Жаңалықтар

ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ӨТІНІШІ 20 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН

ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ӨТІНІШІ 20 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН

Қазақстан Республикасының Cауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың төрағалығымен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің IV отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП басшылары және Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы өкілдері қатысты. Кеңеске қатысушылар ұялы байланыс қызметте­ріне, интернет-провайдер­лерге тарифтерді көтерудің, сондай-ақ рекреация­лық, туристік, қонақүй бизнесі нысандарының тұтынушы­лардың құқықтарын бұ­зуының проблемалық мәсе­­­­­ле­лерін талқылады. Тұтынушылардың құқық­та­­рын қорғау комитетінің басшысы Асқар Тынысбеков осы салалар бойынша тұтыну­шылардың шағымдары мен өтініштерінің өскенін атап өтті. – 2021-2022 жылдар­мен салыстырғанда телеком­муникация саласына қатысты өтініштер саны 2,5 есеге артты. Тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижелері 10 мың респонденттің интернет-про­вайдерлердің қызмет­теріне наразылығын көр­се­теді. ҚР «Байланыс қыз­меттерін көрсету» Заңы мен ережелерінің талаптарын байланыс операторлары елемейді, бұл халық тара­пынан үлкен наразылық туғызады және жедел әрі жүйелі шешімді талап етеді, – деді спикер. А.Тынысбеков тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі уәкіл атынан Цифрлық даму министрлігіне осы мәселеге көңіл бөлуді, тиісті шаралар қабылдауды ұсынды. Статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, тұтыну­шылар өтініштерінің саны жыл сайын 20 пайызға артады. Айталық, уәкілетті органға 2020 жылы тұты­нушылар тарапынан 21 мың өтініш түссе, өткен жылы шағымдар саны 30,2 мың өтінішке дейін ұлғайған. Үлес салмағы бойынша шағымдар бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет көрсету саласы мен электрондық сауда саласында басымырақ. Ал ең үлкен өсім қоғамдық тамақтандыру нысандарында қызмет көрсету – 2,8 есе, көлік және байланыс қызметтері – 2,5 есе, медициналық қызметтер саласында 2 есе болды. – Алайда аталған факті­­лер тұтынушылардың құқық­та­рын қорғау саласындағы істердің нақты жай-күйін көрсетпейді, өйткені бар­лық тұтынушы бұзылған құқықтарды қорғау үшін мемлекеттік органдар мен тұтынушылардың қоғам­дық бірлестіктеріне жүгіне бермейді, – деді сала басшысы. Кеңес барысында тұты­нушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасының негізгі аспектілері таныстырылды. Атап айт­қанда, тұтынушылардың шағымдарын қараудың көпсатылы жүйесін қалып­тастыру, кәсіпкердің тұты­нушының пайдасына аза­­маттық-құқықтық жауап­кершілігі, заңның мәртебесін күшейту және тұтыну саласындағы мем­лекеттік органдарды сала­аралық үйлестіру, тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсмен институтын енгізу, электрондық сауданы тұтынушылардың құқықта­рын қорғау нормаларын оның күндізгі нысанымен үндестіру сынды мәселелер көзделген. Жалпы елімізде тұты­ну­шылардың құқықта­рын қорғаудың барлық жүйесі тұтынушының құқық­та­рын қамтамасыз ету алго­ритміне негізделген. Ол үшін тұтынушылардың ша­ғымдарын қарау­дың үшсатылы жүйесі енгізіл­ген. Бірінші кезеңде сатушы, қызмет көрсетуші сатып алушының, тұтынушының шағымын өз бетінше немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарын тарта отырып қарауға міндетті. Бұл шағымдарды бірден бейбіт жолмен шешуге болатын алғашқы кезең. Бұл жағдайда үкіметтік емес ұйымдар дауды сотқа дейін реттеу субъектілері ретінде әрекет етеді. Екінші саты мемлекеттің қо­сы­луын қарастырады. Яғни егер сатушы келіскісі келмесе, шағым Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коми­те­тіне немесе басқа маман­дандырылған органға жібе­ріледі. Мысалы, егер сатушы таразыға артық салмақ қосып қойса немесе интернет-дүкен тауарды жібермесе, онда бұл алаяқтық ретінде есептеледі. Бұл Ішкі істер министрлігіне қатысты жұмыс саналады. Сотқа жүгіну, іс жүзінде, шағымды қараудың соңғы сатысы. Қазіргі таңда сот жүйесі тұтынушылардың мүд­делерін қорғауға барынша ынта танытып отыр. Тұтынушыларға да, бизнеске де және мемлекеттік органдарға да ыңғайлы болуы үшін 2021 жылдан бастап шағымдарды қабылдау мен қараудың e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылған. Күн тәр­ті­біндегі мәселелер жө­нінде «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова және Қа­зақстан тұтынушыларының республикалық қауымдас­тығының және қоғамдық тамақтану қауымдастығының басшылары өз пікірлерін білдірді. Отырыс қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігіне, тех­ни­калық реттеу және метрология комитетіне ұлт­тық стандарттарды оңтайлы мерзімде әзірлеп, оларды рекреациялық, туристік, қонақүй бизнесі салаларында қолдануды енгізуге ұсыныстар жасал­ды. Телекоммуникация ко­ми­тетіне интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшеу үшін тиісті жабдық­тарға өңіраралық байланыс инспекцияларын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау ұсынылды. Қоғамда, күнделікті өмірде тұтынушылар құқығының қорғалуы, сақталуы – аса маңызы мәселе. Айта кеткен жөн, тұтынушылардың ша­ғым­дарын талдау нәти­желері Үкімет жанынан құрылған Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнін­дегі ведомствоаралық ке­ңесте жыл сайын қара­лып келеді. Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі 19 мемлекеттік орган мен 200-ден аса үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қамтиды. Аяулым Жаманқара