманауи үлгіде жа­зыл­ған жаңа кітаптар­ды, атап айтқанда, Омар Жәлелдің «Харекет», Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам», Мұхитдин Исаұлының «Тұлға болам десеңіз», тағы да басқа азаматтардың жазған еңбектерін де іздеп жүріп оқып, көңіліме тоқимын. Қазіргі білім беру жүйесін сөкпеймін, десек те жоғарыда аталған Алаш арыстарын дә­ріптеу жағы қарын ашты­рар­лықтай. Оған себеп бала­бақ­шадағы, мектептегі педагог мамандардың өздерінің дәре­желерінің деңгейлері төмен екендігі айтпаса да белгілі. Баланы кітапханаға баруға баулу ата-ана мен педагогтердің ұжымдасып атқаратын тәрбие жұмысының бір бөлшегі. Бірақ қазіргі уақытта ғаламтор мен смартфондардың, компьютерлік құрылғылардың дәуірі болған­дықтан тәрбиеленуші топ өкіл­дері басқа арнада өсіп келеді. Сонау Кеңес одағының тұ­сында мұғалімдер мәртебесі өте жоғары болатын. Сол ке­зеңдегі тәрбие алған аза­маттар күні бүгінге дейін білім берген ұстаздарын сыйлап, алдынан қия өтпей, ерекше ілтипатпен құрметтейді. Сабақтан тыс уақыт­тарда көшеде, дүкенде ұстазын көрсе ізет көрсетіп, жол береді. Ал қазіргі за­манда мұғалімнің мәртебесі соншалықты беделге ие емес. Сондықтан да осы жағдайларға стратегиялық жоспарлар тұр­ғысынан талдау жасап, мем­лекет тарапынан үлкен қол­дау білдіріліп, еңбектеген баладан, еңкейген қарт кісілерге дейін мұғалімдерді ерекше құрмет­тейтін жүйені қоғамның әде­тіне сіңіру керек. Сонымен қатар мұғалімдік маман­дыққа түсуші талапкерлерге ерекше сипаттағы қосалқы емти­хан­дар тағайындалса, сол ма­мандыққа психологиялық тұр­ғы­дан дайындығының деңгейін ажырататын әдістер қолданылса және талапкердің бойында ұлтына деген жана­шырлық қабілеттердің, рухани байлықтарының жетерлік екен­­дігін тексеретін арнайы мамандардан сарапшылар құрылып, қажетті сынақтардан өтер болса еліміздің дамуына елеулі үлесі болатындығына мен сенемін. Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамдағы мұғалімнің басты қызметі – жаңа заманға сай білімді, көкірегі ояу, тәрбиелі, әр уақытта еліне қызмет ететін, оң-солын білетін, рухани кемеліне келіп толысқан жақсы азамат қалыптастыру. Ал педагогтің негізгі міндет – қазіргі кездегі жаңа оқыту мен тәрбиелеу технологияларын еркін меңге­ріп, өз кәсібін жетілдіре жүріп үздіксіз даму. Сондықтан да жас педагогке жемісті еңбек ете алатын, өзінің қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асы­ратын жағдайлар туғызу қажет. Сонда ғана әрқашан ұстаз мерейі үстем, мәртебесі биік болады. Саят МАМЕШОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы, химия магистрі