ӨНДІРІСІ ӨРГЕ БАСҚАН КООПЕРАТИВ
ӨНДІРІСІ ӨРГЕ БАСҚАН КООПЕРАТИВ
Соңғы жылдары тауық етін өндіру, импортты алмастыру саласында өзгерістер байқала басталды. Ал біздің аудан бұл бағытта алғашқылардың бірі болып отыр. Бұған дейін біз «Eco chiсken» атты бройлер балапандарды өсіру туралы жазған болатынбыз. Жоба өндірістік кооператив түрінде іске асып отыр. Бұл дегеніміз көптеген жеке кәсіпкерлер өзінің кішігірім бройлер фермаларында бірыңғай технология бойынша жұмыс істеп, нарыққа үлкен көлемде тауық етін шығарады деген сөз. Бұл бастама шағын және орта бизнес үшін өте ыңғайлы, мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамыту саясатына сай келеді. Аталмыш жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқандықтан, біз өндірістік кооператив басшысы Талғат Сәрсембаевпен кездесіп, жобаның іске асу барысын біліп қайттық. – Бұл істі қолға алу бұрыннан ойымда жүрген. Біз жері кең, халқының жартысына жуығы ауылда тұратын мемлекетпіз. Еліміздің табиғи-климаттық жағдайы алуан түрлі, ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға ыңғайлы. Ал енді осындай байлығымыз қолымызда тұрған кезде сырттан ет сатып алуды ұят деп санаймын. Әрбір жұмысты бастар алдында негізін қалап алу керек. Сондықтан алдымен жемшөп базасын жасап алу қажет болды. «Қордай жем» компаниясын ашып, мал мен құсқа арналған жем жасай бастадық. Содан кейін құс өсіруге көштік. Жалпы, құс шаруашылығы – табысы мол іс. Қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, өнімділігі жоғары балапандарды алсаңыздар тез өсіріп, тез семіртуге болады. Ал халықтың диеталық етке деген сұранысын ескерсеңіз, етті тіптен тез өткізуге болады, – деп атап өтті кәсіпкер. Кооператив басшысымен емен-жарқын әңгімеміз құс фермаларының бірінде өткен еді. Сондықтан құстарды өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап көруге мүмкіндік алдық. Қасымызда жүрген ферма қызметкерлері барлық технологиясын айтып берді. Құс фермасы 120 шаршы метр (20х6) метр аумақты алып жатыр, бір фермаға 1500 құсқа дейін сыйып кетеді. Құс фермасында барлығы автоматтандырылған, жұмысшыларға арнайы бункерге жемін салып, температурасын тексеріп отырса жеткілікті. Арнайы табақтарға жем мен су автоматты түрде өзі толтырылып отырады. Равиль есімді жұмыскердің айтуы бойынша екі сағат сайын ол фермаға кіріп, жемінің таусылып қалмауын және су түтіктерінің бітеліп қалмауын қадағалап отырады. Құс фермасында арнайы бейнекамера да орнатылған, сол камера арқылы қашықтан да бақылап отыруға болады. Құрамында 5 тауық фермасы бар кешен «Красный партизан» ықшам ауданына жақын жерде орналасқан. Бұл кешеннің жұмысын екі бақылаушы кезекпен қадағалап отырады. – Менің жұмысым барлық көрсеткіштердің бекітілген параметрлерге сай болуын қадағалау. Температура көтерілсе, басқару панеліндегі батырманы басамын, арнайы вентиляторды қосып, ауаны салқындатып, ылғалдандырамын. Кейде су түтіктері бітеліп қалуы мүмкін, соны тазалап қоямын, – дейді Равиль. Құс фермасындағы жұмыс циклдерге сәйкес ұйымдастырылған. Әрбір 45 күн сайын өсірілген құс сойылады. Ферманың өзі осы кезде тазаланып, дезинфекциядан өтеді. Осыдан кейін жаңа балапандар алынып, цикл қайталанып отырады. Талғат Сәрсембаевтың айтуынша, бір жылда 6 цикл өтеді. Бір құс фермасының құны 7 миллион теңге, құрал-жабдықтар қазақстандық, қытайлық және ресейлік өндірушілерден сатып алынады. Оған қоса балапанын, жемін сатып алуға, газ бен электр қуатын төлеу үшін қаражат болуы керек. Қазіргі таңда өндірістік кооперативте 12 мүше бар. Болашақта олардың санын 100 адамға дейін өсіру жоспарланған. Сол арқылы өндірілген өнімді көбейтіп, үлкен нарыққа шығуға мүмкіндік артады. Әрине, бірден қомақты қаражатты таба қою оңай емес, сондықтан кәсіпкерлерге мемлекеттің қолдауы зор серпін берді. Микроқаржылық ұйымдар арқылы 7 миллион теңгеге дейін 2,5 пайыз үстемақымен несие беруге келісті. Бұл үлкен көмек. Қазіргі кезде кооператив мүшелері несие көлемін 20 миллион теңгеге дейін өсіруді сұрап отыр. Жоба облыс әкімінің жеке бақылауында. Тәжірибе сәтті болса облыстың басқа аймақтарына да тарату жоспарлануда. – Негізі бұл тек қана бізге пайда келтіретін жоба емес. Егер біздің кооператив кеңейіп, 100 құс фермасын ашсақ, 45 күннің ішінде 150 мыңға жуық құс өсіре алатын боламыз. Осы құстарға мыңдаған тонна жем қажет болады. Ол жемді біз өзіміздің шаруалардан сатып аламыз. Көп адамның кәсібі өрге домалайды. Мемлекеттік бюджетке қосымша салықтар түседі, өйткені өндірістік кооператив салық төлейді. Егер үлкен көлемде ет шығарып, жақсы танылып жатсақ, ірі сауда желілеріне шығып, өнімімізді соларға өткіземіз. Қазіргі кезде шығаратын өнім аз болғандықтан, олар бізбен жұмыс істегісі келмейді. Айтпақшы, алғашқы кезде біз 500 тауықты өткізе алмай әуре болған едік. Қазіргі таңда 20 мыңын өткізіп жатырмыз. Әрине, мұның барлығы үлкен еңбектің нәтижесі. Біздің кооперативтің өнімдерінің барлығы бірыңғай «Бастау» брендімен шығып жатыр. Қордайда өзіміздің фирмалық дүкеніміз де бар, – деді кооператив басшысы Т.Сәрсембаев. Бүгінгі таңда кооператив мүшелері мемлекеттік органдармен белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Кооператив мүшелері өнімін мемлекеттік мекемелер тарапынан сатып алуға ықпал етуді сұрап жатыр. Егер осындай қолдау болса, өндірісті ұлғайтып, импортты ығыстырамыз деп уәде беріп отыр.
Сергазы МАНАСБАЕВ, журналист. Қордай ауданы